Газетіміздің өткен санында Қазақстанның экс-премьер-министрі Әкежан Қажыгелдиннің «В стране ожидается досрочные выборы президента» деген тезистік мақаласы жарияланғаны оқырман қауымға мәлім болса керек. «Өткен парламенттік сайлау Қасым-Жомарт Тоқаевтың ешқашан Қазақстан президенті бола алмайтындығын көрсетті. Алда – қазіргі президенттің кезектен тыс сайлауы. Алдымен не істеу керек және болашақта не дайындау керек?» – деп, автор елдегі оппозиция өкілдеріне бағдарламалық сұрақ қояды. Қазақстан оппозициясының шетелдік бюросы (жетекшісі – саяси эмигрант Серік Медетбеков) қуғындағы танымал саясаткердің осы мақаласын қазақ тіліне аударып, Қазақстан азаматтық қоғамына сырттай «Дөңгелек үстел» тақырыбы ретінде талқылауға ұсынды. Әкежан Қажыгелдин көтерген мәселеге қатысты қоғам өкілдерінің ой-пікірлері болса, редакцияға жолдауды сұраймыз.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасындағы президенттік билік бірінен екіншісіне ауысқанға дейін жасалған келісімдер өз күшін жоғалтты. Парламенттік сайлаудың ұйымдастырылуы мен нәтижесі мұны соңына дейін растады. Жарияланған «билік транзиты» исімен жоқ, Тоқаевтың өзі «Ақорда» бекетінде не «барар бағыты», не «билеті», не серіктестері, не «багажы» жоқ транзиттік жолаушы ретінде тұрып қалғандығына көзіміз жеттті…
Алдымен Тоқаев елді басқаруды өз қолына алуға қорқып, «көкесінің» біржолата кетуін күтуге шешім қабылдады, ал Назарбаев кету туралы шешімін өзгертті. Нәтижесінде өзіндік «бір жарым биліктік» жүйе құрылды: ескі президент жаңа президент жариялаған жоспарлар мен уәделерге назар аудармай, елді басқарудан бас тартпады. Сонымен қатар «нашар еститін» және «нашар көретін» мемлекет тепе-теңдікті жоғалтты.
Бұл Назарбаевтың жеке билік жүйесінің және өзі құрған саяси емес, сыбайлас жемқорлық институттарының күйреуі. Назарбаев Конституцияны бірнеше рет өзгертіп, қайта өңдегені соншалық, нәтижесінде, өкінішке орай, оны енді «костюм» ретінде ғана емес, «қапшық» ретінде де пайдалануға жарамайды. Ол билікті осы «қапшықтың» ішіне салып ауыстырмақ болды, бірақ жүйе тығырыққа тірелді де, ойлағанындай болмады. Таңқаларлық жәйт емес: қазақ мемлекетіне және оның ең маңызды институттарына «жетілдіру» немесе «модернизация» емес, тек толық қайта құру процесс қажет. Айтылған әрекет керек екені айдай анық.
Назарбаев жүйесі өзекті күн талаптарына ұзақ уақыт бойы жауап таба алмағаны әсіресе Қазақ Жерін сатуға немесе жалға беруге қарсы жаппай митингілер басталғаннан бері бәрімізге анық болды. Президенттің өзі де, оның кеңесшілері де Қазақ елі тарихынан біздің халқымыз, барлық қазақ жұрты қандай жүйеде тұрып жатса да, Атамекен – Жер-Ана деген әр қазаққа ерекше ыстық ұғымдар болып қанға сіңгенін, ұрпақтар рухани байланыста екенін растайтын ақиқатты түсінбеді.
Алғашқы қазақ үкіметінің министрлері, ұлттық демократиялық күштері – Алаш Орда азаматтары, Ресей аумағында нақты белгіленген шекарасы бар Қазақ автономиясына қол жеткізгені үшін кейін оны қорғаймыз деп құрбан болды. Автономия ішіне кірген жер мәселесі сол кезде Мәскеуде айтарлықтай жеңілдіктермен шешілгенімен, большевиктер Алаш Орда өкілдеріне «буржуазиялық ұлтшылдық» деп атаған патриоттық сезімдерін кешірмеді.
Көрші елдердің ешқайсысы қазаққа ешқандай «сыйлық» берген жоқ. Керісінше, қазақ өздерінің ата-бабалары аманат етіп қалдырған жерінің бір бөлігін беруге мәжбүр болды, өйткені ол кезде қара халық ұлттық-саяси көшбасшыларын қорғай алмады. Бұл өкінішті жағдай да бізге ерекше тарихи сабақ болуы керек. Демек, елдің тағдыры – бірлікте, халықтың күші – ынтымақтықта. Сондықтан жерді шетелдіктерге сатуға қарсы халық наразылығы соншалықты жаппай болды. Халық жемқор шенеуніктерге асығыс қадам жасауға жол бермеді.
Елді жаппай шеруге көтерген ресми парламенттік партиялардың жетекшілері емес, қалың халық арасынан шыққан жаңа көшбасшылар екеніне ерекше назар аудару керек. Нұрсұлтан Назарбаев халықтың жолдауын естімеді, оны барша халық түсінді, ол да енді бұл ұлтты басқара алмайтынын сезді деп анық айтуға болады. Осылайша Ұлы Далада жаңа көшбасшылар пайда болды. Олардың арасында, әрине, кеше ғана бостандыққа шыққан Макс Боқай батырымыз да бар. Біз оны шын жүректен құттықтаймыз және оған зор денсаулық, қажымас қайрат пен талмас қанат тілейміз!
Билік оны қоғамнан оқшаулауға тырысқаны әбден бекер. Макс мұны сенімді түрде көрсетті. Ол елдегі жағдайды жақсы біледі де, әрқашан қандай қадам жасау керек екенін түсінеді. «Жаңа Конституция» және «Жаңа саяси жүйе» – бұл оның қоғамға арналған өте маңызды да орынды ұрандары.
Мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың екінші мерзімге президенттік сайлауға түсетіндігін білмеймін. Түсемін десе, ол Макс Боқайдың ұсынған ұрандарына қарсы не айта алады? Егер Тоқаев әлі де өз халқы үшін бірдеңе істей алса, онда ұлттық Құрылтай жариялап, Конституциялық кеңес процесін бастауына тура келеді. Қазіргі биліктің «әлсіз есту қабілеті» мен «нашар ойлау қасиетін» түзетуге қымбат уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Бізге жаңа КОНСТИТУЦИЯ мен ЖАҢА САЯСИ ҚҰРЫЛЫМ қажет!
Ал бұған дейін Қ.-Ж. Тоқаев, егер ол шынайы Қазақстан президенті болса, өз жарлығымен Арон Атабекке бостандық беруге міндетті. Кеңес дәурінде де, Назарбаев билігі уақытында да бұл ар-ождан тұтқыны екі жылға жуық уақыт бойы Тоқаевтың ар-ожданында қара дақ болып қалды.
Бүгінгі күнге дейін Ақорда кішігірім құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталған адамдарға неліктен «Амнистия туралы заңды» әлі бастамағанына наразылық білдіремін. Рахат Әлиев пен оның әйелі Дариға Назарбаеваның қатыгездігі жылдарында көптеген адамдар азаматтық ұстанымдары үшін заңсыз сотталды. Рахаттың қабірде жатқанына алты жыл болды, ал адамдар жазасын әлі күнге дейін қылмыссыз өтеп жатыр. Сovid-19 вирусын жұқтырмас үшін, барлық кінәлі де, жазықсыз да тұтқындарға рақымшылық жасалуы керек екені – індет мерзімінің талабы деп санаймын. Осы індет апатында тағы қанша қазақ өмірін қиюы керек?
Бір әйгілі революционер жүз жылдан астам уақыт бұрын «саясат миллиондаған адамдардың тағдыры, сондықтан ондағы қателіктерге жол берілмейді» деп айтқаны бар. Тоқаев – жас президент болса да, тарих оның қателіктерін кешірмейді. Әсіресе тарих Нұрсұлтан Назарбаевтың ешқашан ештеңесін кешірмейді. 2005 жылы ол еркін және бәсекелі сайлау өткізіп, билікті бейбіт жолмен ауыстырып, бүкіл отбасымен бірге саясаттан кетуі керек еді. 2000-жылдардың басында бүкіл әлемде аяқталған және тек бізде ғана тұрақты болып қалған әлеуметтік-экономикалық дағдарысты Қазақ елі әлдеқайда тез жеңе алар еді.
Егер Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылы Конституция мен әлемдік тәжірибеге сәйкес президенттік қызметтен кетсе, Заманбек Нұрқаділов аяусыз өлтірілмес еді. Халық мойындаған абыройлы азаматтарының бірін де жоғалтпас еді. Алтынбек Сәрсенбаев пен оның күзетшілері қатыгездікпен өлтірілмеген болар еді. Жаңаөзендегі қандастардың қаны төгілмес еді. Осы адам өлтірудің бәрі әлі де тиісті дәрежеде тергелмеген. Оларды өлімге кескен тапсырмашылар да жазасыз қалды.
Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың шексіз диктатурасы өз отбасы үшін трагедияға айналды. Күйеу баласы мен қызы жауапсыздық пен билікке деген құштарлықтан есеңгіреп, әкесіне қарсы шықты. Нәтижесінде Рахат алты жыл бұрын дүниеден өтті, Дариғаның кез келген саяси болашағы сыбайлас жемқорлық айыбымен шорт сызылды, ал әншілік мансабын құрбан етуге мәжбүр болды. Келесі ұрпағы да дәл сондай бақытсыз болып шықты: бір немересі анасы мен атасына қарсы шығып, оларды әшкерелеп, шетелде жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Тағы бір немересі шетелде әкесі мен анасының қылмыстарына сыбайлас ретінде жауап беруден, сонымен бірге сыбайлас жемқорлық кірістеріне, Лондондағы виллалар мен тұрғын үйлерге қатысты тергеуден жасырынуда.
Өткенге деген жауапкершіліктен қорқу – бұл билікті бермеудің басты себебі. Мемлекет 15 жылдық толық дамудан айырылды, себебі Нұрсұлтан Назарбаев қандай «кету моделіне» келіседі деп, жұрт күтіп қалды. Жағыну мен ойдан шығу мақсатында оның маңайындағы адал көмекшілері көптеген нұсқаларды президентке ұсынды. Ақыры сонау Африкада да күлкі тудыратын «елбасы» деген абсурдтық атаққа жеттік. Алайда ешқандай атақ шексіз президент пен оның мұрагерлерінің жеке қауіпсіздігіне, байлығына және айыптаулардан құтылуға иммунитет немесе кепілдік бермейді. Міне, осылайша билік 2019 жылдың 19 наурызына дейін созылса да, біз ешқайда апармайтын жол үстінде әлі келеміз.
Кейбір астаналық сенгіш азаматтар жаңа дәуір басталды дегенге алданып қалды. Басында Қ.-Ж. Тоқаев қатты толқып, бірнеше қалыпты жаңа өзгерістер енгізуге уәде берді. Ол парламенттік сайлауды заманауи әдіспен өткізбекші болды – партиялық тізіммен депутаттардың 50 пайызы, ал бір мандатты округтардағы депутаттардың 50%-ы өтеді деп айтқан. Сайлауға оппозициялық партияларды кіргізуге, тәуелсіз бақылаушылардың қатысуын қамтамасыз етуге жол беріледі деп уәде еткен… Барлығы бос сөз болып шықты. Қолынан келгені – тек келесі сайлауды күтуді ұсынды.
Біз тағы да қайталаймыз: ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ және ЖАҢА САЯСИ ҚҰРЫЛЫМ! Ұлтқа бостандықтар мен құқықтарды бекітетін жаңа Конституция қажет. Бұл тікелей әрекеттің нормалары болады. Қажет болған жағдайда жаңа Конституцияға түзетулер жалпыхалықтық референдумда талқыланғаннан кейін ғана енгізілуі керек. Бұл өзекті талап туралы Макс Боқай батырымыз да айтып кетті. Халық биліктен жеңілдік күтіп отырғысы келмейді. Ол өзі елді басқару нысанын, аумақтық құрылымды таңдауға, өзінің судьяларын, облыстық және қалалық әкімдерін, аудан басшылары мен муниципалдық органдарды сайлауға даяр. Тек сондай сайлау ғана азаматтарға биліктің барлық деңгейлерінде өкілдік етуіне кепілдік бере алады.
Біз әсіресе аз ұлттардың құқықтарына мұқият болуымыз керек. Ассамблеяның оқытылған мүшелері туралы ұмытудың уақыты келді. Қазақстандағы басқа ұлттардың азаматтары парламентте, облыстар мен қалалардың мәслихаттарында тікелей өкілдік етуге, өздерінің басшыларын аумақ басшылары, судьялар және т.б. ретінде тағайындауға және сайлауға құқылы. Сонда біз аз ұлттар болып табылатын елдердегі бауырластарымызға бірдей қарым-қатынас жасай аламыз. Ақорда мен Кітапхананың осы мәселелерге деген қорқақтығы мен немқұрайлығы таң қалдырады.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тарихы мен мұрагерлерін уақыты келгенде Қ.-Ж. Тоқаев қорғай алады дегенге сенбейді. Сондықтан ол Ақорданың күші есебінен Кітапханадағы өзіне адал деп санайтын адамдарына қосымша өкілеттіктер тарата бастады. Тағайындалған адамдарына «лайықты қарттық», тіпті «жарқын мәңгілікті» қамтамасыз етуге уәде беруі де мүмкін, алайда солардың өздері де Назарбаев үшін үлкен мәселе болып табылады. Олардың билік басында қалатынына кім кепіл? Мұндай қарама-қайшылықты жай ғана шешуге болады: біз Нұрсұлтан Назарбаевқа өмір бойына бостандық пен қауіпсіздік кепілдіктерін беру туралы халыққа үндеу жасауға дайынбыз. Ол – тек билікті өз еркімен қалдырсын және барлық туыстарын өзімен бірге алып кетсін.
Бұл кепілдіктер референдумда жаңа Конституцияның жобасымен бірге қабылдануы мүмкін. Бұрынғы президент Қ.-Ж. Тоқаевтың берген сөзіне сүйенбесе де болады. Ендеше қазіргі президент «Кітапханадан» жететін бас көтерткізбейтін бұйрық пен орынсыз «қамқорлықтан» құтыла алады. «Кітапхана» сөзінің өзі Қазақстанда күмәнді және келеңсіз мағынаға ие болды. Шындығында, бізге кітапханалар керек, бірақ сөрелерде тек бір автордың кітаптары бар кітапханалар қажет емес. Тіпті Александр Дюма да ондай томдар жазбаған! Енді қалған жылдары Н.Назарбаев ең маңызды кітабын жазуға бел бууы керек – яғни билікте болған соңғы жиырма жылындағы шынайы естеліктерін жазуы керек. Мұндай кітап бірнеше миллиард құны бар келісімдердің, саяси қастандықтардың, банктегі апаттардың және қорлардың ұрлануы туралы, жемқор батыс саясаткерлерінің құпияларын ашса, нағыз бестселлерге айналады …
Егер президент Тоқаев осы сайлауды мерзімінен бұрын жариялап, елді алаңдатқан күйреуге жеткізбей, жаңа билікті халыққа қайтаратын Конституцияны талқылауға және қабылдауға шақырып, сол іске бастамашы болса ғана, қайта сайлану мүмкіндігіне ие бола алады. Бұл оның әлі де болса әлсіз саяси мансабының тамаша нәтижесі болар еді! Қазақстан сонда бір адамға арналған мемлекет бола алмайды. Болашақта билікті кез келген президент басып ала алмайтындығына бірден-бір кепіл – бұл ПАРЛАМЕНТТІК РЕСПУБЛИКА!
Біз Астана мен Қаскелеңнің парламентін емес, кең байтақ Қазақ елінің солтүстігі мен оңтүстігі, шығысы мен батысы атынан барлық аймақ өкілдері қатысатын парламент құрамыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген адамдардың мәселелері тікелей ұсынылып, ескерілуі үшін, кейбір тарихи аймақтарды қалпына келтіру мәселесі бекітіледі. Саяси қайта құрулар көпжылдық экономикалық мәселелердің шешімін табуға көмектеседі. Ең алдымен – кедейлік. Бұл барлық жерде сезіледі.
Тіпті тұрмысы жақсы, бай-қуатты адамдардың өмір сүру сапасы да төмендеді. Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары лауазымды шенеуниктері мен серіктестері жылдан-жылға байып, өмір сүре береді. Осы байлықты қайта бөлу жаңа парламенттің, президенттің және үкіметтің басты мақсаттары болып табылады.
Мұнда үлкен перспективалар ашылуда. «Forbes» журналы Б.Өтемұратовтың капиталын 2,5 миллиард доллар деп санады, бірақ кенеттен Ұлыбритания соты оның 5 миллиард доллар активтерін қамауға алды! Бұл барлық қазақстандықтар үшін жағымды және тосынсый болды деп айтуға болады.
Б.Өтемұратовтың ұсынысы мен делдалдығының арқасында «Қазцинк» Швейцарияның «Гленкор» концернінің қолына өтті. Швейцариядағы сот құжаттарынан «Гленкор» Б.Өтемұратовқа жасырын түрде 300 миллион доллар төлегені белгілі болып қалды. Өтемұратов жалғыз ғана «жолы болғыш» азамат емес. Тимур Құлыбаевтың байлығы сол «Форбстың» есептеріне сәйкес 2,8 миллиард доллар емес, керісінше, ондаған миллиардты құрайды. Осы миллиардтарды шетелде «мұздатпау» үшін, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға, денсаулығы болмай, қиналып жүрген жерлестеріміздің қолына жеткізу үшін, елге қайтаруымыз керек.
Кедейлікпен күресу әрбір Қазақстан азаматы үшін «Тұрақты кепілдендірілген табыс туралы заң» қабылдаудан басталады. Әрбір қазақстандыққа ай сайын 200–300 доллар төленеді. Н.Назарбаевтың балалары, күйеу балалары, немерелері мен жиендері, оның көмекшілері мен жақын серіктестері ұрлауды тоқтатып, ақшаны елге қайтарып берсе, біздің халық ондай табысқа қол жеткізе алады. Егер Қ.-Ж. Тоқаев ұрланған капиталды қайтаруды ұйымдастыруға батылдық білдірмесе, бұл міндет халық арасынан шыққан парламент үміткерлерінің бағдарламасынан табылады.
Абайлаңыздар! Сіздер «халықтық IPO» деп аталатын шараларды ұйымдастыруға және оған қатысуға болмайтынын білулеріңіз қажет. Бұл кезекті алдау және мемлекеттік меншікті талан-таражға салудың өткен шақта қалған әрекеті. Біз әр қазақстандықты ұлттық байлықтағы өз үлесімен қамтамасыз етуіміз керек. Бұл үшін басқа әділ және дәлелденген әдіс бар – оны барлық зейнетақы қорлары арқылы Қазақ елінің әрбір азаматына жеткізу. Норвегияның әлемдегі ең үлкен ұлттық әл-ауқат қоры (1 трлн доллардан астам) біз үшін үлгі бола алады. Ол 1990 жылы мұнайды сату кірістерінен құрылды және барлық жылдардағы орташа кіріс 6,1%-ды құрайды. 2020 жылдың басына қарай қордың қаражаты есебінен әрбір норвегиялықтың жеке есепшотына 190 мың АҚШ доллары түсті. Қазақстанның Ұлттық қорына да сондай әдісті қолдану керек еді. Бірақ ол қаражат қайда?
Қазіргі Қазақстанның және оның мемлекеттік институттарының тарихында көзге түсер екі қара дақ бар: «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының пайда болуы мен басқару тарихы және өзі «сиқырлы», тарихы жұмбақ «Қазақстанның бірінші президентінің қоры». Біздің құпия қорларымыздың есеп-шоттарында қанша ақша бар, олар қайда жұмсалады және оның халыққа қандай пайда әкелетіні туралы бізде ең болмағанда ақпарат бар ма? Мұндай ақпарат жоқ.
Бірақ біз Сингапурдағы, Гонконгтағы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі және басқа елдердегі банктік шоттарда қандай қаражат бар екенін білеміз. Оларды басқару тек бір адамның қолында, ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Жақын арада біз бұл қаражатты толығымен мемлекет меншігіне алуға және оны жаңа парламент депутаттары комиссиясы мен өкілдер жиналысында сайланған азаматтық қоғам сарапшыларының бақылауымен елге аударуға қол жеткіземіз. Бүкіл ел осы комиссияның әрбір мүшесінің атын білуі керек, сол арқылы ұлттың меншігі қалай басқарылатыны туралы білуге де, сұрауға да болады.
Бірақ бұл нағыз парламентті таңдағанда ғана болады. Біз коалицияға бірігуіміз керек және кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жетуге күш салуымыз керек. Сайлауда жеңіске жету арқылы біз қажетті қайта өзгерістерді жасағанда ғана кедейлікті жеңе аламыз. Кезектен тыс президенттік сайлауға бүгінгі күннен бастап дайындалу керек. Ал халықты сайлауға бойкот жариялауға шақырған кез келген адамды «халқымыздың болашағының жауы» деп атауға тура келеді. БОЙКОТҚА ЖОЛ ЖОҚ!
Біз тарихымыздың сабақтарын есте сақтауымыз керек. Елдің өсіп келе жатқан тағы бір көшбасшысы Ринат Зайытов бір жыл бұрын бұл туралы: «Біздің ұлы ханымыз Кенесары неліктен жеңіліске ұшырады? Сырым Датұлы пен Махамбет Өтемісұлы оның жанында болмағандықтан! Біздің ата-бабаларымыз Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқайдың біріге алмай, қалай кеткенін еске түсіріңіз: бірі – айдауда, ал екіншісі большевиктердің зынданында болған.
Тактикалық тұрғыдан бізге дауыс беру мен дауыстарды санауды қалай бақылау керектігін келісіп, халықтан шыққан екі үміткер туралы шешім қабылдап, билік тарапынан ұсынылатын кандидатқа қарсы екеуін де дайындау керек. Қажет болса, сіз өз таңдауыңызды қорғауға мәжбүр болуға неге дайын болмасқа? Ол үшін әр облыс орталығында сайлауға дейін бес мың шақты белсенділер мен үгітшілер болуы керек, ал Астана мен Алматыда – кем дегенде 20 және 50 мың. Сайлауды бұзуға немесе біздің таңдау құқығымызды шектеуге бағытталған кез келген әрекетке жауап ретінде біз адамдарды алаңға бейбіт түрде шығара алуымыз керек, біздің келіспеушілігімізді қайсарлықпен көрсетуіміз керек. Біз көршілеріміз сияқты жаппай, әрі батыл әрекет етуге дайын болуымыз керек!
Мен қасиетті Қазақ елінің барлық мүдделі азаматтарын осы мәселе шеңберінде ой-пікірлеріңізді ортаға салуға және оларды шешу талқысына қосылуға шақырамын. Бізді керемет өзгерістер күтіп тұр, ол өзгерістер үлкен күшті қажет етеді. Біз бірігіп қана мәселелерді шеше аламыз!
Бұл екі арада
Қарағанды облысында ЖЕР ДАУЫ ШЫҚТЫ
- Қарағанды облысындағы Жезқазған ауылы мен тағы бірнеше кенттің тұрғындары өздері тұрып жатқан елді мекеннің жерін «Қазақмыс» корпорациясының мыс өндіруіне бергісі келмей, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатына жауап алды. Бірақ хатқа жауапты Ақорда емес, жергілікті әкімдік жіберген.
Қарағанды облысындағы бірнеше ауылдың жерін «мемлекет қажетіне» алу туралы сот шешімі шыққан. Бұған кейбір тұрғындар келіспей, Тоқаевтан араша сұраған. Жазған хаттарына алған жауапқа тұрғындардың көңілі толмайды. Олар президенттен реакция күткенін, бірақ жергілікті шенеуніктерден әдеттегідей жауап алғанын айтады.
Тұрғындар президентке жазған хаттарында «жеке компанияның мүддесі үшін тұрып жатқан жерлерінен өздерін көшіріп жатқанын», «мыс өндіру жоспарын құрғанда, Жезқазған ауылындағы автожол, коммуникация, молалардың бары ескерілмегенін» жазған. Ал Сәтбаев қаласы әкімдігінің жауабында «Тоқаев пен Қарағанды облысы әкіміне жазылған хатты жергілікті атқарушы орган қарастырғаны» жазылған.
Ескерте кетсек, Жезқазған, Крестовский, Весовая, Перевалка және Геологоразведочный (ГРП) ауылдарының жерлері «мемлекет қажеттілігіне» алынады деген шешім шыққан. Қазір бұл ауылдарда жүзге тарта отбасы қалды. Әкімдіктің есебінше, үш мыңдай отбасы жерлерін «мемлекет мүддесіне» беруі тиіс.
Источник: datnews.info