Сарапшылардың болжауы бойынша, жаңа 2013 жылы оңай болмайтын көрінеді. Халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлайды, ланкестік әрекеттер жалғасын табуы мүмкін, ал саяси өзгерістер болуы екіталай, дейді олар.
Автор: Жанна БИСАРОВА
Ланкестік әрекеттер орын алуы мүмкін
Саясаттанушы Расул Жұмалының пайымдауынша, биыл өміріміздің барлық саласы қиындақтарға толы болады.
Жылдан жылға жағдай жақсару керек сияқты: жаңа жұмыс орындары ашылуда, мұнай бағасы өсіп жатыр дегендей. Бірақ керісінше, бағалардың шарықтауы, жұмыссыздықтың өсуі, қауіпсіздік және қылмыс мәселері, еліміздің көршілес мемлекеттермен қарым қатынасының қиындауы, мұның бәрі экономикалық, әлеуметтік, саяси жағдайымыздың күннен күнге нашарлап жатқанын көрсетеді, деп бастады болжамын сарапшы. — “Жаман айтпай жақсы жоқ” дейді, бірақ 2013 жыл оңай жыл болмайтын түрі бар, бәлкім өткен жылдан да күрделі, қиындау болатын шығар. Мұның басты себебі, қордаланып қалған мәселелердің шешілмеуі, тіпті жауапты органдардың оларды шешуге сынай танытпауы.
Сонымен қатар, Қазақстанда қоғамның билікке деген сенімі одан сайын төмендейді деп есептейді Расул Жұмалы.
Болатын кезекті ауыс түйістер саяси жүйеге ешбір әсерін тигізбейді. Ал, нақты Әбықаев сенат спикері болады деген әнгімеге келсек, ол кезінде болған сенат басшысы, сонда ешнәрсе өзгерген жоқ. Ол кезде де сөз шыққан, Назарбаев кетеді екен деген. Әбықаев болсын сенат төрағасы, басқа болсын мәселе жеке тұлғада емес. Бізде сенаттың төрағасы болған адам міндетті түрде елбасының орынбасары болмайды, жәй сөз жүзінде, Конституцияда солай жазылған. Шын мәнісінде олай емес. Сондықтан, маңызды өзгерістер болып, Назарбаев орнынан кетеді екен дегенге мен сенбеймін, деп жоққа шығарды кейінгі кезде тараған әнгімелерді саясаттанушы.
Расул Жұмалының ойынша, 2013 жылы Жанаөзен мен Арқанкерген денгейіндегі жағдай орын алмаса да, ланкестік әрекеттер қайталанбауына ешкім кепілдік бере алмайды, өйткені “бұған себеп болып отырған мәселелер шешілмей келеді”.
Кит етсе түрмеге жабу, қысым жасау, қатал заңдар қабылдау, жаппай жұмыссыздық, шалғайдағы ауылдардың жағдайының қиындауы — осы мәселелердің бәрін шешуде билік тарапынан жүйелік байқалмайды. Сондықтан, ланкестік әрекеттер орын алуы мүмкін, дейді ол.
Саясаттанушының сөзіне қарағанда, биылғы жыл оңай болмайтын көрінеді.
Ел ішіндегі тілге, ұлтаралық қатынастарға, жемқорлыққа байланысты мәселелер ұшығып, одан сайын еліміздің әлсізденуіне әкеледі. Мемлекет неғұрлым әлсіз болса, қоғам неғұрлым біртұтас емес болса, сыртқы елдердің қысымы соғурлым күшті болады. Ол дегеніміз сыртқы саясатта да қиындықтар туындайды деген сөз, — деп жағымсыз түйін жасап отыр Расул Жұмалы.
Тоқырау жылы болады
“Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы Дос Көшім үстіміздегі жылдан жаңалық күтпеу керек дейді.
Менің ойымша, биылғы жыл ешқандай өзгерістер әкелмейді, саяси күштер үшін және билік үшін бұл тоқырау жылы болады. Өйткені, билік қазіргі қалыпты сақтап қалуға тырысады, ал белгілі саяси күштердің белсенділгі бәсендейді. Бұл оппозицияға да ұлттық бағыттағы күштерге де байланысты,— деп бастады талдауын ұлтшыл саясаткер.
Оның сөзіне қарағанда ұлтшылдар наразылығына қарамастан, биыл Ресеймен жақындасу күшейеді.
Биліктің ұлттық мәселерді көтеруі белгілі саяси ойыны болуы мүмкін, Мұсабаевтың мысалы айтқаны, немесе Кариннің мемлекетаралық парламент болмайды дегені сияқты. Ал, іс жүзінде Ресеймен жақындасу сол күйінде жалғаса береді, — деген пікірде Дос Көшім.
Ол жақын арада болады деп күтіліп отырған биліктегі ауыс түйіс маңызды өзгеріс әкелмейді деген сенімде.
Мен кезекті ауыс түйістерге күле қарайтын адаммын, орын ауыстырғанымен бәрі сол адамдар ғой. Оларды ары бері ауыстыру еш өзгерістерге алып келмейді. Биыл жалпы тоқырау жылы болады. Олигархтық топтар арасындағы өзаралық күрес бәсендейді. Абықаев пен Мусин арасындағы текетірестен кейін олар да біраз әліптің артын бағып отырады. Назарбаев биыл орнынан кетпейді деп ойлаймын, денсаулығы бар, және әзірше билікте оған қарсы шығатын күш жоқ қой. Жақын арада әділетті сайлау өтеді немесе басқа да бәсекелестікті байқап отырғам жоқ, қазіргі біздің қоғамымыздың жағдайында,— деген ойға келіп отыр Дос Көшім.
Саясаткердің ойынша, биыл Жанаөзен мен Арқанкердей қасырет қайталанбаса да, алайда ланкестік әрекеттер әбден жалғасуы мүмкін.
Біз 1992 жылғы жасалған дін туралы заңның нәтижесін көріп отырмыз бүгінде, тым көп уақыт жіберіп алдық. Былтыр өзімізше заң қабылдап жағдайды түземек болдық, бірақ ол заң да өте әлсіз шықты. Әртүрлі діни бағыттардағы ұйымдар өз құрылымдарын құрып үлгерді, сондықтан олар өз жұмыстарын жалғастырады, ал ланкестік әрекеттер әбден орын мүмкін, деп қауіптенеді Дос Көшім.
Оныің болжауынша, оппозиция да тоқырау кезеніне тап болады, “қуаныштан гөрі қайғысы көп жылдан кейін, ес жию үшін уақыт керек, сондықтан биыл тоқырау жылы болады деп ойлаймын, өйткені былтыр күтпеген нәрселер көп болды. Сондықтан қоғам адам секілді бастан өткен жағдайды ой-елегінен өткізіп есін жию керек”.
Экономикалық жағдай да мәз емес
Экономист Болат Дүйсембінің пікірінше жаңа жылда Қазақстанда халқының әлеуметтік жағдайы төмендеп, бағалар шарықтай түседі.
Жыл басталысымен жылу, тағы басқа коммуналдық қызметтер бағасы көтерілді, сонымен қатар, зейнетақы мен мемлекет жәрдемақылар көлемі өсті, алайда бұл өсім бағалар өсуіне сәйкес жасалған жоқ. Қосылған ақшаны көтерілген бағалар жеп қойды. Жыл ортасында бағалар міндетті түрде тағы өседі, қанша пайызға нақты айту қиын, бірақ бағалар көтерілетіні анық, — деп көңілсіз болжам жасап отыр экономист.
Оның айтуынша, еліміздің алдында әртүрлі экономикалық қиындықтар туындауы мүмкін.
Әлемдік дағдарыс бізді айналып өтеді дегендері далбаса, ал Ұлттық Банк жария етіп отыратын инфляция барып тұрған өтірік. Мұнай бағасы өссе де, айлық көлемі көтеріле қоймайды, сондықтан халықтың әлеуметтік жағдайы төмендейді. Қазақстан былтырғы қосылған Кедендік одақ бұған өз үлесін қосып отырады, мысалы Ресейде осыған байланысты заң қабылдап қойған, ал бізде оны ойластырмаған. Неге? ‑деп сауал қояды Болат Дүйсембі.
Экономисттің пікірінше, Қазақстанда экономикалық болжам жасау қиын, дегенмен, ол 2013 жылды өте ауыр жыл деп бағалап отыр.
Сырт көзбен қарағанда, бәрі жақсы сияқты, бірақ шын мәнінде олай емес. Мемлекеттің дәулетті, мықты болуы тек оның сыртқы фасады — макроэкономикалық шымылдық жамылып, әлемге дамыған ел болып көріну емес, ол тек қана ішкі экономиканың дамуын өз халқының кедейшіліктен, әлеуметтік теңсіздіктен, әділетсіздіктен құтылуына, жерінің, елінің байлығын әр азаматтың ауқатты өмір сүруіне бағыттағанда ғана іске асады. Қарапайым халық байымай мемлекет дәулетті болмайды, бұл қоғамның табиғи даму заңдылығы, — дейді Болат Дүйсембі.