Құдияр БІЛӘЛ
«ЭМИГРАНТТЫҢ» ЖАЛҒАНДЫҚҚА ҚҰРЫЛҒАН ХАТЫ
(Мұхтар Мағауинға жауап)
Телефонда маза жоқ. «Оқыдың ба?» дейді хабарласқандар. Иә, оқыдық. Тағы бір дауға жол салыныпты. Бұдан… Иә. Шыңғыс хан қызық еді. Мынау… Мақалаға келмейді. Арыз деуге… Көңіл қоңылтақсыды. Тышқаншылап кеткені қалай деген де ой келді. Өсекке бейімділік табиғатында жоқ сияқты еді. Жаптым жаланың да өз реті бар емес пе?!
Айтпағымызды басынан бастайық. «Қазақ әдебиеті» газетінде (01.07.2016ж.) және әлеуметтік желіде, сайттарда, жеке парақшаларда М.Мағауиннің «Жоқ өгізбен шайқас» атты үшбу хаты (осылай дегенді жөн көрдік) жарияланыпты. Үшбу хат өзінің мәңгілік оппоненті М.Шахановқа қарата жазылыпты. Жазылғанда қалың көпшілік баяғыда қабылдап, ақиқаттығы әйгіленіп қойылған Мұхаңның өмір жолындағы кей мәселелерді өзінше саралап, тосын долбарлар жасапты. Қалай болғанда да бұл М.Шахановтың туған күніне орай жасалған тосынсый болды. Мұхаң бұл жолы да туған күніне орай әке-шешесіне құран оқытатын дағдысынан жаңылмай, ағайын-туысқа дастарқан жаю үшін Қасқасуға кеткен болатын. Содан кейін-ақ жүрегі сыр беріп, Шымкент ауруханасына түсті. Сондықтан мұхиттың арғы жағынан жеткен «сәлемдемені» және соған орай жүзбе жүз де, телефонмен де айтылған көпшілік пікірін біздің бөлісуімізге тура келді. Және де мәселені жетік білетін адам ретінде де қолға қалам алуға құқылымыз деп білдік. Бәрінен бұрын тұтанғалы тұрған тағы бір дауды өршітпей, алдын алғымыз келді.
Бұрынғы дау… Иә. Шыңғыс ханды айтамыз. М.Мағауин мен М.Шахановтың текетіресі сонау бір жылдары бүкіл ақпарат құралдарының күнделікті беташар сөзіне айналып еді. М.Мағауин Шыңғыс ханды адамзаттың абзалы ретінде мәңгілік даңқ тұғырына қондыру үшін ерекше қажырлылық танытқан болатын. Алайда ол қажырлылық астарында жеке мүддені көздейтін құпия сырлар жатқандығы да кезінде ортаға шыққан. Ол кісінің бүгінгі қалам сілтесі де сол кезде «бүгілген саусақ» сырларымен үндесіп жатқандай әсер қалдырады. Ол туралы сөз соңында айтамыз. Көпшілікке ұғынықты болу үшін әуелі «Шыңғыс хан дауына» қысқаша шолу жасай кетелік. Ол да «Қазақ әдебиеті» газетінен бастау алған болатын. Көне естеліктер былай дейді:
«…Расул Ғамзатовтың үйіндегі қонақасы үстінде әңгіме ойда-жоқта Шыңғыс хан төңірегіне ойысты.
– Шыңғыс Айтматов екеуің жазған, «Труд» газетінде жарияланған Шыңғыс хан туралы эсселеріңе орай Улан-Удэде бас қосқан жүзге жуық ғалым екіге бөлініп сайысыпты ғой, – деді Расул бір топ қонақтардың көзінше.
– Иә, сондай «бақытқа» ие болдық, – дедім мен күліп. – Бұған қоса «Жазагер жады космоформуласынан» өрбіген осы Шыңғыс хан дауына тек Қазақстанның өзінен 80-ге жуық газет-журнал араласты. Күнде таңертең қай газет қандай сын айтар екен деген үреймен оянып жүрдім. Әрине, «Шаханов шығармасында мына образды шығара алмапты, немесе мына жерінде тарихи шындықтан ауытқыған» десе оған риза боласыз ғой. Негізгі айтатындары «Шыңғыс хан біздің бабамыз екен, монғол емес, қазақ екен, сондықтан ұлы бабамызды жауыз, қанішер етіп көрсету әділеттілік емес» деген пікірдің айналасында. Шыңғыс Айтматов маған болысып еді, әлгі топ оған лап қойды. Олардың ұғымынша, Айтматов орташа ғана жазушы екен және шығармаларындағы өзекті мәселелердің бәрін қазақ жазушыларынан ұрлап алыпты-мыс. Қойшы, әйтеуір айтпағандары жоқ. Мына қызыққа қараңыз. Айтматов екеуміз бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты эссе кітаптың Мұқабасына тау баурайында үй ешкісінің мүйізінен ұстап түскен суретіміз берілген еді. Бір шыңғысханшы жазушы соны келемеждеп: «Ешкіде төрт аяқ бар. Мына екеуінде де (Айматовта екі, Шахановта екі) төрт аяқ бары рас. Енді бұлардың ешкіге қаншалықты жақындығын дәлелдеу ғана қалып тұр. Яғни, «екеуінің малдан озған жері шамалы» деген пікірге апарып тірейді.
– Сұмдық екен. Сенің «Жазагер жады космоформуласы» атты туындыңды бір ел Нобель сыйлығына ұсынғанда қазіргі Шыңғыс хан дауын Қазақстандағы өз қарсыластарың өрбіткенін мен Айтматовтан естігенмін, – деді Расул.
– Шығармаңның ЮНЕСКО шеңберінде қаралып, әлемнің басты-басты тілдеріне аударылуы айналаңдағылардың неге пендешілігі мен қызғанышын оятпауы керек? Менің де бұл салада аз пүшайман тартпағанымды білесің. Ең бастысы, рухың құламасын. Сен одан да мынаны айтшы. Қазақстандағы Шыңғыс хан ұрпақтарының қазіргі жай-күйі қалай?
– Егер тарихқа жүгінсек, Шыңғыс хан 900 қала мен қала тектес елді мекендерді қиратқан. Соның 26-сы Қазақстанға тиесілі – дедім мен. – Рас, Шыңғыс хан, теңдесі жоқ дара қолбасшы. Оның әскери стратегиялық өнері өзінше бір ғылым. Бірақ, осы тиранның сан миллион жазықсыз адамның қанын төккенін жоққа шығаруға бола ма? Тіпті, мұсылман дінінің жолбасшы кітабы «Құран-Кәрімде»: «Егер біреу жазықсыз өзге бір адамның қанын төксе, бүкіл адамзатты өлтіргенмен барабар» деп жазылған. Осы тұрғыдан алып қарағанда да Шыңғыс ханды түбегейлі ақтап алу идеясында гуманистік негіз жоқ. Жарайды, бұл жағын доғара тұралық. Ең қызығы мынада. Шыңғыс хан жаулап алған әр елді мекенге өзінің бір өкілін және оған адал қызмет ететін төлеңгіт (қызметші) қалдырып отырған. Өкілді төре (бастық) деп атаған. Бірте-бірте олардың қазақ жеріндегісі қазаққа, өзбек жеріндегісі өзбекке, татар жеріндегісі татарға айналып кеткен. Кезінде сол төрелер ел арасында өз бедел-парқын арттыру үшін мынадай тәсіл қолданған. Бір жас жігіт үйленетін болса, оның келіншегі өзінің бірінші түнін төремен өткізіп шығуға тиіс болған. Өйткені, төре Шыңғыс ханның тікелей өкілі, қасиетті адам, «алтын ұрпақ», «алтын ұрық» саналған. Ал ол қасиет ұрпаққа әйелдің жатыры арқылы ғана енеді-міс. Бірте-бірте төрелер ерекше сұлу қыздарға ғана назар аударған. Сонда кейбір даңғой еркектер «менің сүйікті жарым өзінің бірінші түнін төремен өткізді, ал сенің әйеліңе төре тіпті назар да аударған жоқ қой» деп мақтанған. Кейіннен төрелердің бұл қылығын төреден шыққан атақты қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың өзі қатал сынға алған. Ең ғажабы, төреден қазаққа түбегейлі сіңіп кеткен Абылай хан да, Кенесары хан да, даңқ тұғырына өткен ғасырдың басында көтерілген Әлихан Бөкейханов секілді дара тұлғалар да қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауға жанын салды. Оларды қадірлемеу мен бағаламау үлкен әділетсіздікке апарар еді. Бірақ, қазіргі Шыңғыс хан төңірегіндегі дау-дамайдың отын үрлеп жүргендер де сол төре ұрпақтары екені айқындалды. Шыңғыс ханды әлдекімдердің қолы арқылы қазақ етуге жасырын түрде күш салып жатқандар да солар».
(«Желтоқсан эпопеясы», 426-бет)
Міне, Шыңғыс хан дауының жалпы нобайы кезінде осы үзіндіде көрініс бергендей өрістеген болатын. М.Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғысханның пенделік құпиясы) атты шығармасынан бастау алып, халықаралық деңгейге дейін көтерілген бұл дауға араласқан адамдардың пікірін жинақтап бастырар болсақ, шынында да 20 томнан асып жығылған болар еді. М.Мағауиннің «Ешкі жетектеген екеу» атты шағын хикаятқа барабар мақаласында барынша ғайбатталып, жазушылығы жоққа шығарылған Шыңғыс Айтматов бұл дау-дамайда Мұхаң айтқандай, «нағыз еркектік мінез» танытты. Ол дауды М.Шаханов өз өлеңінде былай түйіндейді:
«…Қанға бөлеп, қорласа да көп елді,
Қиратушы қорғаушыдан беделді,
Міне, құлдық сана бізге не берді?..»
Алайда бұл дауға әлі күнге дейін ауық-ауық үн қосып қоятындар бар. Қарыстата, сүйемдете жүріп Шыңғыс ханның туған жерін Алматының төңірегіне алып келдік. «Шыңғысханшылар» оның қазақ екендігіне шүбәсіз иланғандай болып еді, енді қай ру жасаймыз деген мәселе алға шығып, қазір олар өзді-өзі айтыса бастады. Бұл тақырыпта айтарын айтып, қалғанын өзгелердің ар таразысына қалдырған М.Шаханов өз сөзінде тұрып, Шыңғыс хан тақырыбына кейінгі жылдары мүлде қалам тартқан емес.
Шыңғыс хан дауының қалай басталып, қалай өрістегендігі оқырмандарға түсінікті болу үшін келтірген қысқаша мағлұматымыздың соңын Шыңғыс Айтматовтың тікелей басшылығымен 2003 жылы «Пенделік адасулардан – адами тазаруларға» деген атпен Біріккен Ұлттар Ұйымына, ЮНЕСКО-ға, Дүниежүзі мемлекет басшылары мен қоғам қайраткерлеріне арналған хаттан үзінді жариялаумен түйіндегенді жөн көріп отырмыз.
«…Біз барлық мемлекет басшыларын, әлемдік мәдениет пен ғылым қайраткерлерін қатыгездік пен зұлымдықты насихаттаудан, ең бастысы, билеуші-тирандарды ақтап алу мен мадақтаудан бас тартуға, өмірдің түрлі салаларындағы рухсыз сыбайластықты жою және гуманизмнің бағалы ұғымдарын бекітіп, рухани адамгершілік идеяларын қызу қолдауға шақырамыз. Тек осылай күш біріктіргенде ғана біз белгілі бір дәрежеде жосықсыз дәріптеле бастаған рухсыздық басқыншылығына төтеп бере аламыз.
Ханс-Петер Дюрр,
Нобель сыйлығының лауреаты (Германия)
Евгений Евтушенко (Ресей)
Шыңғыс Айтматов (Қырғызстан)
Фридрих Хитцер (Германия)
Расул Ғамзатов (Дағыстан)
Давид Кугультинов (Қалмақстан) т.б…»
Кезінде бүкіл әлем жұртшылығының назары ауған бұл даудың соңғы нүктесі осылай қойылса да, М.Мағауин Мұхаңа ауық-ауық тас атып қояды. Әуелгіде мына үшбу хат та сол ескі дауды қоздыру үшін жазылған шығар деген ойда болғанбыз. Бақсақ, бақа екен демекші, бұл хат тіпті сорақы екен. Тырнақ астынан кір іздеді деуге де келмейді. Қып-қызыл жала. Біріншіден, Мұхаңды билікпен сыбайлас адам сияқты көрсетуге тырысады; екіншіден, Мұхаңның Испанияның Барселона қаласында өгізбен жекпе-жек сайысқа шыққанын жоққа шығарады; үшіншіден М.Шаханов өлеңдерін шетел жұртшылығының жатқа оқитындығына сенгісі келмейді; төртіншіден, Б.Момышұлы мен М.Шаханов арасында тілге байланысты өрбіген әңгіменің шынайылығына күмән келтіреді; бесіншіден, М.Шаханов Желтоқсан оқиғасының шындығын Қ.Мырзалиевті күстәналау арқылы бүркегісі келді дегенді айтқысы келеді. Біз жай ақпарат ретінде мағлұмат бердік. М.Мағауин болса, мұның бәрін өзіне тән шеберлікпен, әжуә-келемежбен тұздықтай отырып майын тамыза жеткізеді. Жә, бәрін ретімен айтайық.
М.Мағауин эмигрант болған соң (өзі осылай айтқанды ұнатады-ау деймін) көп нәрсені білмейтін сияқты. Болмаса М.Шахановтың қасында жүрген қаншама жылдардан бері биліктің ол кісіге оң пейіл танытқанын байқаған емеспіз. Ресми баспасөз, өзге де ақпарат құралдары М.Шахановтың өмірде бар екенін мүлде ұмытқан. Тіпті, әндеріне де бұғаулық салынған. Шүкіршілік ететініміз, әзірге әлеуметтік желіге тоқтау жоқ. М.Мағауин М.Шахановқа соның өзін көп көретін сияқты. Қашанғысындай ғалымдық тиянақтылықпен Мұхаң шығармаларының ғаламторда қанша рет жарияланғандығын санамалап шығыпты. Мынандай шікәмшілдіктен кейін ол кісі Шыңғыс ханды қай кезде жазып жүр деген ойдың келгенін несіне жасырайық.
Мұха, сіз М.Шахановты қолдайды дейтін билік М.Шаханов басқаратын «Жалын» журналын қаржыландырмай қойды. Жылда 6–7 айлап жалақы алмайтын болдық. Біз сіз сияқты жалақы алмаса да Америкада тұратын шалқыған дәулет иесі емеспіз. Әйтеуір ел іші. Ілдәбайлап жүріп жатырмыз. Оның үстіне бізде кризис. Сіздің елде ол жоқ қой. Айтпақшы, сіз жақсы көреді деп ойлайтын билік М.Шахановтың шығармашылық кешін де өткізбей қойды. Билеттер сатылып кетіп еді. Бірақ билік илікпеді. М.Шаханов сонда да өз ұстанымынан қайтпай, «Жерді сатқызбаймыз да, жалға да бергізбейміз» деп сіресіп тұр. Алайда сіз мұны да, Мұхаңның өзге де қайраткерлік іс-әрекеттерін де жоққа шығарып, күлкіге айналдыруға тырысып бағыпсыз. Әлде сіз ерлікті шекара асып кету (қашып кету дегенге тіліміз бармады) деп ойлайсыз ба?!
Жә, тақырыпқа ойысайық. Шынымды айтсам, сіздің «өгізіңізге» көңілім толмады. Көк өгізді, жалпы сіз, дінді онша қолай көрмейсіз ғой. Өз ойыңызды ылғи Тәңірмен бүркейсіз. «Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным» демекші, мұсылмандар әспеттеген көк өгізді орағытып-ақ кетуіңіз керек еді. Ол ой ұғымы сіз ойлағаннан әріде жатыр ғой. Бекер-ақ күстәналадыңыз.
Ал М.Шахановтың «өгізіне» келсек, сіз оны «жоқ өгіз» деп айтасыз. Иә, сіздің ойыңызды айшықтайтын сәтті тақырып. Бірақ тақырып үшін көзі қарақты оқырманның бәрі білетін шындықты жоққа шығаруға болмайды ғой. Бұл туралы баспасөз беттеріне сан рет жазылды. Сіз жоққа балаған өгіздің де суреті жарияланды. Ол оқиғаның қалай болғандығын Мұхаңның өзі айтсын.
«1982 жылы маған Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Сол кезде Бүкілодақтық лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Орталық комитетінің арнайы қаулысымен бірнеше елді кемемен аралайтын сапар ұйымдастырылды. Ақын-жазушылар арасынан бұл топқа мені ғана ендіріпті… Сонымен, бірнеше күн саяхат шегіп, алдымен Италияға, сосын Испанияның Барселона қаласына келіп тұмсық тіредік. Содан бәрімізді қала орталығындағы стадионға алып барды. Бұл арада жұрт, негізінен, өгізбен жекпе-жекті тамашалайды екен. Едәуір уақыттан кейін біреу шығып: «Сіз¬дердің араларыңызда өгізбен айқасқа түсер талапкер бар ма?» – деп сұрады. Стадионда біздің 700 адамнан бөлек, басқа жақтан да кемемен, өзге көліктермен келген саяхатшылар жетерлік екен. Ешкім тіл қатпады. Ана жігіт екінші, үшінші рет дауыстады. Ешкім қозғала қоймады. Сол сәтте желке тұсымда отырған бір әйелдің «Біздің арамызда еркек кіндік мүлде жоқ екен-ау» деген сөзіне намысым қайнап кетіп, алаңға секіріп түстім…
Жекпе-жекті ұйымдастырғалы тұрған жігіт қолыма қызыл матаны ұстата салды. Бұрын теледидардан қызыл шұғаны қалай ұстап, өгізді қалай алдау керектігін бірнеше рет көргенім бар. Әдетте қызыл мата өгіздің қанын қайнатып, жынын келтіреді екен. Теледидардан көргенімді жасамаққа бекіндім. Бір уақытта тайынша өгізді босатты. Ол көзін аларта маған қарай ұмтылды. Мен қолымдағы матаны біресе оң жағыма, енді бірде сол жағыма ұстап, өгізді алдап тұрдым. Зеңгі баба ұрпағы өршелене, ызалана бастағандай. Қызыл матаны тастай салып, қашып кетейін десем, еркектік намысым жіберер емес. Олай ету нағыз масқаралықтың көкесі болары хақ. Қысылғаннан терлеп кеттім. Бірте-бірте тәуекелге бел буып, ақырына дейін шыдауға серт еттім… Жұрттың бәрі маған ерекше құрметпен қарап, шулап, шапалақ соқты. Нақ бір ұлттық батырдай қошемет көрсетіп, қызық болды…»
(«Аңыз Адам». №12, 2012ж).
Осылайша өрбіген шындықты сіз өз хатыңызда былайша әжуалайсыз:
«…Қызық емес, шыжық болды. Шахаңнан кейін Өгіз-сайысқа шыққан татар жігіті қанша дегенмен, біздің кісідей ептілік көрсете алмай, өткір мүйізге ілініп, қатты жараланады. Әйткенмен, «жарақат алғанына қарамастан, өгізді мүйізінен ұстап, жерге атып ұрды». Осыдан соң, «нағыз еркектік көрсеткен» татар жігітін емханаға алып кетеді. Шыжық емес, сұмдық болыпты».
Біз бұл әңгімені Мұхаңның аузынан сан рет естігенбіз. Айтпақшы, өгізден жарақат алған татар жігіті қай жылы редакцияға келіп, Мұхаңа сәлем беріп кетті. Бұл әңгімені сол кісінің аузынан да естідік. Ол жігіт Мұхаң жазғандай аса ірі де емес екен. Бәлкім, шау тартқан кезін көрген соң сондай ой келген шығар. Бірақ арада қанша жыл өтсе де, Мұхаң өгізбен қазір ғана жекпе-жекке шығып келгендей құрмет көрсетіп отырды. Татар ағайындар сіздің мына айтқаныңызды естімесін. Естісе қазақтан көңілі қалып жүрер.
Мұха, әлгі үшбу хатыңызда өзіңіздің Америкаңызды, сосын шетелдің өзге аймақтарында болғаныңызды тілге тиек етесіз де «Ешкім көшеде М.Шахановтың өлеңдерін жатқа айтып жүрген жоқ» деп таң қаласыз. Сонда сіздіңше қала көшелерінде әртүрлі шаруамен жүрген халық тұра қалып өлең оқи беруі керек пе?! Алайда сіз М.Шахановты шынында да жете танымайды екенсіз. Әлде өтірік білмегенсисіз. Біз күнделікті көріп жүрген соң айтамыз. Қазақстанда Мұхаңның өлеңін жатқа айтпайтын адам кемде кем. Тіпті 3–4 жасар бүлдіршінге дейін былдырлап, Мұхаңның өлеңін оқиды. Ол бізде қалыпты жайтқа айналған. Ал М.Шаханов болса «Мені өзімізден гөрі шетелдіктер қатты құрметтейді» дейді. Мұхаңның өзіне кезек берейік:
«…Германияның бір қаласында неміс көрермендеріне арнап спектакль қойып жүрген белгілі қазақ режиссері Болат Атабаевпен жолықтым. Неміс тілінде сөйлегенде немістің өзін жаңылдыратындай парасаты бар Болат бауырыма бұл елдің көрермендері зор құрметпен қарайтынына көз жеткіздім. Ол біз өткізген кездесуге де қатысты. Көп жыл өткен соң «Жас Алаш» газетінде Жанболат Мамайға берген сұхбатында (27 тамыз, 2009 ж.) Болат Атабаев сол кездесуді былай еске алыпты:
«…Алманның 12 қаласында Шахановпен кездесу өтті. …Мұхтар Шаханов шығармашылығы Отан, тіл, ұлттық рухқа негізделген. Бұл проблеманың бірде-біреуі Германияның күн тәртібінде тұрған жоқ. Алмандар қазақ ақынын қалай қабылдар екен» деп іштей уайымдап жүрдім. Содан, М.Шаханов, оның қасында белгілі аудармашы Фридрих Хитцер келді. Кездесуге қалың көпшілік жиналды. Шаханов өлеңдерін оқып, өз ойын ортаға салғанда алмандардың аузы ашылып қалды. Көздері шырадай жанып, Шахановтың әрбір сөзін ыждағаттылықпен тыңдады. Мұхтар ағамызға сонда тәнті болдым. Алманның бір әйелі орнынан тұрып, Шахановқа: «Чего ждали постсоветские страны от Запада после приобретения независимости?» деп сұрақ қойды. Мұхтар Шаханов бұған: «Мы ждали, что получим доступ к чистому ручью развитой цивилизации, но нас подключили к канализации Запада», – деп жауап бергенде, алмандар қыран-топан болды… Ол кісі қазір де билікке маза бермейді. Осындай қайсар мінезі үшін оны ерекше сыйлаймын…»
(«Қырғыз эвересі және мәңгүрттендірудің
егеуқұйрықтық тәсілі», 72-бет)
Біз бұл әңгімелерге де қанықпыз. Ал Пәкістандағы кездесу жайын Пәкістандағы Қазақстанның сол кездегі елшісі Бекжасар Нарыбаев та майын тамыза айтып берген болатын. Мұхаң соның бәрін әңгіме арасында еш мақтанышсыз айта салады. Және де өзін емес, өз өлеңдерін жатқа айтқан өзге ел халқын жоғары бағалап отырады. Шетелден көрген құрметін өз елінен көре алмағанына қынжылыс білдіріп, көңілі қоңылтақсып та қалады. Ал сіз, Мұха, аттасыңызға шетел халқы құрметін де қиғыңыз келмейді.
Өзімізге ойысайық. Мұха, біз сіздің тегін адам емес екеніңізді жақсы білеміз. Қаламыңыз да әлі қалпында. Ойыңыз да ұшқыр. Ұлыларда болады дейтін аңғалдық бірақ сізде жоқ. Ал қулық айтулы тұлғаларға тән бе, жоқ па оны білмедік. Сіз үшбу хатыңызда М.Шахановты қазақтың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлының атақ-абыройы арқылы тұқыртып алғыңыз келеді. Ештеңе таппаған соң сөз ойнатып, ағайын намысын қамшылауға тырысып бағыпсыз. Біз бұл әңгімені де Мұхаң аузынан талай рет естігенбіз. Ол әңгіменің баспасөз бетін көрмеген біраз құпия жақтары да бар. Мұхаң Баукеңе өлең арнаса, Олжекең айтпақшы, тауларды аласартпай, өзіне лайық құрмет биігінде көрсетіп отыр. Көңіліңізге келсе де айтайық, қанша шебер болсаңыз да бұл шағылыстыруыңыз сәтті шықпаған. Мұхаңның өзіне сөз берейік:
«– Ал, Бауыржан Момышұлы туралы кітапқа енбеген, яғни, сәл ыңғайсыздау тимесін деген ниетпен бүгіп қалған екі естелігім бар еді, – дедім мен. Реті келген сұраққа орай соның бірін назарларыңызға ұсынайын: Бірде маған Баукең телефон соқты. Өйткені, екі күн бұрын Лермонтов атындағы орыс драма театрында өткен бір жиында үй телефонымның нөмірін жазып алған еді. Неге екенін қайдам, ол әңгімесін бірден орысша бастады.
Мен Баукеңнің сөзін бөліп:
– Сіз кімге телефон соғып тұрсыз? – дедім.
– Я звоню Мухтару Шаханову, – деді ол даусын көтеріп.
– Мұхтар Шаханов орыс ұлтының перзенті ме еді? – дедім мен қызынып. – Өзіңіз қаншама жылдардан бері қазақ халқының салт-санасын, дәстүрін, тілін сақтау жайлы жүйелі әңгімелер айтып келесіз. Сөйте тұра өз ана тіліңізді менсінбес мінез танытасыз, қазақ азаматына орыс тілінде тіл қатасыз. Сөзіңіз бен ісіңіздің арасында екі жарым шақырым айырмашылық бой көрсетіп тұр… Сау болыңыз!
Осылай дедім де телефон тұтқасын тастап жібердім.
Жарты минут уақыт өтер-өтпестен Баукең қайта телефон шалды:
– Мұхтар, кешір айналайын, – деді ол салиқалы үнмен. – Әскери тәрбие, әскери психология және ондағы орыс сөзінің қуаты бүкіл санамды жаулап алған. Кейде қазақша сөйлеп тұрып та орыс тіліне ауысып кете беремін. Орыстандыру саясаты біздер арқылы зор табысқа жетті. Ұлттық құндылықтарға жүрдім-бардым қарап, ит боп кеттік қой. Сының өте орынды және одан шама-шарқымша қорытынды шығаруға уәде етемін!
Сол тұстағы аға, ата буын саналатын ақын-жазушы қауымы өкілдерінің басым көпшілігі өз қатесін мойындауға құлықсыз болатын. Бауыржан Момышұлының рухани тазалығы және тоталитарлық жүйе қалыптастырған өз ағат ісін батыл мойындап, ағынан жарыла кешірім сұрауы, менің ол кісіге деген ықыласымды онан сайын қанаттандыра түсті…».
(«Қырғыз эвересі және мәңгүрттендірудің
егеуқұйрықтық тәсілі», 111- бет)
Бұл оқиға кейін Мұхаңның «Жеңіліп тұрып жеңілмеу немесе Бауыржан Момышұлының кешірім сұрауы» атты жырына да арқау болды.
Қадыр ағамызға да жеттік-ау. Мұха, сіз тарихқа жетік адамсыз. Тарихи шындықты бұрмалауға болмайтынын сіз тіпті жақсы білесіз. Ал желтоқсан оқиғасы біздің тарих қой. Мұхаңның оны өз қалауымен жазып шығуына ешқандай да қақысы жоқ. Оның үстіне шындықты бұра тарту М.Шахановтың «Кім ақты ақ, қараны қара деп айта алмаса, сөзі басқа, ісі басқа болса, елдік-ұлттық мүддеге терең тамыр жібере алмаса, жүз жерден үлкен жазушы, үлкен ақын, үлкен ғалым, үлкен саясаткер болсын – оның құны көк тиын» деген ұстанымына қайшы келеді. Сіз сыртта жүрген соң сол желтоқсанға байланысты қаншама қоғамдық ұйымдардың бар екендігін білмейтін шығарсыз. Егер М.Шаханов өзі жазған үш томдық «Желтоқсан эпопеясында» шындықты Қадыр ағасының ыңғайына қарай бұрмаласа, әлгілердің бәрі өре түрегелген болар еді. Олардың ішінде биліктің ыңғайымен М.Шахановты атуға оқ таппай жүргендер де аз емес. Ал сіз М.Шаханов желтоқсан оқиғасының ақиқатын Қ.Мырзалиевті күстәналау арқылы бүркегісі келді дегенді айтқыңыз келеді. Ал мәселені байыптай таразыласаңыз, М.Шахановтың Қадыр ағасын ұдайы қорғаштап отырғанын аңғарар едіңіз. Сөйте тұра шындықты алға шығару, М.Шахановқа тән шеберлік. Мұхаңның өзіне сөз берейік:
«…Мені таң қалдырған, әрі рухани арнамнан шығарып жібере жаздаған – А.Васильевтің хаты еді. Соңғы комиссия өз жұмысын бастаған және аяқтаған кезең аралығында Қадыр Мырзалиев күнделікті өтіп жатқан сансыз жиынға қатыспақ түгілі, тым құрыса бір рет те бой көрсетпепті. Ал, біздің комиссия ісін жоққа шығарғысы келген МҚК, ІІМ және Прокуратура қызметкерлерінен құрылған топпен Қадыр ағамыздың жолыққаны және оларды қолдағаны маған төбемнен жай түскендей әсер етті.
Хатты оқыған комиссия жұмысшы тобының мүшесі, Желтоқсан қайраткері Аманжол Нәлібаев: «Мырзалиевтің жақсы ақын екендігінде дауым жоқ, бірақ, мынау ісі нағыз сатқындық қой» деп орнынан тұрып кетті. Сосын, маған шүйлікті: «Баяғыда, медициналық институтта, студенттермен кездесуде Қазақ КСР Прокуроры Елемесов екеуі бір-бірін ашық түрде қолдап, «алаңға шыққандардың көпшілігі нашақорлар, маскүнемдер, бұзақылар екені рас. Бұл туралы КОКП Орталық комитеті Саяси Бюросының шешімін жоққа шығаруға болмайды» деп пікір айтқанда, біз бір топ желтоқсаншылар, оның үйіне барып, есік-терезесін қиратып қана қоймай, өзін де сабамақшы болғанымызда: «Үлкен ақын ғой. Бір жолғы пенделігін кешіріңдер!» – деп орындығыңызды есіктің алдына қойып отырып алғаныңызды ұмыттыңыз ба? Енді міне, комиссияның бүкіл ұлт рухын көтерер, шындық жолындағы игілікті ісін, беті бүлк етпестен билікке қайта сатып отыр…»
Аманжолдың маған қойған кінәсі дұрыс. Қадыр Мырзалиев шын мәнінде қазақ әдебиетінің классигі. Оның жырлары қазірдің өзінде тарих сахнасынан орын алып отыр. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ішінде менің тұңғыш кітабымды Төлеген Айбергенов Алматыға алып барып, Қадыр Мырзалиевтің көмегімен жеке кітап етіп бастырып еді. Кейіннен Қадекең екеуміздің арамызда жақсы бауырластық өрбіді. Мен ол кезде Шымкентте тұратынмын. Қадыр аға екі-үш рет Алматыдан Шымкентке келіп, біздің үйіміздің сыйлы қонағы болып кеткені бар-ды. Сол сапарында оны ұлымен бірге Отырар ауданына, кейіннен Төле би ауданының Қасқасу ауылында тұратын Ізет әпкемнің үйіне апарып, аптаға жуық қонақ еткенмін. Қасқасу өзенін және ол маңдағы ең көркем жер «Бүркітұя» аумағын аралап жүріп, екеуміздің арамызда өзгеге айтыла бермейтін қаншама сырлар, әдебиет, поэзия және заман туралы ой-пікірлеріміз бірлесе қанат қағып еді. Бірде Қадыр аға әйелі Салтанаттың жиі науқастанатынын, сондықтан жаңа туған баласына қарау жұбайына едәуір қиындық туғызып жүргенін айтып, қолымда тұратын әпкемнің кенже қызы Қалампырды бір-екі ай мерзімге Алматыға жіберуімді өтінген болатын. Бұл да арадағы көңілжықпастық пен бауырластықтың бір белгісі болар, Қалампыр Қадыр ағамыздың балаларын қарап, Шымкентке тоғыз айдан кейін оралды. Міне, осындай жақындыққа нүкте қойған, екеуміздің арамыздағы рухани бауырластыққа сызат түсірген Желтоқсан көтерілісі төңірегіндегі көзқарасымыз, яғни, бізді күтпеген жерден екіге бөлген халық пен билік аралығындағы текетірес мүдделер еді. Егер Қадекеңді билік басындағы кейбіреулер өзіне бұрып алмағанда, екеуміз де бірдей ұлт мүддесін ту етіп көтергенімізде, Желтоқсан рухының жұлдызы қазіргіден әлдеқайда биік белестен жарқырар еді…»
(«Желтоқсан эпопеясы», 851-бет)
Айтпақшы, сөз басында уәде еткен «бүгілген саусаққа» қайта ойысайық. Кей сарапшылар дәл аңғарғанындай М.Мағауин ылғи да М.Шаханов сәтті бір қадам жасағалы тұрған кезде бүйірден келіп килігеді. Шыңғыс хан дауы, шын мәнінде, М.Шахановқа Нобель сыйлығын бергізбеу үшін билік тарапынан жасалған жоспарлы саясат еді. М.Мағауин ойда-жоқта соның белді ойыншысына айналып шыға келді. Нәтижесі… Иә. Бүгінгі америкалық мамыражай өмір. Ал мына үшбу хаттың тура жер дауына дәлме-дәл келуі қайта қайталанған тарихтай әсер қалдырады. Сізді ондай ұсақ пендешілікке қимасақ та, Америкадан жеткен тосын сый еріксіз солай ойлауға жетелейді. Жә, осымен тәмам. Әдептілік өлшем деңгейінен шығып кетпеуге барынша тырыстық. Шамалы өрекпігендей болсақ, ғапу етерсіз.
Оригинал статьи: Трибуна — Республиканская общественно-политическая газета / tribunakz.com