Ұмыт бола бастаған оппозиция өкілдерінің референдумы бойынша жиын алдымыздағы сенбіде өтетін болды. Бұл шара халық пен саясаткерлерге не үшін керек? Осы орайда бастамашыл топ мүшелері өз пікірлерін білдірді.
Фото: Жанна БИСАРОВА
Референдум өткізу бойынша ұйымдастыру комитетінің мүшесі, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сарсенбай шараның қажеттілігін былай деп түсіндіреді.
- Ел тәуелсіздігіне, дербестігіне қауіп төнген кезеңде өмір сүріп отырмыз. Бұл — асыра айту емес. Көзі қарақты кез келген азамат тәуелсіздіктен айырылып бара жатқанымызды сезіп отыр. Осындай жағдайда келем деген адамдарға арандату жасау — барып тұрған қаныпезерлік, надандық, артта қалушылық. Қайта осы көтерілген төрт мәселе де маңызды ғой, барып қайтыңдар деп жолына билет алып беріп, қалтасына ақша салып шығарып салуы керек емес пе? — деді қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы.
Ал саясаткер Әміржан Қосанов референдумға қатысты қоғамда төрт түрлі күдік барын жеткізді.
- Біріншіден, референдум дегеннің өзі не? Халық санасында бұл баяғыдай президенттің өкілетін ұзарту, немесе 95 жылы атүсті Ата заң қабылдау дегендей түсінікпен қалып қойған. Сондықтан қоғам оны дұрыс түсінбейді. Биліктің қайнар көзі — Ақорда немесе президент емес, халық. Референдум — тағдырына байланысты өзіңнің атсалысуың деген сөз. Содан кейін «референдум керек пе өзі?» дегендей біртүрлі түңілушілік бар. Менің айтарым, керек. 20 жылда халықтың сана-сезімі қалай оянды, билікке қандай пікір айта алады? Соны көрсетуіміз керек. Қажет десеңіз, өз намысымыз үшін керек. Үшінші себеп — ертең билік мұны өз пайдасына шешіп кетпей ме деген қауіп бар. Мысалы, он мыңдай учаскелік комиссиясы бар. Сіздердің қолдарыңызбен Еуразиялық одақты заңдастырып жібермей ме деген пікір айтылып жатыр. Бұл ең алдымен өзімізге байланысты. Әрбір азамат өз учаскесінде бақылаушы болса, ондайға жол бермейміз. Билік өлетін жерін білсе, ертең референдумға шығып, пәленше қазақ Еуразиялық одақты қолдады, Ресей қолтығына кіреміз десе, сонда Жаңаөзенде шықпаған қазақ көшеге шығады. Төртіншіден, референдум бізге не береді? Ол — ең алдымен ағартушылық жұмыс. Референдум заң бойынша жиналыс өткізген соң үгіт-насихат жүргізуге құқық аламыз. Ресми түрде үлкен залдарда халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын өткізе аламыз,— дейді Әміржан Қосанов.
Өз кезегінде Мұхтар Тайжан, Б. Тайжан атындағы қордың президенті референдум бойынша жиналысты өткізуге дайындық жұмыстары туралы айтып берді.
- Біз референдумды өткізе аламыз ба, мақсатымызға жетеміз бе, қазір дөп басып айту қиын. Өйткені алдымыздағы жиынға жетудің өзі үлкен нәтиже, меніңше. Әр аймақтан 30-дан астам адам келу оңай емес, жұрт жиналады, бір бірімен әнгімелеседі, көреді жағдайды өз көздерімен, бұл өте жақсы. Бізді референдумға жақындататын алғашқы қадамдардың бірі, сондықтан, біз халық пен бірге мақсатымызға жету үшін барлық күшімізді саламыз, — деп уәде береді экономист.
Естерінізге сала кетейік, референдумға көтерілетін төрт сұрақ енгізілген, олар: Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктен шығу, ірі кәсіпорындарды мемлекетке қайтару, әкімдер сайлауын енгізу, ядролық отын банкі мен атом электр станциясын салуды тоқтату.
Қазақстанның демократиялық күштерінің ел өміріндегі маңызды сұрақтарға қатысты референдум өткізуден өзіндік тәжірибесі бар. Өкінішке орай, бұл бастамаларға билік тарапынан кедергілер жасалып келіп, олар сәтсіз аяқталғаны белгілі. Оппозиция өкілдерінің бесінші талпынысы қалай аяқталатынын уақыт көрсетеді.
Оригинал статьи: