Еліміздің тәуелсіздігіне Кеден Одағы мен Еуразиялық Одақ қауіпті деп есептейді Әміржан Қосанов. Өз ойларын саясаткер референдум өткізу жөніндегі жиында жайып салды, біз оның сөзін толықтай келтіріп отырмыз.
Автор: Әміржан ҚОСАНОВ
Құрметті жиналысқа қатысушылар!
Референдумшыл қауым!
Кеше ғана мен Фейсбукте мына өлеңді жазып, елді осы жиынға шақыруға ат салысып едім:
Бір ел жұтып қояр ма екен бір елді?
Дүрлікті ғой қазағымның даласы!
Тәуелсіздік тығырыққа тірелді -
Жиынға кел, әр қазақтың баласы!
Кеніштерің бастады ма сарқыла?
Шыңыраудай бай мен кедей арасы!
Сенің даусың керек бүгін халқыңа -
Жиынға кел бар қазақтың баласы!
Ресми БАҚ «Қазақстанда оппозиция жоқ, не ол тым енжар, әрекетсіз» деп жатады. Осында сол БАҚ өкілдері болса, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ден астам адам жиналған осы залды түсіріп алыңыздар! Бәрі көрсін оппозиция бар екенін!
Ағайын!
Біз қызық елде өмір сүріп жатырмыз, біздің күнделікті өміріміз Ата заңымыздың басты талаптарын мүлдем сәйкес келмейд!.
Конституцияның бірінші бабының бірінші тармағын алайық.
«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».
Талдап көрейік.
22 жыл бойына бір адам басқарған билігі ауыспайтын, парламентіне оппозициялық партиялар кіре алмайтын, билікке қарсы пікір айтқан кез келген адам қуғынға ұшырап, не белгісіз біреулердің қолынан қаза табатын, не түрмеге жабылатын, тәуелсіз газеттер сот шешімімен жабылатын, референдумға барамын деп Алматыға жиналған азаматтарды әкімдері мен полициясы пойыздан түсіріп тастайтын мемлекет өзін демократиялық деп атай ала ма?
Иә оқуға, иә үй алуға, иә құда түсуге, той жасауға ақшасы жоқ, сол ақшаны табатын жұмысы жоқ, сол себепті әртүрлі күмәнді діни секталардың құрығына түсіп, өз елінде экстремист не террорист жастары көбейіп бара жатқан мемлекет өзін зайырлы деп атай ала ма?
Соттары екі жақтың қайсысы параны көбірек берсе, соның сойылын соғатын, прокуроры мен полициясы азаматтардың құқығын қорғаудың орнына, қорлайтын, керек десең, зорлайтын, арнайы қызметі шпиондарды табудың орнына саяси оппозицияны аңдып, әртүрлі арандату ұйымдастыратын, ең бастысы, бейбіт мұнайшыларға тапа-тал түсте оқ жаудыратын мемлекет өзін құқықтық деп атай ала ма?
Басқасын айтпағанда, 2,5 миллиондай адамы «өз күнін өзі көріп жүрген», ауылда толайым бір отбасы бір атасының зейнетақысына қарап отырған, алдымен әр адамға үй салу үшін 10 сотық жер береміз деп, кейін ол уәдесінде тұрмайтын, аналардың декреттік жәрдемақысын аяусыз қысқартатын, әйелдердің зейнет жасын ер адамдардыкімен теңестіріп, 63 жасқа жеткізгісі келетін мемлекет өз әлеуметтік емес-ау, еркек кіндікпін деп айта ала ма?
Неге билік үнемдеуді өзінен бастамай, аналар мен келіншектерден бастайды?! Қазіргі шенеуніктер армиясын екі есе қысқартса, ешнәрсе құлап қалмайды! Қоғамдағы ауа тазарар еді! Қарапайым адамдар, әсіресе, шағын және орта бизнес еңсесін бір көтерер еді! Тиісінше, жемқорлық та сол сәтте екі есе азаяр еді! ЭКСПО-2017-ге жұмсалатын 1,6 млрд долларды әлеуметтік салаға жұмсаса, ешбір ел де ренжімес еді Қазақстан көрме өткізбеді деп!
Енді осының бәрін өзгертіп, күнделікті өмірімізді Конституция талаптарына сәйкес ету үшін не істеу керек?
Бұған дейін біз, 17 миллион халық, тек қана жоғары жақтағы биліктің айтқанымен жүріп келеміз.
Ол өзіне ғана ыңғайлы заңдар қабылдайды. Олардың мәнісіне көп бара бермейміз.
Сайлау жариялап, өзіне жайлы, қой аузынан шөп алмас Парламент жабдықтап алады. Біз тағы да үндемейміз.
Менің бүгінгі ұсынысым мынадай: сөзге мораторий жариялау керек! Нақты да бүкіл ел болып қолға алатын іс керек!
Алғашқы істің аты — референдум!
Енді осы жиналыстан кейін біз сол іске көшіп, 200 мың қол жинауымыз керек.
Шынымен де күн тәртібіне қойылып отырған 4 мәселе де ушығып тұр. Оларды халық өзі қолға алып шешпесе, бүгінгі билік ешқашан шешпейді! Неге дейсіз бе? Айтайын.
Бірінші сұрақтағы Кеден Одағы мен Еуразиялық Одақ — тек қана Ақорданың геосаяси жобасы емес. Ол шынтуайтына келгенде, Кремльдің Ақордаға көрсеткен әлімжеттігі!
Бір ғана сұрақ: егер де Путин мырзаға: «Ресей өзінен барлық жағынан — халқының саны, экономикалық әлеуеті — 10 есе зор елмен «терезесі тең» Одаққа кіріңіз» десе, ол не істер еді? Біздің басшылар сияқты алақайлап, өзінен үлкен алпауыттың құшағына өз еркімен кіріп кетер ме еді? Қайдам…
2050 жылды айту мода боп кетті ғой. Көз алдымызға елестетейікші. Еуразиялық Одақ гүрілдеп тұр делік. Астанасы Мәскеуде. Ортақ Парламент баршаға ортақ заңдар қабылдап жатыр. Ортақ тіл қандай екенін айтпай-ақ қояйын… Сонда сіздің немереңіз: «Ата, біздің Қазақстан Тәуелсіздіктен қашан, кімнің кесірінен айырылды? Сол кезде Ата, сен қайда болдың? Не бітірдің?» десе ше? Өзіміздікі болмағандықтан кіріп кететін жерді де таба алмай қалармыз! Не деп жауап береміз бәріміз сол сәтте?
Кешегі мемлекет иелігінде болған шикізат секторындағы іргелі кәсіпорындарды құтты орнына қайтару туралы екінші сұрақ та маңызды. Әрі ол Қазақстанның халқына тиесілі жер астындағы Менделеев таблицасындағы барлық элементтерді шетелге сатып, шылқып байып жатқан шетелдік-сымақ қожайындардың шамына тиеді. Олар Ақордамен тонның ішкі бауындай жақын, кіндіктес, біте қайнасқан! Сондықтан да олар бұл мәселені халықтық талқылауға шығаруға үзілді-кесілді қарсы! Ал бұл идея жүзеге асса, бюджетіміз толығып, қордаланып қалған қаншама әлеуметтік мәселе шешілер еді!
Біз өзі қызық жұртпыз, қалтамыздағы әмиянымыздан мың теңге ұрланса, айқай-шу шығарамыз. Ал күн сайын тұрба арқылы, теміржол вагондары мен цистерналармен мұнай мен газ, алюминий мен хром, мырыш пен мыс шетелге жөңкіп, әр қазақстандыққа тиесілі миллиардтаған доллар басқа қалтаға түсіп жатса, түк болмағандай, қыңқ етпейміз?!
Бір нәрсе айқын — экономикада, соның ішінде қазба байлығымызды сатудан түскен пайданы жұмсауда әділеттік орнатпай, біз әлеуметтік әділеттікті орната алмаймыз! Ал әлеуметтік әділеттіксіз — халықтың, әсіресе ауылдың, болашағы бұлдыр!
Әкімдерді сайлау туралы үшінші сұрақ тек қана биліктің халық бақылауында болуын қамтамасыз етпейді. Осы күнде қай шенеуніктік қызмет қанша тұратынын елдің бәрі біледі. Ең болмағанда әкімдік қызметті сатып алу доғарылар еді.
Меніңше, бізді сатылмайтын екі-ақ қызмет бар. Біріншісі — елбасылық, өйткені оның иесі орнынан әзірше кеткісі жоқ, әрі ол параны кімге бересіз? Екіншісі — оппозициялық партияның басшысы болу! Өйткені, оппозициялық жетекші болсаң, қудалауға ұшырайсың, сотталасың, түрмеге жабыласың. Қайдағы пара…
Атомдық электр станциясы мен ядролық отын банкі туралы төртінші сұрақ — еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты! Бір нәрсе айқын — Қазақстанның бұл мәселеде күллі адамзат алдында ары таза! Басқа елдер шалмаған атомдық құрбандықты ол шалды. Шалғанда мықтап тұрып шалды!
Неге біздің билік қазақтың мақал-мәтелдерін жадына сақтамайды? Мәселен, ауыз күйген үріп ішеді деген сөзді. Семейде, Байқоңырда, басқа да құпия полигондарда аузы күйген қазақ енді не істемек?! Онсыз да жаны да, тәні де жаралы, қайғы жамылған Ақтауда саламыз дейді. Хауіпсіз дейді. Олай болса, неге сол атом станциясын Астанада, Ақорданың алдындағы үлкен алаңда салмайды?! Шенеуніктер тоңып қалса, аракідік кіріп шығып, жылынып алар еді ғой.
Біздің санамызға бір төңкеріс керек! Оның мәні мынада: әрбір қазақстандық басындағы күнделікті әлеуметтік қиындықты, әділетсіздікті, қоғамдағы кемшіліктерді елде 20 жыл бойына орныққан саяси жүйемен, нақты билік басында отырған адамдармен байланыстырмай, үлкен саясатқа дүйім жұртты тартпай, ешнәрсеге қол жеткізе алмаймыз! Біздегі орынсыз «шүкіршіл, тәубашыл» психологиядан құтылмай, ешнәрсе өзгермейді! Референдум — соның мықты мүмкіндігі! Ол үшін алдымен әркім өз санасында өз референдумын өткізіп алуы тиіс!
Референдум идеясы барлық демократиялық күштерді біріктірді! Демократиялық күштерге бірлік қажет! Бүгінгі жиналыстың атынан осында отырған барлық ұйымдардың басшыларына, жеке тұлғаларға «бірге болыңдар, ыдырамаңдар!» деген аманат тапсырайық!
Құрметті достар! Әріптестер!
Қазір қос Корея — Оңтүстік пен Солтүстік — туралы әңгіме көп. Бір ұлт, ортақ тарих. Бірақ тағдырлары әрқилы. Бірі — еркін экономика мен демократиялық жолмен сайланатын биліктің арқасында, гүлденіп, озық елдер қатарында. Екіншісі — ауыспайтын билік пен тоталитаризмнің темір шымылдығының ар жағында көрместің күнін көріп жатыр.
Қарап отырсақ, Қазақстанда да халық пен билік, түбірі бір болғанмен, екі түрлі тірлік кешіп жатыр.
Екі Кореяны атақты 38 параллель бөліп жатса, бізді халық пен билікті 1995 жылғы Конституция екі жақты етіп тастаған!
Референдум сияқты аса маңызды саяси қадамдар ғана осы саяси параллельді жоя алады. Өз басым референдумның басты мақсаты осы деп білемін!
Референдум — халықтың саяси еркінің ең шарықтау шыңы, ең асқақ көрінісі! Оның мәртебесі, керек десеңіз, президент не парламент сайлауынан де жоғары. Осыны түсінген билік қайткенмен де оның жүзеге асуына кедергі жасап жатыр.
Әрбір қазақстандық өзіне мынадай сұрақ қойса ғой: неге Швейцария: «Олимпиадалық ойындар өткізу үшін мемлекеттің қаржылық қорынан 300 миллион швейцар франкін (320 миллион доллар) бөлумен келісесіз бе?»деген сауал төңірегінде жалпыұлттық референдум өткізеді? Көз алдыңызға Қазақстанды осы іспеттес референдум өткенін елестетіп көріңізші. Мәселен, «1,6 миллиард доллар «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге жұмсалуымен Сіз келісесіз бе?» деген сұрақ төңірегінде.
Айтпақшы, швейцарлықтардың 54 пайызы референдумның сауалына «Жоқ» деп жауап беріп, нәтижесінде аса дәулетті Швейцария Олимпиаданы өткізбейтін болды. Өйткені халықтың ұйғарымы солай болды! «Неткен масқара! Халықаралық деңгейде ешқандай беделі жоқ екен бұл елдің! Біз болсақ, Швейцариядан да мықтымыз!» деп Сыртқы істер министрлігі мен «Хабар» улап-шуламағынына мен әлі де таңмын!
Осы референдумның бір ерекшелігі бар. Бұрын да референдум бастамалары болған. Оған жеке саяси партиялар мұрындық болып еді. Ендігі жерде бұл игі бастаманың басында алуан түрлі пікірлі азаматтық қоғам тұр. Бұл да өте-мөте бағалы жетістік!
Сонымен бірге мен бүгінгі жиналыста біз бір жеке қарар қабыдауымыз қажет деп ойлаймын. Онда біз қазір түрмеден отырған өзіміздің демократиялық қозғалыстағы әріптестеріміз Арон Атабекке, Владимир Козловқа, сонымен бірге Жаңаөзен мұнайшыларына қолдау көрсетуге тиіспіз!
Ұйықтап жатқан арыстанды оятпа деген сөз бар. Бүгінде халық — ұйқыдағы арыстан! Ақорда мына жәйтті түсінуі керек: осы референдумды өткізбей халықтың наразылығын тағы да туғызып жатса, келесі референдумның тақырыбы оның өзіне тікелей қатысты болып кетуі әбден мүмкін!
Ағайын!
Қазір біраз БАҚ-та онсыз да бай мен кедей боп бөлінген қазақты қазір біреулер БАҚ арқылы руға бөліп, жіктеп тастағысы келеді! Тіпті кейбір ресей басылымдары «Қазақстан бөлшектенейін деп жатыр!» деп сүйінші сұрауда.
Осыған орай менің айтарым:
Жеті атаң — руың,
Жұртың үшін малыңды бер!
Алты Алаш — туың,
Ұлтың үшін жаныңды бер!
Сол жаныңды берудің бір формасы — осы референдумға белсенді ат салысып, Тәуелсіздік үшін күресте өз орныңды анықтап, бір кірпіш болып, кетігін тауып, қалану!
Олай болса, іске сәт!
Оригинал статьи: