«Түйін-түйін сырыңды, түбінде келіп шын ашар». Билік биігіндегі шенділерді шындықтың шыңына шығарып көрсек, қай қайсысы болмасын, жемсауын жемқорлықпен толтырған кәдімгі ұры кейпіне түсетіні анық.
Біреуі де «сау сиырдың жапасы» емес, бірінен бірі өтеді. Тіпті, бұлардың тірлігі «кім қанша қарпып қалады» деген жемқорлық жарыста жүргендей әсер қалдырады. Әрине, саналарына елді көркейтсек, Қазақстан халқының мұрат-мақсатын орындасақ деген ой кіріп те шықпайды. Автократтың режимін тіреп тұрған кілең клептократтар. Солардың бірі – Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми.
Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылында туған. Совет заманындағы Мәмиевтің фамилиясы кейін Мәми болып қысқарған. Есесіне, «қолы ұзарған». Саяси санасы шамалы адам ретінде танымал. Соған қарамастан, биік «самғауына» мүмкіндік беретін қасиеті бар – бұл да бірінші президенттің туысы, Назарбаевтың нағашы жұртынан. Былайша айтсақ, жақын туысқаны. Жиен ағасының «жақсылығын», жан-тәнін бере, ақтап жүрген пенде.
ӨЗГЕШЕ ПІКІРІ БАРЛАРДЫ ҚУДАЛАУ
Қайраттың алғаш көзге түскен кезі – желтоқсандықтарды қудалау кезеңі. Оның ол заманғы қызметі туралы алматылық мұғалім Жансая Сәбитованың 1998 жылы жарыққа шыққан естелік кітабында жазылған. Жансая 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты репрессияға ұшыраған болатын. «Антисоветтік» баппен түрмеге отырып шыққан. 1989 жылы Колбин билігі әлсірей түсіп, мұғалім қыз қапастан шығады. Алайда, бірнеше жыл бойы ақтала алмай әуреге түседі. Осылай «тар жолда тайғақ кешіп» жүрген жанды сол кездегі Жоғарғы сот коллегиясының төрағасы Қайрат Мәми «сайқымазақ»(«комедиантка») деп әжуалайды. Жансая, өз естелігінде, тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы сотында совет кезеңінде өзін, жалған жаламен, түрмеге қамаған судьялардың бәз қалпы билік құрып отырғанын көріп, таң қалғанын жазады.
Қайрат Мәми мансап жолында маңдытып сөйлеп көрмеген кісі. Жарыққа шығып, елмен пікірлесіп, ойын айту – Қайратта жоқ қасиет. «Ауызын буған өгіз» дерсің. Дегенмен де, 2011 жылдың желтоқсанында Қайраттың тілі ағытылып, нашар еңбек жағдайы мен мардымсыз жалақыға наразылық білдіріп, митингке шыққан Жаңаөзен мұнайшылары полицияның оғына ұшқан қайғылы оқиғаға қатысты: «Заңсыздық пен қоғам тіәртібін бұзуға жол беруге болмайды. Тәртіп бұзушылар мен оны ұйымдастырғандар қатаң жауапқа тартылып, тиісті жазаларын алады» деп төтесінен қойды. Осылайша, парламент төрінде тұрып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі құрған, тергеу тобының қалайша жұмыс істеуі керек екені туралы алғы шартты нақтылап берді. Бұл – тәртіп қорғаушы орган өкілінің емес, сол кездегі Парламент Сеанты төрағасының ауызынан шыққан сөз. Міне, осындай «алғы сөзден» кейін-ақ митингке қатысқандарды «соттау» басталды. Жауапқа тартылғандардың дені азапталып, ұрылып, соғылды. Олардың 13‑і 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Талайының тағдыры тәлкекке түсті, денсаулығын құртты, жарқын жылдары жалған кетті. Жазалаушы бұл істі Мәми басқарған болуы да ғажап емес.
ПАРАҚОРЛЫҚ ПЕН ЖЕМҚОРЛЫҚ
Жоғағы сотттың мүшесі кезінде-ақ Қайрат Мәмидің пара алғаны әшкереленген еді. Алайда, құтылып кеткен. Ал, кейінірек, осы соттың төрағасы қызметінде отырғанда, ол жұмысқа алған 6 судья жемқорлықтары үшін ұсталып (дандайсып кеткендер параны тура кабинеттерінде ала бастаған), қызметтерінен қуылған болатын.
Осы күндері Мәми тәртіп сақтау жүйесін сырттай бақылап отыр десек те болады. Өйткені кейбір деректерге қарағанда, соттардың «дұрыс шешімі» үшін төленетін ақша құйылатын «қара касса» Мәми мен оның сыбайластарының қолында көрінеді. Сол сыбайластың бірі – Тілектес Бәрпібаев – Нұр-Сұлтан қалалық сотының төрағасы, Қайраттың Жамбыл ауданынан шыққан жерлесі. Жәй жерлес қана емес, Қайраттың «қалтасы», «жетелеп жеткізбекші» болып жүрген мұрагері де дейді, білетіндер. Бәрпібаев Қазақстандағы кез-келген сотқа бір рет телефон шалып-ақ, қандай да болсын істі шешіп тастайтын құзыретке ие. Әлгі Қазақстанға коронавирусты алғаш алып келген осы Бәрпібаевтың отбасы болатын. Европаға ұышып барып-келуі үшін олигарх Бахаридин Аблязимовтың жекеменшік бизнес-ұшағын пайдаланғаны белгілі болған.
ҚАЙРАТ МӘМИДІҢ ҚЫЗДАРЫНЫҢ БИЗНЕСІ
Жоғарғы сот төрағасы және Бас прокурор болған кезінде биік лауазымын пайдаланыа отырып, Қайрат Мәми, ресми түрде Қазақстан «Forbes-інде» көрінбесе де, елдегі ең бай адамдардың біріне айналып шыға келді. Бар ғұмырын мемлекеттік қызметке сарп еткен, «бизнесі жоқ» кезекті миллиардер. Ақпарат кеңістігінде Мәми байлығының негізгі сөлі ұлы Мирас пен қылмыстық жолмен келген қыруар қаржысын заңдастырып отырған, Лондонда тұрып жатқан кіші қызы Эльвираның қолында қомдалған деген хабар да тараған болатын. Дегенмен де, бұл бергі жағы ғана. Мәми шаңырағы мен оның туыстарның бизнесі табысты әрі жан-жақты – олардың иелігінде көптеген кәсіпорын бар, біршамасы Қазақстанда орналасқан. Енді осы туралы түстеп айтсақ.
Мәмидің ресми танылған үш баласы бар. Үлкен қызы Айнұр Мәми – табысты бизнесвумен. Күйеуі – Қазақстанның Нидерланд корольдігіндегі жаңа тағайындалған елшісі Асқар Жұмағалиев. Оған дейін, он жылдан астам уақыт бойы Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі қызметінде отырып, цифрландыру саласындағы мемлекеттік сатып алу жүйесін өзінің жанқалтасы іспетті пайдаланып келген болатын. Ресейде бұл экс-министр өзінің асқан сараңдығымен танымал. «Uzun Qulaq» деректеріне сәйкес, оның тұсында «откат» мөлшері 40 пайызға жеткен көрінеді. Жұмағалиев «заманында» қазақ елі «Живой журнал», «Live Journal» және «Liveinternet» сынды тағы басқа да ондаған интернет сайттарға кіруден құр қалған болатын. 2019 жылдың жаз айларында Қазақстанның 11 миллион азаматының жеке деректері (DarkNet-тегі бұл деректер, әлі күнге, төлеуге қабылетті кімге болса да қолжетімді) «қолды болғанына» қатысты жанжал шықты. Бұдан кейін, цифрландыруға миллиардтар жұмсаған, министрлік пандемия кезінде он-лайн оқуды қамти алмады. Сөйтіп, «жұмағұловша» цифрландырудың «арты» жалаң сөз екені де көрініп қалды – мектептерде болсын, медицина саласында болсын, құжаттардың электронды айналымы болсын түкке тұрмайтынын білдік.
Ал, бұл іске, тек ресми деректер бойынша ғана, 2018–2019 жылдары 41,5 миллиард теңге жұмсалған болатын. Шын шығыны болса, министрлік жариялаған сомадан әлдеқайда артық екені мәлім. Өйткені, «НИТ» АҚ‑ы (қазақшасын білмедім!) 2016- 2020 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу аясында қазынадан 178,8 миллиард теңге алған. Ал, 2018–2019 жылдарда бұлайша бөлінген қаржы сомасы Асқар Жұмағалиев мәлімдеген 41,5 миллиардтан біршама көп – 96,5 миллиард теңгені құрайды. Бұл «цифрландыруға» тағы бір «Азаматтар үкіметі» деген АҚ енеді. Бұл мекеме 2016- 2020 жылдары мемлекеттен жалпы 229,5 миллиард, соның ішінде, 2018–2019 жылдары 111,8 миллиард теңге алған.
Бұлар «ғарышты» да тонаған боп шығады. Астаналық қала бойынша істейтін коррупцияға қарсы іс-әрекет қызметі «Ғарышты Жерден қашықтан зондылау жүйесі» жобасының жүзеге асыру барысын тексере келе, «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ының бұрынғы президенті мен Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасы орынбасарының құзырларын пайдалана отырып, бюджет қаржысын жымқырғанын көрсететін фактілерді анықтаған.
Асқар Жұмағалиевтің жеке өзіне қатсыты және оның орынбасарлары Абылайхан Оспанов, Сәкен Сәрсеновтерге (қаржыны игерумен айналысқан), сонымен бірге, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыны игеру барысында, олармен «жең ұшынан» жалағасқан тұлғалар мен компанияларға қатысты коррупцияға қарсы күрес мекемесі жеткілікті деректер жинап, сот процесін бастап кетуге де дайын отырған. Көтерілген мәселе информатизация дәне цифрландыру саласында, Асқар Жұмағалиевтің басшылығымен, 15 жыл көлемінде қолды болған, кем дегенде, 2 миллиард доллар ақшаға байланысты. Агенттіктің экс-төрағасы Алик Шіпекбаев ұры Жұмағалиевті қамауға алуға тырысқан. Алайда, іске оның қайын атасы Қайрат Мәми араласып, Түркиеде дем алып жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне тікелей шықан көрінеді. Сөйтіп, миллиондаған доллар қаржыны ұрлаған жемқор күйеу баласын «аман» алып қалған. Онысымен қоймай, оны Нидерланд корольдігіне елші қып жіберткен. Бүгінгі Қазақстанның шын кейпі осындай – жемқор отбасы «от басса» да, айы оңынан туады. Ішіп, жеп, ортақ қазынаны тонап, елді қорлап жаста да Назарбаевтар мен оның маңындағыларға кір жұқпайды. Нұрсұлтан құрған демократияның сиқы – ұрының ұртын майлап, жалпы жұрттың еркін байлап қойған. Астанадағы «үкімет кварталының» тұрғыны Асқар Жұмағалиев болса, құдай қосқан қосағымен бірге, жалғанды жалпағынан басты, гольф ойынына құмар «зиялылығымен» танылды, ілгері дамыған сән үлгілеріне, аспаздық өнеріне тәнті болды, әлемдегі ең озық орталықтарда денсаулығын күтті. Шіріген бай болсаң, өмірің де осылай шікірейіп өтеді.
Ал, осындай көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірінің қызы, екіншісінің жұбайы Айнұр болса, өткінші жаңбырдан соң, өре шыққан саңырауқұлақ тәрізді, жаңа мекемелерді тіркеуден шаршамады. Оның белгілі активтерінің бірі – жылыжай кешендері. Міне, ол мекеменің сайты, қараңыздар. 2015 жылы бизнес-бикеш, сол кездердегі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысындағы «Аделя» шаруа қожалығынның 11 гектар жерінде ірі жылыжай кешенін іске қосты. Әрине, бизнесін мемлекеттің көмегіне сүйене отырып жүргізеді. Мысалы, облыс әкімдігі «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында бұл кәсіпорынға газ желісін тегін жүргізіп берсе, Ұлттық «ҚазАгро» холдингі «Агробизнес ‑2020» бағдарламасы аясында 516 миллион субсидия бөлген. Мұнымен қатар, Ақтөбеде «Greenhouse Kazakhstan» ЖШС және «Izet Greenhous» ЖШС –інде тұқым алып, көшет өсіретін кәсіпті де бастап кетті. «ҚазАгро» қарап қалсын ба – компанияға 4,2 миллиард теңге мөлшеріндегі заемды жеңілдікпен бөліп берді. Ал, облыс әкімдігі, «Бизнестің жол картасы ‑2020» бағдарламасы бойынша, кешенге қажет газ, электр желісі, су құбыры тәрізді инженерлік желілерді тегін жүргізіп берді. 2015 жылға дейін аса пайда көре қоймаса да, кейін табысы таудай болып түсе батады. Ол қайдан келген табыс дейсіз ғой? Айнұрдың бұл кәсіпорындардағы қосымша құрылтайшысы бұрынғы Бас прокурор Жармахан Тұяқбайдың қызы Әзиза Зәкір. Ол бұрындары Бас прокуратурада қызмет атқарған, Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары Әбдіхалық Зәкірдің (2017 жылға дейін Нәлібаев) әйелі. Айта кетсек, Нәлібаев деген Ақтөбе облысында, осы әйелдердің бизнесі басталған 2015 жылдан 2019 жылға дейін әкімдік құрған Бердібек Сапарбаевтың туған бауырлары мен әпке-қарындастарының фамилиясы. Ал, қазіргі күндері бұларға, қызметке «Бордюрбектің» өзі тағайындаған жиені, бұл облыстағы басшылық қызметке 2015 жылы келген, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет қамқор болып отырса керек. Ол 2017 жылдан бері есірткі бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Бұл жолы болғыш фермерлер Ақтөбедегі 9 гектар жылыжайға мемлекет жеңілдікпен бөліп берген заемнан бөлек, 1,5 миллиард өз қаржыларын да салған. Ұдайы мемлекет қызметінде жүрген, өздерін кіршіксіз әділ санайтын жандардың қыздары мұншама қомақты қаржыны қайдан алды, қалай және қайтіп тапты? Бұл сома олардың сол кездегі салық декларациясында көрсетілген бе? Аграрлық ғылым ойлап тапқан соңғы техникамен, бесінші буындағы «Ultra-Clima» технологиясымен жабдықталған бұл жылыжай, тіпті, жергілікті шенділердің, маңғаз қонақтарына көрсетіп тұратын, мақтанышына айналған. Қожайындары болса, жылыжай аумағын кеңейтпекші – жергілікті әкімдік ол үшін 57 гектар жер телімін бөліп те қойды. Қосып алынатын жаңа жер телімі латуфундистердің иелігін үш есе ұлғайта түседі де, жылыжай Қазақстандағы ең ірі кешенге айналып шыға келеді. Өзінің менеджері әрі «қалтасы» болып саналатын шымкенттік Гүлнар Жазықбаевамен бірге, Айнұр Мәми дәнді дақылдарды өсірумен айналысатын тағы бір мекеме – «Green Kitkсhen» ЖШС-нің құрылтайшысы. Бұл компания Нұр-Сұлтанда тіркелген.
Айнұрдың төрт бірдей кәсіпорыны көтерме саудамен шұғылданады. Астанадағы «Seven capital wealth management» және Алматыда қоныс тепкен брендтік «Калифорникейшн» бутигі, авто-мото жөндеумен айналысатын «Solar capital» ЖШС және «Amak Group» ЖШС. Соңғы екі серіктестікті Айнұрдың нағашы әпкесі Толқын Ахметова басқарады. «Amak Group» ЖШС қаржы рыноктарын басқару ісмен шұғылданып жүрген «Тау-Кен инжиринг» ЖШС құрылтайшыларының қатарында. Ал, ол серіктестік болса, Павлодар қаласындағы «Павлодар» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ымен (100% облыс әкімдігінің иелігіндегі АҚ) бірге бағалы металдар және сирек рудалар өндірісімен шұғылданатын «Алтын Инжиринг» ЖШС-нің құрылтайшысы болып келеді.
Айнұр сән саласында да құр алақан емес. Оның астанадағы«Сalifornication beauty» сұлулық пен денсаулық салонында шаштараз, йогамен жаттығатын залы, СПА қызметін көрсететін кәсібі де бар. Сонымен қатар, Алматыдағы «Я сам» атты балалар білім орталығының жалғыз құрылтайшысы. Бұл кәсіпте, бір кездері, шешесі Мақпал Ахметованың, «Самұрық-Қазынаның» экс-басшысы «ақсақ құлан» Ахметжан Есімовтың қызы Айжан Есімнің де үлесі болған. Айнұрдың Астанадағы жеке меншігіндегі үй-мүліктерін«Мәми Айнұр Қайратқызы» ЖК –і басқарады.
Мәмидің екінші қызы Эльвира Мәмидің де тұмсығын тықпаған бизнесі жоқ. Мәмилердің Қазақстаннан тыс жатқан бизнесінің бәрі соның атында. Ол «Greenvits Lmt» (2019 жылы құрылған, азық-түлік өндірумен айналысады) және «Cjgnita house Limited» (2018 жылы құрылған, іс басқару және білім саласында кеңес береді) екі лондондық компанияның директоры. Алматыда болса, Эльвираның «El Cuisine», «Мәми Эльвира Қайратқызы» ЖК (екі компания да жалға беріп, жекеменшіктегі үй-мүліктерін басқарарумен шұғылданады) компаниялары бар және шешесі Мақпал Ахметовамен бірге «El Capital» (басқаша қаржы қызметі, экономиканың түрлі саласын қаржыландыру, инвестициялық қызмет) фирмасына да ие. Қайраттың жұбайы Мақпалдың атында, бұдан бөлек, жекеменшік үй-мүлкін жалға беріп, оны басқарумен айналысатын «Ахметова Мақпал Заирбековна» атты ЖК бар.
ҚАЙРАТ МӘМИДІҢ ҚАЙЫН ЖҰРТЫ МЕН ӨЗ БАУЫРЛАРЫНЫҢ БИЗНЕСІ
Мақпал Ахметованың Шымкенттікгі бес сіңілісінің бизнесі мен тыныс-тіршілігі туралы білуге мүмкіндік туған болатын.
Шара Ахметова – дәрігер-педиатр, Алматыдағы «Child Care Centre» ЖШС-ның (басқаша кәсіби, басқа топтарға енбеген ғылыми және техникалық қызмет; сонымен бірге, сусын сатумен, азық-түлік тауарларын қоймада сақтаумен, денсаулық сақтау саласындағы қызмет) құрылтайшысы және астанадағы телемедицинамен айналысатын «Дистанционный патронаж» ЖШС-інде үлесі бар.
Балқаш Ахметова – Шымкенттегі тамақ өнеркәсібі саласындағы «Ахза-Бал» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі өзі басқарады және астанада ЖК «Ахметова» сұлулық салоны бар. Атқарушы бір іс бойынша өтелмей қалған борышы бар.
Артық Ахметова – Шымкентте «Ахметова А. З» ЖК иесі және төленбей қалған салығы мен кеден баж салығы бойынша қарызы бар. Негізгі қызметі жеке меншігіндегі үй-мүлкін жалға беріп, басқарады, сонымен бірге, бөлшек саудамен және автомобильдерді жалға берумен айналысады.
Толқын Ахметова – жоғарыда аталған Айнұр Ахметоваға тиесілі «Solar Capital» және «Amak Group» сынды мекемелерді басқарады. Түркістан облысының Шардара қаласында өсімдік өсірумен шұғылданатын «Натуральные продукты»(«Табиғи азық-түлік») ЖШС және бөлшек саудадағы «Акселини» ЖШС-гі бар. Салық және кеден баж салығы бойынша мемлекетке қарыздар. Шымкенттегі елді мекендерден тыс жерде тамақпен қамтамасыз етумен айналысатын «Ахметова Толқын Зайирбековна» ЖК-нің де иесі. Астанадағы «Bitrix» ЖШС-нің және Қостанайдағы «RAR Invetment Group» ЖШС-нің экс-басшысы. Бұл екі мекеме де бөлшек саудамен шұғылданады.
Әпке-сіңілілердің ішнде жеке бизнесі жоғы – Таклима Ахметова ғана. Ол Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы.
Құдашаларының қасында Қайраттың өз іні-бауырлары да қарап қалмаған сыңайлы. Жомарт Мәмидің Түркістан облысында орналасқан «Арай комфорт» ЖШС-інде (денсаулық сақтау орталығы) үлесі бар. Астанада үй-мүлікті жалға (субаренда) берумен және жалға алынған үй-мүлікті пайдаланумен айналысатын «Arsaron Building Company» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы, одан бөлек, Алматы облысындағы туған ауылы Жамбылда әкесінің құрметіне аталған «Әбдіразақ» Шаруа қожалығын басқарады. «Әбдіразақтың» салық және кеден баж салығы бойынша қарыздары бар. Жомарттың Алматыдағы элитті ауданда, Шевченко көшесі 15-те орналасқан үй-мүлік төңірегіндегі алаяқтық іске де қатысы бары анықталған.
Мәмидің тағы бір інісі Мұхит Мәмиев – Алматыдағы «MBS Company» ЖШС-нің құрылтайшысы және бір кездері осы Алматыдағы «Торгово транспортная компания» («Сауда көлік компаниясы») ЖШС-ін басқарған.
ҰЛЫ МИРАС МӘМИ МЕН ОНЫҢ «ҚАЛТАСЫ» АЙГҮЛ САЙМАСАЕВАНЫҢ БИЗНЕСІ
Қайрат Мәмидің ұлы Мирас Мәми 2018 жылдан бері қаржы-сараптамалық «Hermes management Ltd» компаниясының Лондондағы кеңсесінде жұмыс істейді. Мансабын Қазақстанда «Қазақстан Ұлттық Банкі корпорациясының Ұлттық инвестициялық компаниясы» АҚ-ында дербес директор, директорлар кеңесінің мүшесі ретінде бастаған. Бұдан кейін, Лондонда орналасқан қаржы қорларын басқаратын «Adal Capital Limited» және «Adal Capital Management LLP» сынды компанияларда қызмет атқарды. Супер-бизнеменнің бұл екі компаниясының да ғұмыры ұзаққа бармады – 2017 ‑2018жж. Компаниялардың заңды мекен-жай ретінде осы қаладағы элитті аудан Челсидің шекарасында қоныс тепкен үйдегі пәтер көрсетілген. Бұл үй-мүліктің жай-жапсары бүге-шігесіне дейін көрсетілген құжат қолжетімсіз, алайда, сол үйдегі көрші пәтерлерге қарай болжасақ, оның аумағы 100-ден 160 шаршы метрді құрайды. Британ үй-мүлік реестрінің мәліметтеріне сәйкес, бұл пәтерді 2016 жылы 2,9 млн евроға сатып алған. Пәтер сатып алуға кеткен мұншама ақшаны қайдан алғанын Мирас британдықтарға ашып айта алмағандықтан, пәтер 1970 жылы дүниеге келген Айгүл Айтжанқызы Саймасаева деген біреудің атына жазылған. Бір қызығы – Айгүл Жамбыл ауданынның орталығы Ұзынағаш селосында туған. Естеріңізде болса, Қайрат Мәми де осы ауданның тумасы. Алматыда Айгүл 4‑Мамыр шағын ауданында орналасқан жеке меншік үйде тұрады. Беймәлім супер-бизнесвуменнің негізгі активтері жылжымайтын мүлік. Ол Алматыдағы «Alba e^ Ezperanza» бизнес орталығына қожалық ететін «Альба» Жылжымайтын мүлік акционерлік инвестициялық қоры» АҚ-ның ширек бөлігін иеленген, «Alba E^speranza» ЖШС-інде үлесі бар және «Саймасаева Айгүл Айтжанқызы» ЖК иесі. Аталған акционерліәк қоғамды бақылайтын тұлғалар ретінде бұрындары қазақстандық «Форбс» тізіміне ілінген Нұржан Бекшенов, милиция генерал-лейтенанты Василий Симачев, «Форбс»-тың бір жылдарғы тізіміндегі тағы бір бизнесмен, Владимир Школьниктің ұлы Игорь Школьник, бұрынғы жоғары лауазымды чиновник Сауат мыңбаев оның туыстары – Алмас мыңбаев және қайын атасы Салауат Қалиевтер көрсетілген. Қайрат Мәми мен Сауат Мыңбаевтар бір жылдары Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінде бірін бірі алмастырған таныс чиновниктер. Генерал Симачев те оған ала-бөтен емес. Конституциялық кеңестің төрағасы қызметіндегі оған ресми түрде бизнеспен айналысуға болмайтындықтан, ол Қазақстандағы және шет елдердегі элиталық дүние мүлкін сеніп тапсыратын сенімді адам ретінде Айгүл Саймасаеваны таңдап алған сыңайлы.
Бұл бизнесвуменнің, жылжымайтын дүние мүліктен бөлек, басқа да мүдделерін көруге болады. Сонымен, Саймасаева «Статус Пласт» ЖШС құрып, иеленіп отырған «Status басқарушы компаниясының» (өзінің заңды мекен-жайында орналаспаған және 2018 жылдан бері салық төлемдерін күрт азайтып жіберген) құрылтайшысы. Бұл кәсіпорындар пластмассадан тақтайшалар, табақ тақталарын, құбыр және профилдер шығарумен шұғылданады.
Айгүл Саймасаеваның Қарағандыдағы геологиялық барлаумен айналысатын «WSM» ЖШС-інде де үлесі бар. Басқа да құрылтайшыларының қатарында басқа да бір Мәмиді көреміз – Атыраудағы «ҰМҚК ҚазҚұрылысСервис» АҚ филиалының жетекшісі Ерлан Мәми де бұрын Мәмиев болған. «WSM» ЖШС Қарағандыдағы әйнек-шыны өндірісіне қажет бастапқы шикізат өндірумен айналысатын «Quarts KZ» ЖШС-інің 51 пайызына ие. Оның тағы бір құрылтайшысы – 100 пайыз мемлекет қарамағындағы «Сарыарқа» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ.
ЕРЛАН МӘМИ ОТБАСЫНА ҚАРАСТЫ БИЗНЕС
Бұл бизнес-шырмауықтың ішінде Ерлан Мәми мен оның шаңырағы мүшелеріне тиесілі бизнесті жеке атап өту керек сияқты. Ерлан – «Қазатомөндірісі Күкіртқышқылы зауыты бірлескен кәсіпорыны» АҚ бұрынғы басшысы және «Самұрық-Қазына» АҚ-ына қарасты «Бірлескен химиялық компания» ЖШС-нің экс-директоры. Мемлекеттік органдардағы қызметі Ерланның жеке меншік компанияларда да құрылтайшы болуына кедергі келтірмеген және оның бұл коимпаниялары да экономиканың дәл сол салаларында қызмет атқарып, мемлекет тарапынан тапсырыстар алып, «Самұрық-Қазынаға» да қызмет көрсетіп келген. Сондай-ақ, ол Ақтөбедегі «Буратас» ЖШС (жарылыс жұмыстарын жүргізіп, үй-мүліктерді басқарады), Ақтаудағы «Теңізқазынатас» ЖШС (әрлеуші және құрылыс тасын өндіреді), Ақтөбедегі тағы бір мұнай мен газ өндірісіне техникалық қызмет көрсететін «Seismic well logging» ЖШС құрылтайшылары қатарында.
Әкесінен оның «талантты» балалары да қалыспайды. Үлкен ұлы Санжар Мәми Алматыда көтерме сауда саласындағы «Inkar resourses» ЖШС және «Remex» ЖШС компанияларының қожайыны. Соңғысының екі атқарушы іс бойынша борышы бар – заңды тұлғаларды тіркеуге және ноториалды іс-әрекетке баруға тиым салынған. Сонымен бірге, Санжарды көлік қызметін көрсететін алматылық « Sen Oil» компаниясы құрылтайшыларының қатарынан да көреміз. Бұл фирманың проблемалары да жетерлік – салық және кеден баж салығы бойынша 1,2 млн теңге қарызы бар. Одан бөлек, 3 атқарушы әс бойынша борышкер – 1,3 млн теңге. Банк есеп-шоты бұғақталған. 6 сот ісіне қатысқан. Заңды тұлғаны тіркеуге және нотариалды әс-әрекетке баруға тиым салынған. Бұл фирма өзінің заңды мекен-жайында орналаспаған. « Sen Oil» өзі құрылған 2013 жылдың 4‑қазанынан бері «Самұрық-Қазына» АҚ-ның мемлекеттік сатып алуларына қатысып, оған қызмет көрсетіп келеді. Бір кездері осы мемлекеттік тендерге қатысу үшін құрылып, бірақ, кейіннен кегежесі кері кеткен сыңайлы.
Санжар Мәмидің шет елдік компаниясы да болған – ол мәскеулік «Энерготранс Групп» компаниясының 50 пайызын иемденген еді. Алайда, Қазақстандағы көлік компаниясының проблемалары тектес қиындықтар туып, 2020 жылдың 30 қыркүйегінде жойылды.
Санжардың жұбайы Лилия Мәмиева Алматыдағы «Мамиева Лилия Аббязовна» ЖК арқылы киім сатады және компьтерлерді жөндеуден өткізіп, шеткері жабдықтарды сатумен айналысады.
Ерланның кенже ұлы Дархан Мәми – уролог-дәрігер, «Б. Жарбосыноа атындағы урология ғылыми орталығы» АҚ жұмыс істейді. Алматыдағы қызыметі холдингтік компанияларға қатысты «ҚазПроф» ЖШС және денсаулық сақтау саласындағы «AD Uroclinic» ЖШС құрылтайшылары тізімінде. «Мәми Дархан Ерланұлы» ЖК‑ы (өз меншігіндегі үй-мүлікті жалға беру мен басқару, мәшинемен өңдеу және металмен көмкеру) бар.
Ерланның қызы Ақмарал Мәмиева Теңіз транспорты кәсіпкерлерінің Ассоциациясының Бас директоры Өркен Бисақаевтың жұбайы. Ол бұрындары мәдениет және спорт вице-министрі қызметін атқарған, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ының экс-төрағасы.
Жалпы алғанда, Қайрат Мәмидің бизнес империясының өзегін құрайтын толып жатқан жылжымайтын мүлігі сияқты. Оның үстіне, «мәмилер» агросекторда, көтерме саудада және басқа да салаларда да белсенділік танытып отыр. Осының бәрін көріп, біле отырып, енді осы Мәмиге бағынатын парақор судьялар туралы, олардың «қара кассасы» туралы, сот істерінің сатылатыны туралы ақпараттар тек алып-қашпа сөз емес екеніне көзің жеткендей болады. Ол шындыққа жақын және ондай жолмен табылған ақшаның қайда жұмсалып жатқанын да білдік.
Мәмидің күйеу баласы Асқар Жұмағалиев ұрлаған ақшаның көлемі, тіпті, халықаралық деңгейде жемқорлыққа батып қалған деп саналатын, Қазақстан үшін де масқара екені анық. Қайрат Мәми мен оның туыстары, «жетегіндегілер» әділ соттың алдында жауап беріп, Қазақстан мен шет елдерде осындай түрлі бизнес жүргізуге ақшаны қайдан алғанын, қандай жолмен тапқанын түсіндіретін болады дегенге сенгіміз де келеді. Сонда біз барлық активтері мен компанияларының декларациясын көрсетуін, қоғамға олардың қайдан пайда болғанын түсіндіруін, табыс көзі қайда екенін, қанша салық төлегенін көрсетуін талап ететін боламыз. Салық инспекциясынан осы компаниялар арқылы елден қанша ақша шығарғандары туралы ақпарат беруін талап ететін боламыз.
Қазақстан азаматтарының елді қандай ұры-қарының билеп-төстеп отырғанын білуге құқы бар!
Источник: https://dpkkz.com/