31 қантарда белгілі диссидент, ақын және қоғам қайраткері Арон Атабек 60 жасқа толды. Ол 2006 жылғы “Шаңырақ” оқиғасына қатысқан үшін 18 жылға сотталып, жабық түрме режимінде жазасын өтеуде. Өткен жылғы желтоқсан айында диссидент тәртіпті бұзғаны үшін тағы екі жылға жалпы режимдегі колониядан қатаң тәртіптегі жабық түрмеге ауыстырылған болатын.
Автор: Асқар АЙДАРХАН
Алғаш рет осындай түрмеге ол 2010 жылы түскен еді. Біз Арон Атабек туралы оның 26 жастағы үлкен ұлы Асқар Айдарханмен сұхбаттасқан едік. Асқардан әкесінің қазіргі жағдайы және мен оның мезгілінен бұрын босауына отбасындағылардың үміттері бар жоғын сұрадық.
Кітапты шығаруға үрей кедергі болып тұр
Асқар, әкеңізді соңғы рет қашан көрдіңіз немесе сөйлестіңіз?
- Ол Астананың СИЗО сында жатқан кезінде, 2012 жылғы желтоқсан айында. Осы кезде әкемді Астана арқылы (Қаражалдың жалпы режимдегі колониясынан Арқалықтың жабық түрмесіне- авт) этаппен әкеткен еді. Қамаудағылар негізі мекен жайына жеткенше біршама уақыт сол жақта болады екен. Отбасымыздың досы саналатын бір азамат Астанада әкем жатқан уақытша қамау абақтысына жолығуға барыпты. Өкінішке қарай, онымен кездесуге рұқсат берілмеген. Сол кезде әкеммен телефон арқылы сөйлесуге мүмкін туды.
Екеуіңіз не туралы сөйлестіңіздер?
- Ол өзіне қатысты сот ісін қайта қарау жөнінде халықаралық ұйымдар мен қазақстандық құқық қорғаушылармен байланысуды және “Еуразияның жүрегі” атты кітабын жарыққа шығарту керектігін айтты. Осы уақытқа дейін әкемнің кітабын жарыққа шығара алмай келеміз.
Қысқаша бұл кітаптың не жайында жазылғанын айтып өтсеңіз?
- Бұл кітапта тарих, саясат, рухани философия мен эзотерика аралас қолданып жазылған. Кітапта Қазақстан мен осында тұратын халықтың алдағы 10—20 жылына саяси болжам жасалады. Және шығарманың ішінде көршілес мемлекеттердің, оның ішінде Ресейдің де алдағы уақыттағы саяси жағдайына талдау жасалып, сарапталған. Автор кітабында кеңес заманындағы және Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарындағы қордаланған мәселелерге өзіндік көзқарасын білдіреді. Шығарманың электрондық нұсқасының барлық тараулары atabek.ru сайтында бар. Кітап үш тарапқа бөлінген, біріншісінде қазақтардың тарихы туралы айтылады. Басқа бөлімдері саясат пен әлеуметтік проблемаларға арналады. Кітапта көптеген өткір-өткір, мықты өлеңдері де жарияланған. Проза поэзияға, ал поэзиясы прозаға айналатын тұстары да кездеседі. Алайда жіті назар салып қарасаңыз, поэзия мен прозадағы айтылатын дүниелер өзара жақын үндесіп жатады. Саяси тақырыптардағы өлеңдері мен саясат пен қоғам қайраткерлеріне арналған эпиграммалар да бар.
Кітап қай уақытта жазылған?
- Әкем “Шаңырақ. Баспанасыздардың көтерілісі” кітабын жазып болысымен осы кітапты жазуға кіріскен. Бұл кітап әр жылдары жазылды. 2008 жылмен 2011 аралығында әртүрлі түрмелерде отырғанында жазылған. Алматының СИЗОсында басталған бұл кітап Қаражалда жалғасын тапса, Арқалықта аяқталды. Бастапқыда жекелеген сұхбаттар болып, кейінірек қайта өңделіп, нәтижесінде тұтас кітапқа айналған. Мен әкемнің халыққа өз ой пікірін жеткізе алатын қасиеті болғандықтан оны түрмеде ұстап отыр деп есептеймін. Оны екінші рет жабық түрмеге тәртіпті бұзды деген желеумен ауыстыру, жалғыз адамдық камерада ұстау әкемнің ұстанымымен тікелей байланысты деп ойлаймын.
Кітап неліктен әлі күнге дейін жарыққа шығарылмай отыр?
- Меніңше, әзірге Қазақстанның қоғам қайраткерлері мен жалпы қоғамы мұны қолдауға қауқарсыз деп ойлаймын. Бәлкім қауіптенетін болар, қорқатын да шығар. Мен тіпті, баспасөз арқылы осы кітапты жарыққа шығаруға көмек сұрадым да. Өкінішке қарай, әзірге бос уәделер беруден арыға асқан ешкім табылмады. Расын айтқанда, осындай кітапты шығаруға қолдау білдіре алмай отырған еліміздегі демократиялық күштерден де көңілім қалды. Әзірге түбегейлі ешкім бас тартқан жоқ, бірақ белсене қолдайтындар да шықпады. Сонымен қатар әкемнің кітабын басып шығаруға қызығушылық таныта қояр баспа үйін де көрмедім.
Нақты кімдерден көңіліңіз қалды?
- Бұл туралы жарияға салып, айта алмаймын. Олай еткенім ыңғайсыз болады.
Бұл кітап қанша ақшаңыз болса да, Қазақстанда шығарыла қоятынына сенбейсіз ғой?
- Жоқ, мен ештеңеге күмәнданбаймын. Көктемге қарай кітап жарыққа шығады деп үміттенемін. Әкемнің мерейтойына қарсы шығарылмады өкінішке қарай. Бірақ Наурыз мерекесінің қарсаңында дайын болып қалатын шығар. Тек еліміздің азаматтары үрейлерін, өзіндік менмендігін жеңе алса болды, кейбіреулер мысалы әкеммен қазақ тілі туралы көзқарасы әртүрлі болғандықтан көмектесуден бас тартуы мүмкін. Менің айтпағым, кітапта қымыздық патриоттар ретінде суреттелетін адамдарға қатысты шығып отыр. Бұл кітапта адамдарды тіл білу деңгейіне қарай қоғамда жік салатын, қоғамның тұтастығына сына қағатын жағдайлар туралы баяндалатын тарау бар. Ал мұндай жікке бөліну қоғамды күйретудан бастап, азаматтық соғысқа дейін апарып соғуы мүмкін.
Шығармаларын Арон орыс тілінде жазады емес пе?
- Ол қазақ тілінде де жаза алады. Бірақ оның шығармаларының 90 пайызы орыс тілінде жазылған.
“Әкемді серуенге қара маска киігізіп шығарады”
Өткен күзде сіздердің отбасыларыңыздың баспана жағдайын түзеуге көмек көрсетілді. Бұл мәселені шешуге кімдер жәрдемдесті? Қазіргі кезде қандай көмекке мұқтажсыздар?
- Мен былтыр біздің үйіміздің шатырын жөндеуге асар жасап, жәрдем көрсеткен қарапайым адамдар мен асарға қатысқан барша азаматтарға шексіз алғысымды білдіремін. Сол кісілердің көмегінің арқасында алғаш рет біздің үйдің шатырынан көктемгі, күзгі жауын шашыннан су тамшыламайтын болды. Біздің тұрғын үй жағдайымыз қазір әкемнің түрмедегі камерасы сияқты нашар жағдайда еді, өйткені түрме шатырлары тесік, ескі болады. Қазір үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу менің жоспарымда жоқ. Басты мақсатым әкемнің кітабын жарыққа шығару. Мен ол кітапты шығарып қана қоймай, әрбір азаматтың қолына тиюіне жағдай жасағым келеді.
Сіз әкеңізбен былтырғы желтоқсанда телефон арқылы сөйлескеніңізді айттыңыз. Одан кейін Ароннан хабар болды ма?
- Тікелей өзінен хабар болмады. Алайда қамаудағылардың өзара телефонмен, басқадай жағдай білісу әдісі арқылы оның карантинде жатқанын естіп білдік. Негізі түрмеге түскен адамның карантинде болуы қалыпты жағдай. Бірақ әкемнің жатқан камерасы өзгелердікіне қарағанда ең нашар, жағдайы өте төмен екен.
Нақтырақ айтып өтсеңіз?
- Осыған дейінгі екі жыл бойы жатқан камераларының ішінде есік пен терезеге жеткізбей, кедергі жасап тұратын темір тор болыпты. Бұл тордың ішінде шконка мен кішкентай үстел және орындық қойылған. Әкем маған осылай суреттеп айтып еді. Ал қазіргі отырған камерасының бұрынғысынан тәуір емесіне күмәнім жоқ. Себебі, әкем отырған қазіргі камера “өмірбақи жазасынан айырудың уақытша учаскесі” деп аталады. Адамдар сол жерде бірнеше ай немесе бірнеше жыл қамауда отырып, сосын өмірбақилық жазасын өтеу лагеріне кетеді екен. Әкем ауыр қылмысқа бірнеше мәрте барған адамдармен бірге қамауда жатыр. Камералары шахмат тәртібімен орналасқан. Ол жалғыз адамдық камерада отыр. Қамаудағылардың бірімен бірінің сөйлесуіне ешқандай мүмкіндігі жоқ. Жабық түрменің ішінде ерекше тәртіп орнатылған. Таңертең ертемен таңғы cағат 5‑те немесе 6‑да ұйқыдан тұрғызады. Түскі сағат 2 мен 4 аралығында тынығу уақыты. Ал басқа уақытта жатуға болмайды. Не тұруға, не отыруға тиістісің. Камерада бейнебақылау орнатылған. Серуендеуге оларды арнайы конвоирлар алып шығады және қолдарында міндетті түрде кісен болады. Сонымен қатар серуенге оларды қара маска кигізіп, түрменің территориясын көрмейтіндей, ешкіммен сөйлеспейтіндей етіп алып шығады.
Оған сәлемдеме, кездесу алуына шектеу қойылған ба?
- Түрме әкімшілігі оның қандай жағдайда қамауда отырғаны туралы бізге хабарлама жіберді. Әкем жылына бір рет екі келідегі бір бандероль алуға және жылына бір мәрте ғана 14 келі тартатын бір сәлемдемені тек қана оның жазасын өтеу мерзімінің тең жартысы біткенде алуға құқылы. Әкеме жабық түрмеде жазасын өтеуге екі жыл кесілді. Сондықтан енді тек бір жылдан соң ғана сәлемдеме жібере аламыз. Ал кездесу мәселесі туралы хабарламада екі қысқа уақыттық кездесуге болатыны жазылған. Ешқандай ұзақ уақытқа кездесуге болмайды. Хабарламада қысқа мерзімдік кездесудің қашан, қандай жағдайда өтетіні туралы нақты айтылмаған. Бұған байланысты кездесу туралы әкемнің өзі хабарлауға тиіс екенін айтыпты.
Ал хат алысу, телефонмен сөйлесу жағы қалай болуда?
Арқалықта жатқанында біз одан, ол бізден бар болғаны екі ғана хат алдық. Заң бойынша хат алысу, телефонмен сөйлесуге ешқандай шектеу қойылмауға тиіс. Бұл туралы түрме әкімшілігіндегі хабарламада да айтылады. Бірақ біз әкемнің хат жазуына мүмкіндік берілетін берілмейтіні жөнінде де ештеңе білмейміз. Жабық түрмеге қамалған уақыттан бері әкемнен бір де бір хат хабар келмеді. Телефонмен сөйлесу мәселесіне келсек, оның бізбен хабарласуына телефон картасы бар. Өкінішке қарай,бізге бір рет те хабарласпағанына қарағанда, оған телефон соғуға да рұқсат берілмейтін сияқты. Өткен жолы да оған ешкіммен телефон арқылы сөйлесуіне рұқсат берілмеген. Бұл жолы да жағдай өзгермеген секілді.
Кезекте саяси тәуелсіздігіміз тұр
Арон Кенес Одағы кезінен диссидент болып келеді. Балалық шағыңызда әкеңіз қандай болып есте қалды?
- Баланың психикасы басқаша болатыны рас. Олар оқиғаларды үлкендер сияқты емес, жеңілдеу қабылдайды. Десек те, әрбір баланың бақытты балалық шағы болуға тиіс қой. Менің балалық шағым олай өтпеді. Есесіне, мен отбасымыздың көшіп қонуынан ТМД елдерінің көптеген қалаларында болдым. Алматының бас алаңында лозунг көтеріп, Желтоқсанға қатысушыларды босатуды талап еткен топ адамдардың шеруін көргенім есімде сақталыпты. Бұл 1989 жыл еді. Ол кезде менің жасым небәрі үште екен.
Неліктен көшіп жүрдіңіздер?
- Әкемнің қызметіне байланысты. Сол кездері әкеме қатысты іс қаралып, оны ұрлыққа қатысы бар деп шығармақ болған еді. Араға көп жылдар салып, бұл іс жабылды. Бірақ оған күресу үшін елден көшуге тура келді. Сол кезеңдерде күрескерлердің көбісі осылай елден жырақтауға мәжбүр болған еді ғой.
- Сонда қандай жерлдерде тұрдыңыздар?
- Мәселен, Ресейде. Біз Мәскеуде ұзақ уақыт тұрдық.
Өзіңіз қазір сіз нендей шаруалармен айналысасыз?
- Мен гуманитарлық сала бойынша білім алғанмын. “Халықаралық қатынастар” және “шетел тілі” бойынша жоғары оқу орнын оқып бітірдім. Профилім ағылшын тілі. Көптеген жерлерде жұмыс істедім. Маркетинг, жарнама жасау компанияларында да жұмыс істедім. Алайда 2011 жылы әкемнің шығармалары жарияланатын сайт жасап, соны іске асыру мақсатында жұмысымнан түбегейлі кетуге шешім қабылдадым.
Сіз өз еркіңізбен кеттіңіз бе? Әкеңіздің күрескерлігі сіздің жұмысыңызға әсер етпеді ме?
- Мен өз еркіммен, саналы түрде жұмысымнан кетті. Өзім жұмыс істеген ұжымға менің әкемнің қызметі ешбір әсерін тигізбесін деген мақсатпен кеттім. Әкемнің кітаптары басылып, жарыққа шығысымен, жұмыс істеуді бастамақ жоспарым бар.
Сіздің қарындасыңыз бар. Оның жасы нешеде? Әкесінің ұзақ мерзімді түрмеге жабылуын ол қалай қабылдады?
Қарындасымның жасы жиырмада. Жұмыс істейді. Алдағы уақытта оның жоғары білім алуына жағдай жасау туралы ойланып жүрміз. Шаңырақ оқиғасы бәрінен де қарындасымның қабырғасына қатты батты деуге болады. Ол кезде оның жасы небәрі он сегізде болатын. Бірақ ол әкеміздің әлдебір қылмыс үшін емес, халқы үшін түрмеде отырғанын түсінеді. Десек те, біз әкеміздің жанымызда болғанын, ертерек түрмеден босатылуын қалаймыз. Біз қарындасым екеуіміз әкем туралы сөйлескенде немесе әкемнің өзімен сөйлессек, рухымыз қанаттанып, қайраттана түсеміз. Себебі, әкеміздің рухы өте мықты. Оның сөз арқылы адамға беретін әлдебір күш беру қасиеті бар. Оның дауыс ырғағының өзі адамның ерік жігеріне күш беріп, күресте тек жеңіске ұмтылуға ықпал етеді.
Арон ұзақ мерзімге сотталды. Оның мерзімінен бұрын босап шығарына үміттенесіз бе?
- Әкем 18 жылға сотталды, қазақстандық бір де бір саяси тұтқын мұндай мерзімге қамалған жоқ. Бірақ ол 2024 жылдан бұрын (қағаз жүзінде ол он бір жылдан кейін босап шығуы тиіс — авт.) бостандыққа шығады деп сенемін. Мұның барлығы жоғарыда отырғандардың саяси шешімдеріне және Батыс елдері мен Қазақстанның өзара қарым қатынастарына байланысты болмақ. Себебі, 15—18 тәулікке қамалғандар ар ожданының тұтқыны деп саналады да, ал 18 жылға қамалып, оның ішінде төрт жылын карцерде өткізетіндерді халықаралық қоғамдастық ар намысының тұтқыны санауға дайын емес. Мұнда саясаттағы екіжүзділік байқалады. Батыс өзіне керектісін алып болған соң, басқалай қисынсыз жағдайларға көзін жұма қарайды. Соған қарамастан, демократияны өзгелерге үйретіп отыр.
Сіз еліміздегі қазіргі саяси жағдайға қандай баға бересіз? Неліктен біздің елде әділетсіз сот шешімдерін шығару қалыпты жағдайға айналды?
- Біздің саяси режимнің тоталитарлы, жемқорлыққа батқаны туралы бәрі біледі. Мұның себебін мен қоғамнан деп білемін. Қоғам тиранның ел басқаруына жол беріп, өз бостандығынан айырылып отыр, демократиялық құндылықтарды, талаптарды орындатудың орнына, немқұрайдылығымен менің әкем сияқты азаматтарының сотталуына ықпалын тигізуде. Мен әкемнің әріптестерімен, қолдаушыларымен толықтай келісемін. Еліміздегі тарихшылар мен этнографтар байырғы қазақтың арғы бергі тарихын қазбалап, зерттеумен келеді. Бірақ олардың бір де бірі сол қазақтардың неліктен бұл күнде үйсіз, күйсіз қаңғып жүргеніне мән берер емес. Қазақтар жерінен, баспанасынан айрылып жатыр. Осындай мәселелер қазір кез келген азаматты ойландыруға тиіс. Мемлекеттің тілі қай тіл болатыны емес, он, жиырма жылдан кейінгі еліміздің жағдайы не болатыны бәрінен маңызды.
Мемлекетіміздің тұтастығы мен егемендігі келесі президент тиран және ұры болмаған жағдайда ғана сақталады деп ойлаймын. Біздегі экономиканы алпауыт елдер өзара бөліп алып қойған. Ендігі кезекте саяси тәуелсіздігіміз тұр.
Сұхбаттасқан Назира ДӘРІМБЕТ
ОТ РЕДАКЦИИ. На русском языке интервью с сыном Арона Атабека можно прочитать на портале по этой ссылке или в во втором номере газеты “Рипаблик”.