Өткен сенбіде Алматыда оппозиция өкілдері бастаған референдум өткізу жөніндегі жиынға аймақтардан және Астана мен Алматы қаласынан 500-ден аса адам қатысты. Біз олардың бастамаға деген пікірін сұраған едік.
Автор: Жанна БИСАРОВА
Астанадан келген «Желтоқсан» қозғалысының жетекшісі Құрманғазы Рахметов, референдум мақсатына жету халыққа байланысты деген ойда.
- Мәселе бұл істің алға басқанында, деп ойлаймын, бұл референдумнан зор үмітіміз бар. Өйткені, біз халық болып өз құқықтарымызды қорғауымыз керек, елімізге, жерімізге төніп тұрған қауіп-
қасіретті болдырмау үшін, әсіресе атом электр станциясын салу және ядролық қалдықтар қоймасын орналастыруды. Референдумге енгізілген қалған сұрақтарды біз көтеріп жатсақ оны билік орындауға тырысып жатар, ал көтеріліп отырған мәселелер орынды, халық қабылдап, ары қарай алып кетеді, деп сенемін. Өз басым жақсы нәтиже күтемін, әрине бұл оңай жұмыс емес, бірақ, «Көп түкірсе — көл болады» дейді ғой, мұның бәрі халыққа байланысты енді. Менің ойымша, халық оппозицияны дәл осы мәселеге келгенде қолдайды, өйткені бұл әр адамның жанына батып отыр деп есептеймін,— дейді Құрманғазы Рахметов.
Орал тұрғыны, белгілі бард ақын Жанат Есентайдың айтуынша, Кедендік одақ бізді бодандыққа алып келеді.
- Кедергілерге қарамастан Батыс Қазақстан облысынан 35 адам келдік, барлығымыз үлкен үмітпен келдік. Билік Кедендік одақ және Еурозиялық одаққа халықтың пікірін білмей неге қосылады? Бұған оралдықтардың көбісі қарсы деп айта аламын, өйткені бұл жерде қазақ мүддесі ұтылып жатқан жері бар. Елімізді бұл бодандыққа қайта алып келуі мүмкін, бұл істің артында тұрғандар Кенес одағын қайта құруды көздеп отырған шығар. Референдумға шығарылған тағы бір мәселе әкімдерді сайлауды қолдаймын, сондай ақ, атом электр станциясын салуға қарсымын. Оны Ақтауға саламыз дейді, ал сол жердегі халықтың жағдайын ойлап жатқан билік жоқ, неге тұрғындар пікірін сұрамайды? Негізі бұл референдумды билік өткізу керек еді, мен ауылдарда жиі болып тұрамын, халықтың көбі наразы биліктін бүгінгі әрекеттеріне. Бұл бастама мәресіне жете алмаған күнде де, біз пікірімізді білдіре аламыз, халықтың басын қосып, көп нәрседен хабардар боламыз, — деді ақын.
Көптен бері азаматтық белсенділік танытып жүрген Тараз тұрғыны Эльмира Айтбекова референдумға қатысты жиыннан тыс қала алмағанын айтады.
- Мен осы жиынға келген себебім, мен еліміздің болашағына немғұрайлы карай алмаймын. Әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту, жумыссыздық мәселесін де көтеру керек. Бұл масқара ғой! Бізде не жұмыс жоқ, қалай зейнетке шығамыз? Осы мәселені де референдумда көтеру керек сияқты, мен шынымды айтсам сол үшін де келдім. Референдум сұрақтарын мен толығымен қолдаймын, тақыраптардың бәрі дұрыс қойылған, өзекті. Осы бастаманы аяғына жеткізуге талпыныс жасау керекпіз барлығымыз бірігіп, халық болып. Сонда нәтиже болады деп сенемін, бәріміз атсалысып қол жинау керек болса, біз дайынбыз. Менің жерлестерім де бұл бастаманы қолдайды деп үміттенемін. Мәселен, Беларусь пен Ресейге Кедендік Одақ арқылы қосылуға біз қарсымыз, өйткені Қазақстан тәуелсіздігін жоғалтып алуы мүмкін, — деген пікірде қоғам белсендісі.
«Ұлт тірлігі» қоғамдық қорының жетекшісі, Астана тұрғыны Бауыржан Шакарбекұлы мұндай жиынға алғаш рет қатысып отыр.
- Бұл референдум өткізудің алғашқы кадамы ғой, халық қолдап бұл бастама сәтті аяқталады деген сенімдемін Менің білуімше Астана тұрғындар арасында референдумда қойылған сұрақтарды қолдайтын адам аз емес. Алматыға әр аймақтан жұрт жиналды, оларды сол өңірдің өкілі деп түсінген дұрыс, сондықтан бұл бастама бүкіл елімізде қолдау тауып отыр деп айтуға болады. Біз тәуелсіздікке қолымыз енді жеткенде одан айырылып қалуымыз мүмкін, сондықтан бұл бастаманы санасы бар әр қазақ қолдайды деп ойлаймын, — дейді Бауыржан Шакарбекұлы.
Ақтау қаласынан келген Алуаш Оңғарова Жанаөзен тұрғындарының да тілектерін жеткізді:
Менімен бірге келді Маңғыстау жерінен азаматтар, бірақ көбісі келе алмай қалды жан жақтан қысым болғасын. Жанаөзен қасіретінен біраз уақыт өтті, алайда ештене өзгерген жоқ, халықтың жағдайы сол күйде. Олар да біздің еліміздің азаматтары, олар да жақсы өмір сүргісі келеді, сондықтан біздер толығымен қолдаймыз. Мен үстіме тәуелсіз Қазақстанның туын киім қылып кидім, бірақ еліміз шынайы тәуелсіздікке ие болып отырған жоқ, сондықтан ойланайық, ағайын!
Шымкент қаласының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Жеңіс Досжан:
- Референдум өте орынды өтіп жатыр, себебі тәуелсіз ел болғалы 23 жылдан бері жақсы бір өзгерістер байқалмайды. Шешілмеген мәселе көп, қазір соның 4 і қойылып отыр, реферундумға шығарылған сұрақтардың бәрі шешіле қояды деп ойламаймын. Себебі ол үшін ауызбіршілік керек, күресу керек, сатқындар арамызда болмау керек, сонда ғана мақсатымызға жетіп, ең болмаса қойылған мәселенің 1—2 ін шешуге болады. Әрине, референдум өткізіп, бәрі шешіліп, жақсы өмір сүріп кетеміз деп айтуға болмайды. Бірақ, соған талпыныс жасау біздің азаматтық борышымыз. Өңірдегі қарапайым халық оппозицияға сеніп отыр, өкіншке орай, әр түрлі қысым жасалып, әр түрлі себептермен 15 адамдай келе алмай қалды. Олар бізге сәлемдемесін айтып жіберді. Бұл билік тарапынан кворум болмасын деген әрекеті ғой, референдум заңсыз болсын деп, бірақ олар мақсатына жете алмады, — деген пікірде Женіс Досжан.
Тұрақ Байзак, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының тұрғыны былай деп ой бөліседі.
- Референдум өтеді деп мен сенемін, әрине оңай шаруа емес, бірақ ешнәрсе шықпайды қол құсырып отыра берсек. Сұрақтардың барлығы дұрыс қойылған, өте маңызды. Атом станциясы туралы, әкімдерді сайлау, осылардың бәрі орынды деп есептеймін. Әкімдерді сайлайтын болсақ көп өзгеріс болады. Қолдаймын бәрін. Жерлестерім де қолдайды деп ойлаймын, жолда, поездың ішінде де осыны әңгіме қылдық, бәрі құптап отыр. Өкінштісі, мына жерде Жармахан Тұяқбай болмады, осындай мәселеге келгенде олардың басы бірігу керек еді ғой. Ал енді мақсатқа жете аламыз ба, жоқ па? Бұл оңай шаруа емес, сонда да күресу керек, талпыну керек. Бүгінгі жиынға адам болмай қала ма деп едік, тіпті асып кетті, бұл жақсы ғой, соған қарағанда беталыс жаман емес сияқты.
Естерінізге сала кетейік, референдумға төрт сұрақ енгізілген, олар: Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктен шығу, ірі кәсіпорындарды мемлекетке қайтару, әкімдер сайлауын енгізу, ядролық отын банкі орналастыруды және атом электр станциясын салуды тоқтату.
Референдум өткізу жөніндегі жиын өткен сенбіде Алматыда өтті, оған бүкіл республикадан 512 делегат қатысты. Бұл оппозиция тарапынан референдум ұйымдастыруға бесінші талпынысы. Бұрыңғы бастамалар әртүрлі себептермен сәтсіз аяқталғанына қарамастан, бұл жолы ұйымдастырушылар мәреге жетеміз деп үміттеніп отыр.
ОТ РЕДАКЦИИ: Судя по всему не только организаторы референдума, но и обычные граждане Казахстана очень надеются, что на этот раз попытка провести его закончится удачнее, чем предыдущие. Приехавшие со всех регионов страны гражданские активисты и простые жители в целом поддерживают идею референдума: они готовы голосовать за выборность акимов и против строительства АЭС. Однако если одни знают, что такое референдум, то другие, видимо, не очень, если предлагают попутно внести в повестку голосования еще вопросы, чтобы выразить протест против повышения пенсионного возраста женщин и урезания декретных выплат.
Оригинал статьи: