Марқұм арыстарымыз — Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллиннің 1938-жылы атылмағандары, Сібірдегі «халық жаулары» лагерінде көз жұмғандары туралы сөз қозғалғалы біраз жыл болды.
Автор: Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
Арқауы — оларды көрген, танысқан, біраз уақыт бірге жүрген, ал қайтыс болғандарында жерлескен екі кісінің оқырман қауымға мәлім әңгімелері. Оған баспасөзде әрқалай пікір айтылды, әлі де айтылып жатыр. Соған менің де ой қосқым келді.
Мағаң мен Сәкеңді «Сібірде көрдім, сөйлестім» деген ағайындардың (арасында Бауыржан Момышұлы бар) сөздеріне сенемін де, сенбеймін де. Сенетінім: айтқандары жатық, сезіміyңді баурайды, толқытады, қиналтады. Ал сенбейтінім: бұрын не жүзбе-жүз таныс болмаған, не шығармаларын оқып көрмеген негізгі екі куә олардың Мағжан екеніне, Сәкен екеніне қалай иланды? «Халық жауы» деген жаламен сонда айдауда жүрген, бұрында ақындарымызды білген басқа біреулер Мағаңның, Сәкеңнің атын жамылмады ма екен? Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді айтқандай, бір жапырақ қағаз болса да дерек жоқта шындықты сөзбен ғана бекітуге болмайды. Рас, кейде жазбаша деректің де әдейі бұрмаланып жазылғаны кездесіп жүр, өйткені ақиқаттың жолы ауыр.
Баукең да Мағаңды бұрын көрмеген. Жүдеу-жадау кісінің «мен — Мағжанмын» дегеніне иланғанын «Баукең өтірік айтқан адам емес!» деп мақтан тұту сөзімізбен бекіте салуға келмес. Бұл тұрғыда да нақты, ресми дерек сөйлеуі керек. Әйтпесе, соңғы кезде: «Мұхтар Әуезов былай деген», «Сәбит Мұқанов айтып еді», «Бауыржан Момышұлының мынадай бір сөзі бар» сияқты «ештен кеш жақсы» естеліксымақтар бізде көбейіңкіреп жүр. Еркін Рақышев мақаласында сондайдан сақтану жайын еске салыпты. Дұрыс.
Сәкең туралы айтқан кісі қайтыс болғандардың аяқтарына оның түрмелік қаңылтыр нөмірі жіппен тағыла салады, ал мен жіп шіріп кетеді деп ойлап, сымнан тақтым депті. Сәкеңнің қабірі, сүйегі, нөмірі табылса, ол нөмір түрме құжатындағы «Сәкен Сейфуллин» нөмірімен сәйкессе, естелік иесінің куәгерлігі сонда ғана расталады.
Мағаң тағдырынан мағлұматым аз емес. Қысқаша айтқанда былайша: Жазушылар одағының Әдеби қорында директор кезімде бір ажарлы апай келіп: «Қалқам, мен Мағжан Жұмабаев ағаңның бәйбішесі Зулейхамын. Татарымша — Зулейха; қазағымша — Зылиха. Мұнда бұрын отырғандар, «халық жауының қатыны» деп, мені жолатпай қойған. Әнеугүні Мұхтар Әуезовтің баласы Мұрат сен туралы айтып, «барыңыз, көмек көрсетеді» деген соң келдім» деді.
Сол күннен бастап біз апай мен бауырдай болып кеттік. «Жұмабек Тәшенев бергізді» деген пәтерінде бірнеше рет болдым. Зыхаң Мағаңның өлеңдерін кітап күйінде де, гәзет-журнал қиындылары күйінде де хал- қадари сақтаған екен, соларды маған беруін өтіндім, бәрін реттеп, машинкалатып, түптетіп, қолдан кітап жасап қою ниетімді айттым. «Қалқам-ау, Мағжан әлі ақталған жоқ қой?!» деп сескенген апайды: «Апай, мен саспай, сіз саспаңыз» деп әзілдей алдарқатып, бәрін алып қайттым да, машинкалатып, өлеңдерін бір кітап, мақалалары мен аудармаларын бір кітап етпек болдым. Неше дана жасауды апаймен ақылдасып, өзіне, мемлекеттік архивке, орталық кітапханаға, Әнуар Әлімжановқа — жиыны төртеу етіп, түптетпек болдым. «Фото-суреттеріңіз бар ма? Болса, қосалық» деп едім, апай: «Фото көп еді, Мәскеудегі дос-жолдастарымен, Александр Блокпен театрға барғанда түскен, бірақ «Байтал түгіл бас қайғы» кезде бәрінен айрылдым ғой» деп ауыр күрсініп алып, сандығын ақтарып, бес-алты фото әкеліп берді. Мағаңның фотосын да көрмегендіктен ол кісіні іздеуден бұрын кітаптарындағы суретінен таныс Блокты іздедім. Таба алмаған соң апайға ұсынып: «Мағжан аға қайсысы?» дедім. Ол кісі бір топ кісі түскен суреттің орта тұсын меңзеп: «Мағжан ағаң міне» деп кемсеңдеп, басорамалының ұшымен ақырын сүртті. Келбетті жігіт болған екен! Сол суретті фотостудияға апарып, Мағаңның бет-бейнесін жеке алдырып, 22 х17 сантиметр көлеммен төрт дана жасаттым да, жасырын жасалған (самоиздат) екітомдықтың бірінші томына беташар етіп орналастырдым. Ол фотоны кейін бірсыпыра гәзет-журнал редакцияларына тараттым.
…Сөйтіп кітаптарды Зылиха апайға алып бардым.
-Апай, міне, дайын болды! — дедім, қуанышымды жасырмай жарқын сөйлеп.
-Рахмет, қалқам, рахмет, көп жаса! — дей қалбалақаған апай көз жасына ие бола алмай, кітаптарды кезек-кезек сипалай берді…
-Апай архив пен кітапханаға мен тапсырайын, сіз әуре болмаңыз, жарай ма? — деп едім, апай басын шайқап, білезікті оң қолын сілтеп:
-Қалқам, мен басқаша ойлап отырмын. Сен архивке, кітапханаға апарма, оларды Әбділда Тәжібаев алып, құртып жібереді, ол Мағжанға тірісінде жау болып еді, өлісінде де әлі жау… Жоқ, кітапты оның қолына түсірмейік! Біреуін өзің ал, біреуін… Олжас Сүлейменовке апарып бер, — деді, әншейіндегі басыңқы қоңыр үні шыңылдаңқырап шығып.
Тілегін орындадым. Томдардың алғы бетін өзгерткен жоқпын, онда “архивке тапсырылды” деп қазақ, орыс тілдерінде қысқаша сілтеме-түсінік жазғанмын-ды.
Әнуар өзіне тапсырылғанды: “Сен архивші-тарихшысың ғой, сенде болғаны дұрыс шығар”, деп жазушы Амантай Сатаевқа силағанын айтты. Жақсы жолдасым, сырласым Амантай сөйтіп ойында жоқ олжаға кенелді. Ал екітомдықтың басқа данасын бір күні Жазушылар одағы кеңсесінің подвалынан тауып алдым. Одақтың бірнеше бөлмесі жөнделетін болып, ондағы мүліктер сонда апарылғанын естіген едім, әлдебір мерейтой алдында бір кітаптар керек болды да, ақын жолдасым Сабырхан Асанов екеуіміз подвалдың кілтін алып, түстік. Кітаптар бөлменің ортасына үйіліп тасталған екен. Сабырхан аңырып тұрып қалып: “Астапыралла! Мынау сұмдық қой!” — деді. Шынында солай болғанмен, не істерсің, керегімізді іздеуге кірістік. Бір тұстан өзіме таныс қос қоңыр томды көріп қалдым да, дереу ұмтылып барып алдым. “О не? Не кітап?” деді Сабырхан. Мен көрсеттім, айттым (Жазушылар одағындағы төртінші хатшылық қызметінен Кинематография комитетінің төрағалығына ауысып кеткен Олжас Сүлейменовтің кабинетінде қалған кітаптардың да қоса шығарып тасталғанын білдім). Сабырхан: “Маған берші!” деді, құмарта қалып. Көңілін жықпадым, бірінші томын — өлеңдерін бердім. Ал екінші томын жазушы-сыншы профессор Тұрсынбек Кәкішев: “Мағжан Жұмабаевтың аудармалары туралы зерттеу еңбек жазуыма керек еді” деп сұрап алған, әлі де Тұрсекеңде.
Мағаң толық ақталды. Қуанышымызда шек болған жоқ. Баспадан алғашқы жинағы шықты. Сол күні Зылиха апайға барып, құттықтап:
-Апай, көңіліңіздегі пәлен батпан зілден құтылдыңыз, сүйінішіңіз ұзағынан болсын! — дедім. Апай қүшақтап, бетімнен сүйді де:
-Отыршы, саған бір нәрсе айтайын. Мағжанның ақталғаны, кітабы шыққаны — халқына куаныш, маған кеш болса да, аздап болса да бақыт. Біраз жасарып та қалдым, — деп жымиды. — Бірақ… — Апай қабақ шытты. Дөңгелек көзі кіреукеленді. — Орыстар “сила есть, ума не надо” дейді ғой, солай болды. Анау цекадағылар күш көрсетуден әлі де танар емес, кітаптың алғысөзін әлгі Әбділда Тәжібаевқа жаздырды, менің қарсылығыма қарамады, ұятсыздар!..
-Апай, оған қамықпаңыз, Тәжібаев та, цекадағылар да жұмырбасты пенделер емес пе, — деп жұбатқан болдым. Ал апайдьщ наразылығы орынды еді.
-“Жұмырбасты” дейсің, шақшабаста да аздаған ақыл болуы керек қой?! Өмір бойы Мағжаңды жамандап келген Тәжібаев аяқастынан мағжаншыл бола қалыпты! Одан басқа жаза алатындар құрып қалып па?! Тым болмаса мына тірі отырған менің қарсылығыма құлақ қойса еді?! “Е, ол кемпірдің бары не, жоғы не” дегендері ме?.. «Партияның орталық комитетіненмін» деп нығызданып бір жігіт келді, бетінің бәрі түк пе, біртүрлі, қиқоңыз сияқты сүйкімсіз. “Сіз келіспесеңіз де, алғысөзді Әбділда Тәжібаевқа жаздырамыз!” деп күш көрсетіп кетті. Сөйлесейін, хал-жағдайын білейін, пікірін естиін деп келмепті, сіресіп кіріп, сіресіп шықты. Ақырында айтқандарын істеді.
Апайдың ашуын тарқата әңгімелесіп отырып, Мағаңның соңғы тұтқындалуына нендей себеп, кімдерден болғанын білгім келетінін айттым. Ол сәл ойланып алып:
-Пәле-жала пәленбайдан, түгленбайдан болды деп күнәлі болғым келмейді. Әбділданың: «Мағжан ақталады екен», деген сөз шыққаннан бастап қарсы сөйлеуін көбейткені рас, неге екенін білмеймін. Шынымды айтайын, оны да кінәламаймын, құдай сақтасын! — деді.
Кейбірде Зылиха апайды: «Байдың қызы болған. Мағжан ағаның соңынан Сібірге барғаны өтірік» дегендей небір орынсыз ғайбат сөз естіліп қалады. Ол — бекершілік. Мағаң алғаш тұтқындалып, Сібірге айдалғанда Зыхаң соңынан барып, лагерь іргесінде бір үйде өзіндей екі әйелмен бірге тұрып, күйеуіне тапқанынша тамақ апарып беріп, кір-қоңын жуып беріп жүргені, КСРО Жазушылар одағының басшысы Максим Горькийге хат жазып, Мағаңды босатып алғаны рас. Егер Зыхаң кейін жүзік, сырға, сақина, алқа, тағы басқа дүниелерінің Сібірден қалғанын сатып жүріп, күйеуінің гәзеттерде шыққан өлеңдерін не қиынды күйінде сатып алмаса, не ақысын беріп мәшинкалатып жинамаса, мен аталған екітомдықты шығара алмас та едім. Мағаңның әдеби мұрасын шамасы жеткенінше жинап сақтағаны үшін ғана Зықаңның аруағына бас июіміз керек.
Осыдан бір ай шамасы бұрын бір жиында Мәскеуде бір кітап шыққанын, орыс автор Мағжанның әйелі ерінің сотталғанын Мұхтар Әуезовтен көретінін жазған, дегенді естідім. Меніңше, ол — қате пікір, кітап авторыныңы өсегі. Біріншіден, Зылиха апай Мағаңа қатысты әңгімесінде Мұхтар Әуезовті аузына алған емес. Екіншіден, Мұхаңның бір кездерде одақтас республикалардағы ұлттар әдебиетіне мәскеулік, ленинградтық кейбір өркөкірек ақын-жазушыплардың, сыншылардың тым жоғарыдан қарайтынын батыл айтып, тойтарыс беріп жүргені мәлім. Мысалы, қырғыздың «Манас» жырын қорғаудағы білгір батылдығы үшін Мұхаңа жауыққан шовинистер аз болмады. Ең соңы бертінде «Ко мне, Мухтар!» деген кинофильм шығартып, марқұмнан есе қайтарып бақты десек ше?!.
Ой түйіні: республикалық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатжайларындағы «халық жаулары» құжаттарының түгелдей ашық, жариялы болуын талап етуіміз керек. «Жау» аталып кете барған жазықсыз ағаларымызға қатысты нақты деректердің ізі сонда ғана табылады.
ОТ РЕДАКЦИИ: В последнее время в казахоязычной прессе стали появляться сведения, ставящие под сомнение такой исторический факт, как расстрел Магжана Жумабаева и Сакена Сейфуллина в 30‑е годы прошлого столетия, во времена сталинских репрессий. По некоторой информации, они вовсе не были расстреляны, а доживали последние дни в сибирских лагерях “врагов народа”. Свое мнение по этому поводу решил высказать и писатель Габбас Кабышулы, он считает, что явных доказательств последней версии нет.
Оригинал статьи —