Құрметті оқырман! Бүгін біз назарларыңызға жаңа айдарымызды ұсынып отырмыз, мұнда белгілі саясаткер және журналист Әміржан Қосанов өзекті мәселелерғе қатысты өз ойын білдірмек. Айтары бар басқа да азаматтар ниет білдіріп жатса, құба-кұп.
Автор: Әміржан Қосанов
Бірқатар БАҚ хабарлауы бойынша “Астананың 15 жылдығы мен “ЭКСПО-2017”-нің құрметіне “Ұлы Дала Даңқы” мұражайын салу ұсынылды”. Мұндай бастама көтерген “Ұлы Дала Қырандары” атты қоғамдық қозғалыстың өкілдері, “бұл шын мәнінде әлемде теңдесі жоқ, Ұлы Далаға арналған тұңғыш мұражай болады” деп отыр.
Өз ұсыныстарын олар былай деп негіздейді: ““Бұл күнде астаналықтар Елордамыздың құрылуының 15 жылдығына және ЭКСПО-2017 әлемдік көрменің өткізілуіне дайындық үстінде. Осы орайда “Ұлы Дала Қырандары” РҚМӘ қозғалысы өз үлесін қосуды жоспарлап отыр. Ол Астана қаласының жанынан “Ұлы Дала Даңқы” — “Музей Славы Великой Степи” мұражайы құрылысын салу болып табылады. Бұл шын мәнінде әлемде теңдесі жоқ, Ұлы Далаға арналған тұңғыш мұражай болып саналады”.
Әрине, кез келген елдің тарихы мен бүгінін паш етіп, насихаттауға тиіс мұражайлардың көп болғаны жақсы. Оның үстіне қазақ даласының даңқы шын мәнінде өзінің лайықты бағасын ала қойған жоқ.
Бірақ осынау (және мемлекеттік қаржыны жұмсауға негізделген басқа да) бастамалар туралы естігенде, неге екені белгісіз, көңілді бір күдік билей бастайды.
“Аузы күйген үріп ішеді” дейді атам қазақ.
Бұған дейін де өткізілген әртүрлі үлкенді-кішілі іс-шаралар маңындағы қаржылық дау-дамайларды, қылмыстық істерді, шенеуніктердің сотталуларын еске алсақ, дәл осы мақал амалсыздан ойға оралады.
Оның үстіне осынау іс-шараларға бөлінген мол қаржының қалайша жұмсалып жатқаны — қалың қоғам үшін терең құпия. Сондықтан да ол ақшаның қайда кеткенін біз кейін, қылмыстық істер қозғалғанда ғана естіп жатамыз.
Ал “ЭКСПО-2017” туралы әңгіме тіпті бөлек.
Байқап отырсақ, енді билік айналысар басқа жұмыс қалмағандай: барлық бастамалар мен жоспарлар осы тақырыпқа ғана арналып, тек осы көрменің маңайы шыр айнала бастады!
Аталмыш мұражай ашу туралы бастама да осы науқаншылдықтың кебін киген сияқты.
Әйтпесе, Дала даңқын осы “ЭКСПО”-сыз да насихаттауға болатын еді ғой!
Ондай мұражай керегі керек қой, бірақ оның концепциясы қандай болмақ? Өткенімізге жан-жақты да әділ көзқарас беріле ме, әлде ондағы экспонаттар ел ішін жаулап бара жатқан жеке басқа табыну науқанының көлеңкесінде қалып қоя ма? Өйткені, меніңше, көрме мен мұражайды салыстыруға болмайды, екеуінің миссиясы екі бөлек. Көрме келеді де кетеді, ол уақытша нәрсе, ал мұражай болса — одан гөрі терең әрі тұрақты құбылыс!
Сондықтан “ЭКСПО” секілді тек қана жетістіктерді паш етуге тиіс шаруаның аясында құрылмақ кез келген нысан (оның ішіне мұражай да кіреді) осы мақтампаздық максимализмінің құрбаны боп кетуі әбден мүмкін. Гәп осында!
Неліктен көптеген бастамалар “ЭКСПО”-ның атын жамылып, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар секілді қаптай бастады ендігі жерде?
Меніңше, оның басты екі себебі бар.
Біріншіден, бұл — елбасының өзі батасын беріп, елдің таяудағы ең басты шаруасы мәртебесіне ие болған таза саяси жоба. Күнделікті баспасөзге қарап отырсаңыз, “ЭКСПО-2017” ендігі жерде біздің ұлттық идеяға айналып бара жатқан секілді!
Президентке тікелей қатысы болғандықтан әрбір шенеунік не олигарх ендігі жерде бұл көрмеден тыс қала алмайды да өзінің шама-шарқынша бастамалар көтеріп, елбасының көзіне түскісі кеп, әлектенетіні хақ. Өз басым ертең “ЭКСПО- 2017”-ге арналып поэмалар мен одалар, романдар мен повесттер жазылып жатса, аса таң қала қоймаспын! Құлақ үйренді ғой ондайларға. Яғни, “ЭКСПО”-ны қолдмағаның — билікті қолдамағаның” боп шыға келеді!
Екіншіден, осы көрмеге 1,5 миллиард доллардай қаржы жұмсалады деп о баста айтылды. Осыншама ақша — кейбіреулер үшін ең басты стимул! Қазір ел ішінде тараған әңгімеге сенсек, мемлекеттік қаржы жұмсалған кезде оның 30 пайызы “откат” ретінде шенеуніктердің қалтасына түседі екен. Осы есепке жүгінсек, шамамен 500 миллион доллар (!) талан-таражға түсіп, бүгінгі жарлы бастық ертең аяқ астынан байып шыға келеді!
Сондықтан да осы көрмеге арналған қаржының жұмсалуын қатаң қадағалау механизмін қарастыру қажет. Ол туралы үлкен қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылып, мәселені бүге-шігесіне дейін талқылап алсақ та, еш айыбы болмайды.
Қоғамды кеулеген ең басты екі сұраққа жауап берілуі тиіс. Осы көрмеден Қазақстан қандай пайда көрмек? Жұмсалатын қыруар қаржы өзін-өзі ақтай ма, жоқ па?
Жасыратыны жоқ, қазір жұрт арасында осы көрме туралы әртүрлі алып-қашпа әңгіме көп. Көкейдегі осы және басқа да сауалдарға нақты жауап берілмей, “ЭКСПО”-ға деген қоғамдағы сенімсіздік жойылмайды.
Ал көрмеге деген шағын сенімсіздік, түптеп келгенде, билікке деген үлкен сенімсіздікті арттыра түсетіні хақ.
ОТ РЕДАКЦИИ: Уважаемые читатели! Представляем вашему вниманию новую постоянную рубрику — авторскую колонку известного политика и публициста Амиржана Косанова. Он будет делиться с читателями своим мнением по актуальным проблемам нашего общества. Кстати, если будут другие желающие последовать примеру г‑на Косанова — милости просим.