Еліміздегі кинотеатрларда 21 наурыздан бастап «Ертөстік және Айдаһар» атты алғашқы отандық толықметражды анимациялық фильм көрсетіле бастады. Бір апта ішінде 31 миллион теңгеден астам жинаған мұльтфильм ғаламторда сан алуан пікірлер тудырды. Кейбіреу көрермендер сынап жатса, кейбіреулері мақтап жатты.
Автор: Асқар ҚУАТҰЛЫ
Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба демекші, өткен демалыста бала шағамен «мультикті» көрген соң, өз ойларыммен бөліскім келіп отыр. Ертегі десе жанып түсетін 3 балам кинотеатрға күні-бұрын дайындалып, ерекше шат көңілмен келді. «Шрэк», «Мадагаскардың» әндерінен кейін экраннан төгілген қазақы әуен, қазақша сөйлеген кейіпкерлер оларды кәдімгідей қуантты. Мультфильм аяқталғаннан кейін де біразға дейін өздеріне келе алмай, бір-біріне көргені мен түйгенін жарыса айтып, дауырығысты. Бала көңілге «Ертөстік пен айдаһар» ұнаса керек. Бірақ 45 жылдан бері тың да соны дүниені сарыла күткен ересек көрермен көкейіне не түйді? Мультфильмнің режиссерлері — Жәкен Дәненов пен Рустам Тұралиев 3 жылдан астам уақыт, 3 миллион доллар кетірген туынды неге бәрінің көңілінен шықпады?
«Қазақфильм» киностудиясының басшысы Ермек Аманшаевтың айтуынша, киностудия жанынан 3 жарым жыл бұрын ашылған Анимация орталығында «Ер Төстік және Айдаһар» анимациялық фильмінің жұмысы тоқтамай жүріп отырған екен. Шығарманың сюжеті Ер Төстік эпосының мазмұнына негізделген. Рас, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы шыққан алғашқы толықметражды 3D форматында шығарма, қазақтар түсірген тырнақалды анимациялық туынды деп өзімізді жұбатуға болады. Бірақ сапа мен талғамы жоғары көрерменнің көзімен қарасақ қалай? Қазақтың қарадомалақтары, әсіресе, ауылдың құмдағын шаңытып өскен бүгінгі ұрпақ арасында «Ертөстік» ертегісін оқымаған, Ертөстік секілді рухы биік батырды білмейтіндері некен-саяқ. Тіпті, жоқ десек те, артық айтқандық емес. Өйткені, көп бала Ертөстікке еліктеді, Ертөстік сияқты батыр болуға ұмтылды. Атасы мен әжесінің қоңыр мақаммен: «Баяғыда Ерназар дейтін бай болыпты. Оның сегіз ұлы болыпты» деп басталатын ертегісін кез келген қарадомалақ іліп әкетіп, «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дейтін тұсына айрықша тоқталатын. «Ертөстіктегі» балалардың көңіліне жақын кейіпкерлер — Ертөстік, Кенжекей, Шалқұйрық, Перінің қызы Бекторы, мыстан кемпір, Шойынқұлақ, Көлтауысар, Таусоғар, Желаяқтар атты кейіпкерлердің бәрі балаларға жат емес.
Бірақ ертегіні мультфильмге айналдырған сценарий авторлары біз білетін «Ертөстікке» біраз өзгертулер енгізіпті. Бізге бала күннен жақсы таныс кейіпкерлердің көпшілігі кездеспейді. Бәлкім кітаптағы ертегіні экран бетінде айнытпай қайталау қиын шығар. Бірақ түпнұсқадан алшақ кету де — жаңсақтық, деп ойламын. Оның ішіндегі шетелдік мультфильмдерден таныс кейбір персонаждың кездесуі қазіргі қарадомалақтарға таңсық болмағанмен, қазақ ертегісіне кітаптардан сусындап өскен аға буын өкілдеріне шынымен біртүрлі көрінді.
Ертөстік» ертегісіне тән кейіпкерлер санының қысқарып қалғаны түсініксіз. Бұл орайда «Егер менің құдіретім болса, «Қазақ ертегілері» атты анимациялық орталық ашып, алты томдық қазақ ертегілерін бірінші беттен бастап, түсірер едім» деп армандаған белгілі жазушы Дулат Исабеков мультфильмді сценарийсіз түсіре беруге болатынын, себебі, сценарий жазғалғанда ертегі өзгеріске ұшырайтынын көлденең тартты.
«Ертөстік пен Айдаһардағы» тағы бір кемшін тұс, мыстан кемпірдің қызы Бекторы Ертөстіктің сүйгені Кенжекейдің бейнесіне еніп алып, батырды алдап, арбауға тырысады. Бұл жерде айтылатын мәселесе, перінің қызы қандай кейіпке (жыланға, адамға, тасқа, затқа т.б.) де оңай айналатыны белгілі. Ендеше екі Кенжекеймен Ертөстіктің басын қатырғанша, басқа сұлу қызға айналу арқылы ертегіні қызықты да шырғалаң етіп өрбітуге болатын еді. Екіншіден, ертегінің ең қызық жері — Ертөстіктің жер астына түсуі. Бірақ мультфильмде батырдың жердің астына қалай түскені көрсетілмейді. Тағы бір қызықты тұс — Шалқұйрықтың қара жерді теуіп кеп жіберіп, жеті қат жердің астына түсіп кететін сәті. Балалардың демдерін ішіне ала оқитын осы тұста та мультфильмнен тыс қалған. Жылан бапылар да көзге шалынбады. Кітап пен экрандағы «Ертөстіктің» арасы алшақ дейтініміз сондықтан. «Ертөстік пен Айдаһарды» қолға алғандар саясат аулыынан алысқа ұзай алмаған сияқты. Мәселен, ертегіде Ертөстікті жер астынан Самұрық құс шығарып алады. Ал мультфильмдегі самұрық «Бәйтерекке» ұқсас. Сірә, билікке жалтақтағандар жағымпаздыққа ұрынса керек… Алып құс — Самұрық келе жатқанда жел тұрып, дауыл соғып, жаңбыр жаууы тиіс еді. Ал анимациялық құс мұндай кереметтен ада боп шықты. азақтың ауыз әдебиетінде тасбақа ешқашан ерліктің, батырлық пен мәрттіктің символы ретінде берілмеген. Сосын Ертөстік батыр тек айдаһармен алысумен шектелмеген. Жер бетіндегі тіршілік біткеннің бейғам өмір сүруін, тыныштық пен бейбітшілік орнауын, әділеттіліктің салтанат құруын көздеп, сол жолда күрескен. «Ертөстік пен айдаһар» деген атау бейне батырдың күшін айдаһармен шектеп қойған секілді көрінеді. Егер кітаптан сусындап өскен ертегідегідей жай ғана «Ертөстік» деп қойса, әңгіме басқа».
Көрермен ретінде ой түйсек, мультфильмнің жарыққа шығуы — көңіл қуантарлық іс. Әрі бюджеттен қыруар қаражат бөлініп жатқанда балаларға арналған тың дүниелердің тууы — заңдылық. Ендігі кезекте «Алтын сақа», «Кендебай», «Күн астындағы Күнікей қыз» сияқты басқа да қазақ ертегілерін мультфильм кейіпкерлері арқылы сөйлетсек, бала тәрбиесі, келешек ұрпақ тәрбиесіне қомақты үлес қосылары анық. Оның үстіне, қазақ ертегілерінде жеті басты айдаһар, жеті көзді дәу, алып арыстан т.б. бала қиялын шарықтатын кейіпкерлер көп. Тек соны қазақы қалыптан алыстатпай, бала көңілдерге ұнамды етіп шығара білсек, құба-құп. Мұндайда арнайы анимациялық студия ашу ісін қолға алу мңызды. Өйткені, экранға шығатын дүниелердің барлығын «Қазақфильмге» жүктей беру — қисынсыз. Анимациялық студия ашып, жыл онекі ай бойы мультфильмдер түсіруге ден қойсақ, қазақтың қарадомалақтары Бэтмен, Шрек, Спайдермен т.б. еліктемей, яғни, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп өседі.
Оригинал статьи: