Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы Жолдауы 1997 жылы қазанның 16-сы күні жарияланса, биылғы 18-ші жолдауы қаңтар айына тура келіпті. Сол күні кешке бір сағаттық арнайы репортаж ретінде «Хабар» агенттігі мен «Қазақстан» телеарналары арқылы көрсетілген Жолдаудан не ұқтық? Біріншіден, президент Жолдауын бір орнында тапжылмай оқып отыр ма, жоқ әлде шалқасынан түсіп алып айтып жатыр ма – залға жиналған қауым әйтеуір тыңдауға мәжбүр. Көбі бей-жай, өз ойымен өзі әлек болса, енді бірі қалғып-шұлғып, бірер әкім оқушы бала сияқты қағазға әлденені түртіп отырғанын байқадық.
Соған қарағанда, жыл сайынғы «кезекші» Жолдаудан былайғы жұрт түгілі, оны тыңдауға жиналған элита да жалыққан сияқты. Халық өзіне қарайлас жағдай жасай алмайтын құжатты театр сахнасынан оқылатын бір адамның монологы деп қабылдайды. Біз газеттің қамы үшін ғана ол Жолдауды оқуға мәжбүрміз, ал шенеуніктер үшін ол «нан табатын» қызмет көзі: ел аралап, ауыл-аудан халқын аяғынан тік тұрғызып, қыстың көзі қырауда талқылаумен әбігерге салары анық. Ал жалпы қауымның Жолдауда шатағы жоқ: көшеде, көлікте, тіпті отырыс-жиындарда осы құжат жөнінде ләм-мим деп аузын ашқан бір пендені байқамадық. Билікке басыбайлы БАҚ қана көпіртіп, жасанды дүрмекке айналдыру науқанының жанталасына кірісті.
Негізінен, бұл Жолдау осының алдында қабылданған «2050 стратегиясының» қайырмасы іспеттес. Оның үстіне жақын жылдардың бағыт-бағдарының кешенді шешімі толық қамтылмаған құжат бүгінгі қазақты қызықтыра қояр түрі жоқ. Бұл билікте қазақ қызығатын да дүние қалмады-ау деп іштей қынжыласыз.
Назарбаев биылғы Жолдауында «Мәңгілік ел» идеясын жариялады. Анығында, жарияланды деп айтайын десек, оның бағыт-бағдары ұсынылған жоқ. Әйтеуір жалпылама, ұрандатуға ұласқан сөз тіркестерін оқып берді. Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев «Егемен» мен «Казправдаға» «Елбасы «Мәңгілік Елді» — отандық тарихтың атымен жаңа тұжырымдамасын баян етті және негіздеп берді. Іс жүзінде бұл — Қазақстанның ұлттық идеясы және мемлекеттік идеологиясы. «Мәңгілік Ел» ұлы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған барлық қазақстандықтардың бірегей тарихи миссиясы болып табылады», — деп, жедел сұхбат беріпті. Тоқаевтан қалыспай жарамсақтанған шенеуніктердің сөзінен биліктің БАҚ-тары жарыс ұйымдастырып жатыр ма деп қаласыз.
Сонда біз жиырма жыл бойы идеологиясыз өмір сүріппіз ғой. Президенттің әр жерде айтқан сөздері ғана идеологияның рөлін атқарып келген екен. Енді Назарбаев айтты екен деп, бар қазақ осы идеяға қарай бас ұра қалатынына күдік басым. Тіпті діннен сауаты жоқ қазақтың өзі «мәңгілік» деген ұғымды о дүниенің шаруасы деп түсінеді. Сонда осы түсініктің өзі мәңгіліктен гөрі мәңгүрттікке жақындап, мәңгіріп жүре беретін сияқты көрінеді екен…
Қазақтың ұлттық идеясы қандай болуы керек? Президент Назарбаев айтып отырған «Мәңгілік ел» идеясын қашан жасайды, әрі-беріден соң оны кім жасайды? Сол идеяны халық қабылдай ма, қолдай ма? Ол қазақ ұлтының ұлттық мүддесіне қаншалықты сай келеді?
Жолдауға көз жүгіртсеңіз — қазақ ұлтының ұлттық мүддесіне қарама-қайшы келетін тұстары жетерлік. Осы мемлекеттің иесі қазақ халқы үшін Жаратушы мәңгілік деген ұғым, ықылым заманнан бойға сіңген тәрбие, ал мемлекет те, оны билеуші де мәңгі еместігі анық. Қоғам дамуына орай небір мемлекеттер жойылып кетпесе де, өзгеріске ұшырады. Мәселен, өз тарихымызды алсақ — ғұндар, сақтар, басқа да тайпалық одақтар, Көне Түрік қағанаты, одан кейінгі хандықтар, Шыңғыс хан империясы, Алтын Орда, одан шыққан түрік мемлекеттері, ішінде Қазақ хандығы да бар, одан бергі Ресей отаршылдығы, кеңестік Қазақстан, одан кейінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасындағы өзгерістерге біз куә болып отырмыз.
Сонда мәңгілік идея қайдан алынды деп бас қатырып отырсақ, өткен жылдың қазан айында тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлы: «Моңғол» деген сөздің өзі ту баста «Мәңгі ел» идеясынан шыққан» деп «Жебе» порталына сұхбат беріпті. «Мен 2001 жылы Астанаға ауысып келген сәттен жазған мақалаларымда осы идея туралы айта бастадым. «Мәңгілік ел» деген не өзі? Бұл, әрине, тектен-текке шыққан дүние емес. Кезінде Түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк негізін қалаған идея. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрған кезде қолдау көрсетті. Соның арқасында Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрды. Қағанат орнап болғаннан кейін,Тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын қолға алды. Бұл не? Бұл — қорғаныс. Түрік қағанатының Орхон өзенінің бойында Ордабалық деген астанасы болған. Қағанаттың хан ордасы — мемлекеттің ішкі ядросы. Оны қорғайтын тұрғақ деп аталған арнайы полиция және оған қоса тұрақты шерік (әскер), қазіргі тілмен әскерлер пайдаланылды. Бұлар жаңағы ішкі ядро атанған қаған ордасын қорғады. Ішкі қорғаныс деп атаған екінші шеңбер белдеуін түрлі тайпалар қорғап тұрды. Мәселен, Найман, Керей, Қарлұқ, Жалайырлар деген секілді Оғыз тайпалары. Ол кезде билік тайпасы Қыпшақтар болды. Үшінші шеңберде он-оқ Түркештер тұрды. «Он-оқ Түркештер менің туысым еді, бауырларым еді» деп жазады Көктүріктер. Тек олар ғана емес, Қырғыздар, Кидандар, Татабилер, Таңғыттар, Басмылдар да үшінші шеңбердің қорғаушысы болды. Осы үш шеңбер бүтін империяны қорғап тұрды. Осыны орнатып алған соң, енді «Мәңгілік ел» идеясын нық бекемдеуіміз керек деді. Бұны халықтың санасына сіңіргені соншалық, бұл идея Көктүріктердің қол астындағы басқа этностардың санасына толық орнықты. «Моңғол» деген сөздің өзі ту баста «Мәңгі ел» идеясынан шыққан.
Бұл жердегі тарихи байланыс — алғашында идеологияның атауы болған «Мәңгі ел» ұғымы кейін Шыңғыс хан империясының атына айналып, империя «Мәңгі ел» (моңғол) деп аталды. Себебі Шыңғыс хан да өз мемлекетінің қол астына барлық Түрік тайпаларын топтағаны белгілі. Сарбаздарының тоқсан бес пайызы түркі тайпаларынан еді. Олардың мекендеген аймағы, шығысы — Орхон, Керулен өзендерінен бастап, батыс жағы — Қара теңізге дейін созылып жатты. Шыңғыс хан орнатқан мемлекетін «киіз туырлықтылардың империясы» деп атады. Ал кейінгі кезде империяның атауы болған «Мәңгі ел» заман өте этникалық терминге айналып кетті. «Моңғол» деген атау осыдан шықты. Міне, дүние осылай өзгереді, түсінік осылай ауысады. Осының бәрін біз түсіндіріп, айтуымыз керек», — дейді тарихшы Сартқожаұлы.
Президент Назарбаевтың «…Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі — Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Мен «Мәңгілік ел» ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары — «Қазақстан-2050» стратегиясының түп қазығы етіп алдым. «Қазақстан-2050» — «Мәңгілік елге» бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол…» — деп, тебіренген сөзіне қарасақ, сол мәңгілікке жету үшін әлі 36 жыл уақыт керек екен. Бүгінгі күннің тұрақсыздығына бойұсынған жан ертегілер еліне елітіп, өмірін сарп етуі керек екен ғой деп түйдік.
Енді осы елді «мәңгілік ету» бір адамның уысындағы биліктің құзырындағы мәселе ме? Осы мәселенің өзі айналып келіп, «мәңгілік көш басшымын» деп өзін мойындатудың айла-шарғысы дегенге келіп саяды деген ел ішіндегі пікірдің де жаны бар. Мемлекет басшысының жиырма екі жылдық тәуелсіздікте ешқандай да ұлттық идея айқындай алмағаны былай тұрсын, енді «мәңгілік ел» боламыз деген жалғыз ауыз сөзі аяқ астынан ұлттық идея болады дегеніне сену қиын.
Естуімізше, «Мәңгілік ел» деген фильм түсіру үшін актерлерге кастинг жүріп жатыр деген де ақпарат бар. «Мәңгілік ел» ұлттық идеяға айналып, қазақ үшін пайдалы болу үшін ел-жұрт, ұлтшылдар не істеуі керек? Ұлтшылдар сол идеяны жасауға қатыса алмайтыны басы ашық мәселе сияқты, өйткені Жолдауды талқылаймыз деп, шенеуніктер ел аралауға шығып кетті. Сонда ұлттық мүддені қорғаудың тетіктері ат төбеліндей шенеуніктердің ғана қолындағы шаруа ма?
Назарбаевтың айтуынша, «Президент әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп, «Мәңгілік ел» патриоттық актісін әзірлеп, қабылдауды ұйымдастыруды тапсырамын» деді.
Сонда аталған жобаны тек президент атаған мекемелер ғана жасайтын болса, оның ұлттық идея болатынына, халықтың оны қолдай жөнелеріне күмән көп. Бір қызығы Жолдауды Назарбаев оқыды, ел естіді, БАҚ беттерінде мәтіні жарияланды. Енді сол құжатты ел аралап, түсіндірудің қажеті қаншалықты екенін түсіне алмадық. Ел азаматтары естігенін, оқығанын түсінбейтін «ақпа құлақ» болғаны ма? Әлде әліпті таяқ деп түртпейтін сауатсыз ба?
Демек, елдегі қалыптасқан саяси әлеуметтік жағдайдың ақсап жатқан тұстары әшкере болмас үшін, «Мәңгілік ел» идеясы елдің назарын басқа жаққа аударуға қажетті болған түрі бар. Қазақстанды «мәңгілік ел» елесі қанша уақыт кезерін алдағы күннің еншісіне тапсырамыз да…
«Общественная позиция» (проект «DAT» № 03 (227) от 23 января 2014 г.
Источник: Газета “Общественная оппозиция”