Үкімет басқарған премьерлердің ішінде Әкежан Қажыгелдиннен кейінгі тәуірі Серік Ахметов пе деп жүрсем, бұ да Ақордадағы алаөкпенің бірі ме деп қалдым. Өткен аптада үкімет отырысында ол: «Потенциалы аз ауылдардың әлеуметтік объектілеріне де, инфрақұрылымына да бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбейді», — деді. Бұл оның болашағы жоқ ауылдарды басқа аймақтарға көшіріп, шағын елді мекендерді оңтайластыру жұмысын аяқтау керек деген сөзінен туған кесімді шешімі болды. Яғни, келер жылдан бастап, «болашағы жоқ» ауылдар адырам қалады деген сөз.
Премьердің періп қалған сөзіне ой жүгіртейікші: Қазақстанда «болашағы жоқ» деген 1500 ауыл бар; олардың әрқайсысында орта есеппен 50 адам бар дегенде, соры қайнаған ауылдарда 75 000 мың халық тұрады; сонда бұларды бюджеттен қаржыландыруды тоқтатамыз дегенде, кезінде басқа жаққа көшірілмей, аңырап қалған ел қалай күн көрмек? Ахметов басымен ойлай ма, жоқ әлде оның ойлау қызметін басқа жері атқара ма?
Ал енді осы 1500 ауылдың 90 пайызында тек қана қазақтар тұратынын ескерсек, премьердің пәрмені кімді зар еңіретерін есептеу қиын емес: 70 мыңға жуық қазақ далада қалады! «Бас пен басқа жер» дегендегі дөрекілеу ашу осындайда туады.
Айналайын Ахметов-ау, алдымен болашағы жоқ 1500 ауылды оңтайлап алмаймысың, содан кейін ғана оларға бөлінер азын-аулақ ақшаны басқа жыртығыңа жапсырмаймысың?! Келер жыл дегенің ақпанның аязынан басталады: сонда қақаған қыста «болашағы жоқ» ауылдардың инфрақұрылымын қаржыландыру қаңтарылар болса, қыруар қазақ қайтеді?! «Инфрақұрылым мен әлеуметтік нысан» дегеніңіз — жарық, су, телефон, көлік қатынасы, мектеп, пошта, т.б. бықыбай-шықыбай. Ал?!… Осының бәрін қаржысыз қалдырсақ, қиырда қалған қайыршы ауылдың қазақтары қар астынан тірі шығып, келер көктемге ілігер-ілікпесі неғайбыл болмай ма?
Айтпақшы, ол қазақтар болашақсыз ауылда құты қалғандай, бадалып отырған жоқ: үкіметтің көшіреміз дегеніне он жыл болды! Бірақ пәленбай ауыл түгенбай жерге көшірілді деген хабарды естіген құлақ бар ма? Жоқ! Себебі бейшара ауылдарды көшіруге қажет қаржы бөлінбейді. Ал бөлінгені — қай әкімнің жемсауында кеткенін иісшіл итпен іздеп таппайсың.
Одан да зоры — бар ақшаны Астана жалмап, ауылдың ақысын жұтып жатыр. Сол он жылдан бері Астананың екі үйін ғана салуға кететін шымшым қаржыны қырға бұрсаң, онысыз да жапанда қалған ауылдар жөңкіле көшпес пе еді?
Жасынан жетім қалып, детдомда өскен Зоя деген жеңгеміз айтушы еді: «Ас ішерде керек, к…т тышарда», — керек деп. Сол марқұм айтпақшы, «болашағы жоқ» деген ауылдардың айқайы жыл сайын бюджет қабылдау кезінде туады: қиыр қонған қазақтың есесінен өздерінің тесіктерін тығындап, үкімет әңгүдік әлекке түсіп жатады. Ал бюджет қабылданып кеткен соң, ол ауылдар келесі бюджетке дейін — бай-бай!
Осыдан он жыл бұрын үкімет сорлы қазақты сорттап, ауылдарды болашағы «бар» мен «жоққа» бөлгенде, Қазақстандағы 7000 ауылдың бір жарым мыңы «біткен шаруа» деген еді. Сол біткенің бүгін болайын деп тұр: себебі — сол кезде «бойына жан бітіруге болады» деген сорттағы 2 мыңға жуық ауылдың тең жартысы он жылдың ішінде ыңыршағы шығып, «біткен шаруаға» қосылды. Сонда «өлім алдындағы» бір жарым мың ауылға мына мыңды қоссаңыз: екі жарым мың ауылдағы ел еңіреп жүр деген сөз! Ондағы халықтың орта саны — 125 мыңның о жақ-бұ жағында. Оның 90 пайызы тағы да қазақ десең, 100 мыңнан астам адам айдалада қалған боп шығады. Міне, қазақ көрген кептің бір порасы — осы!
Ал біз білген бір анықты айтар болсақ, ауылдарды сорлының сортына бөлуде қатты қателік кеткен. Мәселенки, қазақтың қиыр шекарасына таяу қоныстанған ауылдарды «болашағы жоққа» балау — білместің шаруасы болған.
Бұл арада ауылдың емес, қазақтың болашағы қаперде қалу керек еді: ел шетіндегі ол ауылдар қазақ жерінің бір пұшпағын көрсеткен шекаралық балбал тастар емес пе? Әсіресе Қытаймен жапсарлас жатқан ауылдарды ішкертінге — «болашағы бар» жаққа көшірсек, жер шеті жалаңаш қаларын ойлаған бір милы бастың болмағаны ма?
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында Теректі деген шекаралық ауыл бар: кезінде Марқакөл ауданының орталығы болған гүлденген мекен еді. Тәуелсіздік таңы қарсаңында он мыңға жуық халқы болған осы Теректінің тең жартысы бүгінде қирап қалған. Жұмыссыз халқының алды — Алматыға, соңы — Өскеменге көшіп жатыр. Жуық төрт-бес жылда мұнда қаңғырған қазақ түгілі, тігерге тұяқ қалмайтын түрі бар.
Ал осы қирандыны қытайлар арғы беттен дүрбімен қарап отыр: қазаққа керексіз ауылға, иесі жөңкіле көшкен жерге олардың көз алартуы мүмкін бе? Мүмкін емес дегеннің ойы мүңкіген болуы мүмкін!
Оның үстіне Теректі тұлдырсыз қалса, Қара Ертіс пен Алтайдың арасындағы ішкертін 100 шақырымға дейінгі аңғар иесіз қалады. Ал осы Теректіден 80—90 шақырым жердегі, Алтайдың биік басындағы бұрынғы Бобровка мен Ұранқай ауылдары Қытайға сұғына жатқан қазақ жерінің қиырына орналасқан. Көзі «аларып кетуі» мүмкін көрші қалпақпен қағып аларлық жердегі бұл ауылдар «болашағы біткендер» санатында. Оларды «оңтайластырар» болсақ, Күршімге дейінгі 190 шақырым алқапта (көлденеңі 40—50 км.) шемішке шаққан шекарашы мен атудан аман қалған бұғы-маралдан басқа тірі пенде қалмайды.
Сол сияқты Ақсуат ауданына қосылған соң, тоқалдан туғандай томсырайып қалған Тарбағатайдың шекара бойын қоныстаған оншақты ауылы да «болашағы быт-шыт» болғандар қатарына ілікті. Олар да «оңтайланып» кетсе, мұнайлы-көмірлі Зайсанның оңтүстігі омпырайып қалар түрі бар. Сонда біздің экономикалық аймақтарды қауіпсіздендіру қағидамыз қайда қалады?
Мұндай оңтайланудың ойбайына Мақаншы мен Нарынқолдың отыздан астам шекараға жапсарлас ауылдары ілігіпті. Ал Ресеймен іргелес елді мекендердің есебі — өз алдына бөлек әңгіме.
Сонда дейміз-ау, қаржыны үнемдейміз деп, шекарамызды жалаңаштап тастасақ, арғы беттегі жұрт әлемнің әйдік 50 елі қатарына «енген» дөкейге дамбалын шешіп тастап күлмей ме?! Ежелде қазақтың көшпелі ру-тайпалары өзінің жаз — жайлауы мен қыс — қыстауын шекаралау үшін, жер шетіне ел қондырған, олардың су мен қырат басындағы зират-мазарлары да жер иесін меңзеп жатқан.
Ал бүгінгі билік бұ қазақты қайда жөңкілтіп барады? Шекараға шеп болған аз-кем үйлі ауылдарды оңтайландырудан оңаша қаржыландырар болсақ, қазақтың қазынасы ортайып қала ма?
…Мен қытайлар арғы беттен дүрбімен қарайтын ауылда өстім. Ол заманда көктем шыға ауыл-үйге тегін ақбалшық таратылатын: үйіңді әктеп ал деп. Қора-қорғанның сыртын сырлауға да бояу беретін. Сыртының сиқы кеткен үй иесі сельсоветте сорлайтын. Сөйтсек, кейінірек білдім, бұл — дүрбі салған қытайға ақ үйдің айбарын көрсету екен. Ол айбардың артында ел ауһаты жатады-екен-ау!
Ал біз зарлаймыз: кеңестер заманы запыран құстырды деп. Құса болсақ — болған шығармыз, бірақ о заманда шекараның торғайы да тоқ еді.
Источник: «Общественная позиция» (проект «DAT» № 41 (217) от 28 ноября 2013 г.