Сапасы төмен, қалталары «тесік» қазақ сайттарының қаржылық ахуалы қайтсе жақсармақ? Сайттардың саны артқаннан сапа жоғарылай ма? Қазақ сайттары арасындағы бәсеке көрігін қыздыруға не кедергі? Тілшіміз осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрген еді.
Автор: Асқар ҚУАТҰЛЫ
Қазақстанда Интернет қызметін қазақ тілінде қолданушылар саны артқан сайын қазақ тіліндегі контентті де дамыту өзектілігі артуда. Мемлекет тарапынан да қазақша контентті дамытуға айрықша көңіл аударылып отыр.
«Тәжиннің тізімі» интернетке не береді?
Күні кеше ғана ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин қазақша «KZ» домендік аймақта сапа мен контентті жақсарту, отандық интернет кеңістіктегі танымал блоггерлер мен әлеуметтік желі модераторларының мәліметтер базасын құру, мемлекеттік медианы нарықтық индустрияның маңызды бөлшегі ретінде қарастыру керектігін айтқан.
Сол-ақ екен, ескі әдетіне басып, екіге жарылған Интернет кеңістікте «Тәжиннің тізімі» аталған жаңа ұғым пайда болды. Бірі мақтап, бірі даттап, саналуан пікір айтқан ағайынның уәжі де әртүрлі. Араларында «мемлекет енді Интернет пен әлеуметтік желідегі өткір ой айтатын азаматтарға ауыз салды» деп аттанға басқандар да жетерлік. Шенеуніктер көздеген басты мақсат пен мүдденің не екені әзір белгісіз. Яғни, уақыт еншісіндегі мәселе. Бірақ бүгінгі қазақ интернетінің проблемалары күн тәртібіне шығарылғаны анық.
Егер ресми құжаттарға салсақ, интернет желісі қазақстандық сегментінің (Қазнет) бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамытудың 2008—2012 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 сәуіріндегі № 358 Қаулысында да бұл жайттар ашық көрсетілген. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда орыс тіліндегі — 32 680, ағылшын тілінде 4500 сайт бар. Ал мемлекеттік тілдегі сайттар саны тіпті 4 мыңға да жетпеген. Егер пайыздық көрсеткіштерге шақсақ, орыстілді интернет ресурс — 79,6%, ағылшынтілді — 11%, қазақтілді — 9,3%.
Осыдан үшін жыл бұрын Қазақстан интернет компаниялары қауымдастығының жетекшісі Шавкат Сабиров қазақша сөйлесу сайттарда сәнге айналғанын айтқан болатын: «Соңғы бес жылдың ішінде қазақ тіліндегі Интернет ресурстардың саны 8 пайызға артты. Егер 2004 жылы мемлекеттік тілдегі сайттар барлық көлемнің тек 4%-ын ғана құраса, 2009 жылдың соңына қарай бұл 12 пайызға өсті. Бұл қазақ тілінде сөйлесу күннен-күнге сәнге айналып келе жатқандығымен байланысты. Сонымен қатар мемлекеттік сайттардың барлығында (шамамен 120) қазақ тіліндегі нұсқасы болуы тиіс». Еліміздегі қазақ сайттары орташа есеппен алғанда, 20 пайызға өсіп отырған. Осының арқасында сол кезең ішінде орыс және ағылшын тіліндегі сайттардың өсу қарқыны 15 пайызға бәсеңдепті. Сонда үш жылдың ішінде қазақ сайттарының саны 1,3 пайызға өскен: 2009 — 8 пайыз, 2012 жылы — 9,3 пайыз.
Беделді сайттар саусақпен санарлықтай
Мемлекеттік тілдегі интернеттің күшеюі бір жағынан демографиялық ахуалға байланысты. Уақыт өткен сайын заманағи технологияның тілін білетін жас ұрпақ қатары көбеюде әрі аға буын мен орта буын өкілдері де бәсеке алаңынан шет қалмай, Интернет ресурстардың мүмкіндігін барынша кеңінен қолдануға тырысуда. Оның үстіне, Үкімет те халық қазынасынан бөлінетін қаражатты сайттар санын арттыруға бағыттауда.
Мәселен, 2013 жылдың 22 қаңтарында Астанада өткізілген Қазақ сайттары редакторларының конференциясында ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаев: «Үкімет үстіміздегі жылы 450 интернет ресурсын ашуды мақсат етіп отыр. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан бөлінген 1 млрд. доллардың 110 млн. доллары Интернетке арналған» деп мәлімдеген еді. «Абай-ақпарат» ҚҚ вице-президенті Айдос Сарымның айтуынша, былтыр 200-ден астам БАҚ өздерінің төл сайттарын ашқан. Қазақ интернетінің дамуына бұл да үлкен сеп, әрине. Алайда, сайттардың көп болуы сапаға әсер ете ала ма? «Қазконтент» АҚ Басқарма төрағасы Айдос Қыдырманың пайымдауынша, еліміздегі жүйелі түрде жұмыс істейтін 100 сайттың ішінде ең беделді деген небары 11 сайт бар. Ал ақпараттық сайттар 2—3‑пен шектеледі: «Қазақ сайттары арасында қызу бәсеке жүріп жатыр деп айта алмаймын.
Меніңше, ол енді басталады». Қазіргі кезде танымал қазақ сайттарының алдыңғы легінде «Абай-ақпарат» ҚҚ-ның www.abai.kz сайты тұр. Қоғамдағы саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселеледі түгел қамтитын бұл сайттың тұрақты оқырмандары да көп. Сонымен қатар «Азаттық» радиосының сайты да (www.azattyq.org) беделділер қатарында. Әлеуметтік желілердің бірінде жүргізген сауалнама нәтижесінде қандастарымыз танымал деген қазақ сайттарының тізімін былайша түзген еді: www.abai.kz, www.azattyq.org, www.halyksozi.kz, www.ult.kz, www.ulttimes.kz, www.zhasalash.kz, www.jasqazaq.kz, www.alashainasy.kz, www.aikyn.kz, www.shyn.kz, www.ekpin.yvision.kz, www.massaget.kz, www.it-tirlik.kz, www.jaqsy.kz, www.namys.kz, www.baq.kz, http://www.qalaisyn.kz/
Астанадағы сайттар жетекшілерін жинаған басқосуда Қазақ интернетінің даму бағыты, Интернеттегі қазақ оқырманын, қазақ тұтынушысының сұранысын қанағаттандыру, мемлекеттік тілдегі кемшін түсетін тақырыптарды анықтау салалық сайттар проблемаларын анықтауға баса назар аударылған еді. Сонымен қатар жиында сайттардың сапасын көтеруге ықпал журналистерді дайындауға ұсыныс білдірілді. Өйткені, бүгінде сайттарда бірін бірі көшіріп басу, ұрлап алу, авторлық құқықты басу, бейпіл сөздерден құралған бәдік мақалалар, өсек-аяң, жала жабу секілді басқа да келеңсіздіктер белең алған.
«Сайттар үкіметке қол жаймасын»
Соңғы кездері қазақ тіліндегі сайттар жайлы сөз қозғалса, қаражат тапшылығы бірге көтерілетін болды. Осы салада жүрген қазақ мамандар мемлекет қаражат бөлу арқылы қазақ сайттарын дамытуға міндетті десе, CNP Processing GmbH интернет процессорының бас менеджері, «Award.kz» Ұлттық интернет сыйлығы» қоғамдық қорының директоры Константин Горожанкин мемлекетке қол жаю, үкіметтен көмек күту Интернет нарығындағы бос кеңістік тізгінін шетелдіктерге берумен тең екенін көлденең тартады.
Бүгінде отандық интернет нарықта шетелдіктер басымдыққа ие. Горожанкин еліміздегі мұнай мен газдың молдығы жастарды еркелетіп жібергендіктен, ІТ саласының мамандары жоба жасап, ақша табуға талпынудан гөрі мансап қуып, деңгейі жоғары жалақы алуға ұмтылатынын айтады: «Осының салдарынан заманауи технологияны жақсы меңгерген мамандар өзге салаға кетуде».
Былтыр интернет арқылы 9 млн. долларға жарнама беріліп, 250 млн. долларға сауда жасалған: «Егер еліміздегі қазақтар санының 65—70 пайызға жақындап қалғанын ескерсек, Интернет арқылы жұмыс жасауға, пайда табуға қазақтардың да мүдделі екенін және бұл тұрғыдан алғанда аса белсенді екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстандық теміржол қызметіндегілер Интернет арқылы 1 миллионнан астам билет сатылғанын хабарлады» деген К.Горожанкин былтырдан бері кинотеатрлар билеттерін Интернет арқылы сату қызметі іске қосылған бойда алғашқы 4 айда 25 мың билет сатылғанын жеткізді.
Ал Айдос Сарымның пікірінше, «Қазнет қазір жоқ, біздегі — тек рунеттің жалғасы. Пайда түсірмек түгілі, қазақ сайты қалтарыста қалып қойып жатыр. Осы ретте латын әліпбиіне көшу қазақ сайтына серпіліс береді. Шетелдегі қандастарымыздың есебінен оқырман қатары кеңиді. Мемлекеттің басты көмегі — Қазақстандағы әрбір азаматқа интернет жеткізсе, және оны арзандатса. Егер менің 100 мыңнан аса оқырманым болса, маған мемлекеттің де, ешкімнің де көмегі керек емес. Таза жарнамамен өмір сүрер жағдайға жетем». Латын мәселесіне қатысты пікір білдірген «Керек ньюс» сайтының жетекшісі Аршат Оразов: «Транслит құралы бар, кириллица жазғанда, латынға бірден ауысады. Сондай көмекші құралдың негізгі мақсаты — латынға үйрете беру, көзді-қолды үйрету» дейді.
Кез келген мәселеде қазақты қауқарсыз, қабілетсіз көрсетуге тырысатын сыңаржақ пікірмен де келіспейтінін ашық мәлімдеген Константин Горожанкин «қазақ жастары заманауи технологияның қыр-сырын білуге қабілетсіз» деген сөзді теріске шығарды: «Өзбекстанда қазір бірінші орынды иемденетін Интернет-порталдың іргетасын қалаған қазақ жігіттері кәсіби тұрғыда жүргізіп отыр. Олардың Қазақстанда жасаған «Nur.kz» жобасы да елімізде табысқа ие болды». Жалпы сайттардың танымалдығы интернет қорды қанша адамның қарағанымен, қаншалықты сол сайттың көмегіне жүгінетіндігімен екшеледі.
Қазақ тіліндегі тұңғыш порталдардың бірі www.massagan.com сайтының негізін қалаушылардың бірі Жанарбек Матайдың пікірінше, ең жақсы есептегіш — Гугл аналитикс. Ал Константин Горожанкин қазақ сайттарының статистикасын жеке жүргізу қажет дейді. Осы орайда, көпшілік арасында қызу пікірталас тудырып келген www.zero.kz сайтының басшылығы қазақ сайттары үшін арнайы тармақ қосуға шешім қабылдапты. Бұл қазақ сайттары арасындағы бәсекені арттыруға сеп болатын көрінеді әрі жарнама берушілердің қызығушылығын оятары хақ.
Айтпақшы, еліміздегі web-қорлар қарымын саралайтын сайттың алғашқы ондығы түгілі, жиырмалығында тек Сұрақ-жауап сайты ғана ілігіпті. Сайт жетекшісі Ербол Серікбай «Сұрақ-жауапқа» күніне 20 мың адамның кіретіндігін, бірақ жарнама берушілердің ешқайсысы өз тарапынан серіктестік орнатуға, яғни, жарнама беруге құлшынбағанын айтады. Осы себепті, бір топ жас өздері қазақ тілінде қызмет көрсететін жарнама агенттігін құруға құлшынып отыр. Қазір қазақ тіліндегі салалық сайттар санын көбейту маңызды. Өйткені олардың қатары өте сирек.
Мысалы, тарих пен әдебиет тақырыбын көтеретін «Күлтегін», қазақы құндылықтар, адамгершілік пен діни сауаттылықты ашуды мақсат ететін «Азаматтар», компьютер мен сайт жасау және ғаламтордағы ғажайып мүмкіндіктер, электрон және информациялық қолданылымдар, сабақ ұйымдастыру, тақырыпты талқылауды көздейтін «Қазақсофт», Интернет саудасының қыр-сырын меңгеруге талпынатын «Қазақ сауда» торабы сапа биігіне көрінуге күш салуда. Сондай-ақ, жастарды жаңаша ойлауға және білімге жетелейтін Жаңа ой орталығында (www.zhanaoi.kz) ІТ саласының мүмкіндіктерінен мағлұмат аласыз. Салалық сайттар арасында қазақы салт-дәстүр, қазақ әдебиетіне ден қойғандары бар. Солардың қатарындағы www.naqyl.kz сайтында халық даналығы тізілген. Заманауи технологияның мүмкіндігін жас ұрпақты рухани тәрбиелеуге пайдаланып жүрген тұлғалар арасында Әбіш Кекілбаев ағамыз бар. Оның kekilbaev.kz жеке сайтына кірсеңіз, қазақы рухтағы небір керемет дүниені табасыз. Кейінгі кездері спорт саласын насихаттауға бағытталған сайттар да көбейіп келеді: www.sportsarap.kz.
Бүгінде сайт ашу оңай шаруаға айналды. Тек оны дөңгелетіп әкетуге екінің бірі қабілетті емес. Әлбетте бұл талаптанғандардың арынын тоқтата алмасы анық.
Оригинал статьи —