Сонымен Шеңгелдіде нендей қанды оқиға болды? Оның жай-жапсарын мемлекеттік БАҚ неге жария етпеді? Мұндай ұлтаралық кикілжіңдерге неге қазақтар ғана кінәлі болып шығады? Мұндай жағдай біздің елде неге жиі орын алып кетті? Газетіміздің тілшісі қойған осы және өзге де сұрақтарға оқиға орнында болып қайтқан ұлтжанды азаматтарының бірі, белгілі журналист Қасым Аманжолұлы жауап берген еді.
- Қасым мырза, Шеңгелдідегі шиеленіске байланысты біздің оқырмандарға мән-жайды айтып берсеңіз?
- Шешен ұлтының өкілі атқан оқтан бір отбасы асыраушысыз қалды. Оқ тиіп жараланған екінші жігіт ауруханада жатыр. Құзырлы орындар одан болған оқиғаға қатысты тек қана түсінік алған. Ол өз атынан әлі шағым жазбаған. Жақындарының алдағы уақытта оны жәбірленуші ретінде қарастырмай тастай ма деген қаупі бар. Ал ашықтан-ашық адамға қарсы оқ атып, кісі өлтірген екі шешеннің бірі алдын-ала қамаудан босатылып, тергеуге үйінен келіп-кетіп жүр. Қаза болған жас жігіт Мадиярдың жаназасынан соң, ашынған ауылдас қазақтары шешендер тұратын үйлердің шарбақтарын қиратып, терезесін сындырғанына байланысты да тергеу жүргізілуде екен.
Менің ойымша, елдегі өзге этникалық топ өкілдері: «Егер мен бір қазаққа қиянат жасасам, бұл елде маған, бүкіл әулетіме орын болмайды!» деген оймен өмір сүруге тиіс. Осындай ойдың орнығуына қазақтың билігі де, қазақтың полициясы да, қазақтың қарапайым азаматтары да мүдделі болғаны жөн сияқты. Сырттан келген ұлт өкілдері қазақпен санасып өмір сүрмесе, тіршілігі түзелмейтінін түсінгені жөн болар ма еді. Сол кезде ғана біз ұлттығымыз бен мемлекеттігімізді сақтап қаламыз. Егер өз намысымызды қорғай алмасақ, жаман айтты демеңіз, қан тағы да төгілуі әбден мүмкін…
- Жалпы мұндай ұлтаралық қақтығыстар соңғы жылдары неге жиі орын алуда деп ойлайсыз?
- Біріншіден, біздің қазіргі билік елдегі ұлтаралық саясатта анық, ашық көзқарас ұстанған емес. «Татулық», «бірлік» деген сияқты жалпылама ұрандармен ғана шектеледі. Тереңдемейді. Аз ұлт өкілдерін қазақтың төңірегіне топтастыру саясатын жүргізбей келе жатыр. «Ала қойды бөле қырқуды» ғана біледі.
Екіншіден, мемлекеттік тіл іс жүзінде жұмыс істемей отыр. Ақорда мемтілді тек қазаққа ғана керек сияқты әсер қалыптастыруда. Билік өзге ұлттардың орыс мектептерінде оқуына мейлінше жол ашты. Екі тілде сөйлейтін бір-бірін ұғыныспаған бір ауылдың адамдары суыққабақ болмай қайтеді?!
Үшіншіден, полиция жемқорлыққа батқан. Жергілікті полицияның халық алдында еш беделі жоқ. Айбарсыз, қауқарсыз учаскелік полицияның өз аймағындағы суық қаруды, қылмыстық элементтерді уысында ұстай алмауы үлкен кемістік.
Төртіншіден, ауылдың азаматтары намыссыз, жігіттер жігерсіз боп отыр. Өздерін сыйлата алмайды (сыйлатпақ түгілі, осы Шеңгелдіде қазақ жігіттері бірі-бірімен шешенше амандасатын көрінеді). Қаруға жүгінбей-ақ, қылмысқа жеткізбей-ақ, оларды жөнге салып отыруға болар еді ғой. Қазақ ол жердегі көпшілік болса, көпшілік ұлт басқаларды басқара білуі керек қой! Мұны да мойындауымыз керек.
- Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан біз ешбір диаспора өкілінің азаматтық құқын заң шеңберінде шектеп отырған жоқпыз. Ендеше бұны басқалардың басынуы деп бағамдауға бола ма?
- Қазақстанның барлық азаматтары ұлты мен жынысына қарамай, заң алдында барлығы тең. Өзін өркениетті санайтын кез келген елде солай болуға тиісті. Тәуелсіздік орнағаннан бергі үшінші онжылдыққа аяқ баса отырып, дәл осындай проблемаға кезігуіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «тұрақтылығы қалыптасқан мемлекет құрдық» деген тұжырымына күдік тудырады. Яғни, тұрақтылығы берік, керемет тату мемлекет құрдық деп айту — көлгірлік сөз. Сыртқа қарап ұлитын диаспоралардың кейбір лаң салу әрекеттеріне қарап, осылай айтпасқа шара жоқ. Билік өзге ұлттарға қазақты мойындатпай отыр. Керісінше, «олар — біздің қонақ, оларды сыйлау керек» деген бейшара, қате түсінік енгізуде. Олар қашанғы қонақ болады? Осы елдің азаматы, жауапкершілік бірдей екенін, елді, жерді, тіл мен мәдениетті сыйлауға міндетті екенін неге сездірмейді? «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар» екенін ескертпеудің арты осыған ұласып жатыр.
- Соңғы жеті жылдан бері орын алып келе жатқан қақтығыстар бір-біріне өте ұқсас. Соған қарамастан, мұның себебін заң тұрғысынан халыққа жіліктеп түсіндірген ешкім жоқ. Ал БАҚ атаулы, оның ішінде қазақ басылымдары дәл осы тақырыптан неге қашқақтайды?
- 2007 жылы Маловодное елді мекенінде, онан кейін де ұлтаралық қақтығыстар болып, адам өлімі орын алғанда да, елдегі жетекші басылымдар үнсіз қалған болатын. Осы жолы да қазақ газеттері арасынан Шеңгелдіге ат сабылтып барып, жергілікті жердегі жанжалдың анық-қанығын білгісі келген «Жас Алаштан» өзге ешқайсысын байқамадым. Әншейінде «Қазағым, елім» деп кеуде соғып, ұлтшыл, отаншыл болатын өзге қазақ басылымдары неге үнсіз қалды? «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Алаш айнасы», «Жас қазақ», «Түркістан», т.б. қайда?
Олар Ішкі істер министрлігінің «бұл ұлтаралық қақтығыс емес, тұрмыстық жанжалдан болған» деген түсініксіз уәжін ғана жария етіп, оқиғаның мән-жайынегжей-тегжейлі айта алмады. «Түсініксіз» дейтінім, «ұлтаралық» пен «тұрмыстық» төбелестің ара-жігі қай жерде екен? Ерегіскен жігіттер жанжалдасар немесе атысар алдында: «Бұл — «тұрмыстық төбелес» деп, қақтығыстың тақырыбын анықтап алуы керек пе еді? Шындап келгенде, барлығы «тұрмыстық негізде» басталады: яғни, не ақша сұрайды, не суға таласады, қызға таласады, жер бөліспейді, иығымен қағып кетеді, т.б. Алайда сол дүрдараздықтың негізі — олардың бөлек ұлттың өкілі болғанынан туып тұрғанын кім жоққа шығарар екен? Мылтық атқан — шешендер, өлген мен жараланған — қазақтар. Бұл қылмыстың ұлтаралық сипатына бұдан артық қандай дәлел керек?
- Егер қателеспесек, 2007 жылы ҚР Бас прокуратурасы «ұлт араздығын қоздыратындар жазаланады» деген заң шығарып, БАҚ үшін мәлімдеме жасаған болатын. Қазақ басылымдары ғана емес, өзге де басылымдардың үнсіз қалуына бұл да себеп болып отырған шығар?
- Иә, ҚР Бас прокуратурасының БАҚ біткенге тыйым салған ол мәлімдемесі өзінің үркіту міндетін атқарып отыр. Кезінде сарапшылар, түрлі қоғамдық ұйымдар, баспасөзге қатысты халықаралық ұйымдар да Бас прокуратураның бұл мәлімдемесін жариялылыққа тыйым салу деп бағалаған болатын. Бірақ тағы да сол өз әріптестеріміз ‑журналистердің осы қақтығыстарды жазуға этикалық, заңдық шекараның қай жерден басталып, қай жерден аяқталатыны туралы білмейтіндігі де себеп. Басылым басшыларының намыссыздығы да аз рөл ойнамайды.
Кеше Малыбайда, бүгін Шеңгелдіде орын алған оқиғаларда өзге этникалық топ өкіліне қазақ бірінші болып соқтыққаны туралы айғақ жоқ. Және барлық кезде қазақ — қарусыз. Қазақ — нысана.
Осы жерде менің көптен айтқым кеп жүрген бір ойым — халыққа қару ұстауға рұқсат етуді заңмен реттеу керек.
Соғыс жоқ бейбіт заманда қазақ неге оққа ұшады? Өйткені атыс қаруын ұстауды дәстүрге айналдырған таулықтар қазақтарда қару жоқ екенін, «қанға — қан» деп «өз тілдерінде» жауап қайыра алмайтынын, жергілікті құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдерінің оп-оңай сатылатынын біледі!
Қазір халықтың арасында халықтың кегін қайтаратын «қазақтың Робин Гудтарын», рэкеттер мен бандиттер заманын аңсайтын көңіл-күй пайда болды! Бұл — өте қауіпті белгі.
- Тарихта орын алған түрлі ұлттық шиеленістердің, этникалық топтар арасындағы қақтығыстардың мемлекеттің ыдырауына әкеліп соққанын білеміз…
- Қазақстанға ыдырау қаупі төніп тұрған жоқ. Себебі қазір қазақтың саны күннен-күнге өсіп жатыр. Қазір, ресми дерек бойынша, елдегі қазақ саны 70 пайызға жақындап қалды, яғни 75—80 пайыздың ауылы алыс емес. Ондай ел моноұлтты мемлекет болады. Қазақ өзара дауласқанымен, руға бөлінгенімен, ыдырауға, бөлініп кетуге бармайды.
Гүлмира ТОЙБОЛДЫ,
«D»
Источник: «Общественная позиция» (проект «DAT» № 28 (204) от 29 августа 2013 г.
Читать оригинал статьи: