«Халық батыры» сыйы 15-желтоқсанда тапсырылмақ
Биліктің қысымы мен қудалауына қарамастан Азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға «Халық батыры» қоғамдық сыйлығы тапсырылатыны жөнінде бұған дейін хабарладық. Салтанатты жиын Алматыда өтіп, оған қудалауға ұшыраған азаматтардың жақтаушылары жиналуы тиіс еді.
Алайда, «Халық батыры» қоғамдық сыйын тапсыру жиынын өткізбеуге билік бар күшін салуда. Осы жиынды ұйымдастырушы әрі идея авторы Жанболат Мамай «Халық батырын» Макс пен Талғатқа тапсырылатыны туралы жариялауы мұң еді, әлдебіреулер оның көлігінің терезесі мен айнасын қиратып кетті. «Бірінші көліктің айнасын сындырды. Бұған мән бермеп едім – бұзақылардың әрекеті ме деп. Бірнеше сағаттан соң белгісіз біреулер көліктің терезесін таспен ұрын сындырды. Әрине, бұл кездейсоқтық емес, арнайы ұйымдастырылған шабуыл. Билік «Халық батырын» тапсыру жиынын тоқтату үшін бұдан да қатты арандатуға бара ма деп қауіптенемін», — деді «Трибуна» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай бұл жағдай туралы. Журналистке жасалған шабуылды әлеуметтік желілерде жүздеген адам айыптап, билікті арандатудан бас тартуға шақырды.
Бұл оқиғадан кейінгі күні ұйымдастырушыларға алдын ала келісім жасалған «Астана» қонақ үйінен хабарласып, 17 желтоқсан күні конференц-залды жалға беруден бас тартты. Еш себебін түсіндірместен. Ал бұл қонақ үймен келісім шарт 16 қараша күні жасалып, тиісті сомасы толық төленген еді. Соған қарағанда, қонақ үйдің басшылығына биліктен қатаң тапсырма келген тәрізді. Онсыз талай жиындар өтіп жүрген «Астана» алдыңғы келісімінен бас тартар ма еді?
«Халық батырын» қалай да өткізуге бекінген ұйымдастырушылар Алматыдағы бірнеше қонақ үй, мейрамханалермен келісім жасамақ болды. Барлығы дерлік аталған датаны ести сала бас тартты. Тек «Қаз жол» қонақ үйі қажетті күнге өз залын жалға беруге келіскен еді. Олармен де келісім жасалып, ақшасы төленді. Бірақ, келесі күні таңертең «Қаз жол» менеджерлері ұйымдастырушыларға хабарласып, «шұғыл өзгерістерге» байланысты келісімді бұзды.
Кейіннен қалада үлкен залдарды жалға беретін барлық ұйымдарға билік 15–18 желтоқсан аралығында ешкіммен де келісім жасамауға арнайы тапсырма берілгені анықталды. Демек, Жанболат Мамайдың көлігіне шабуыл, «Астана» мен «Қаз жолдың» алдын ала жасаған келісімінен бас тартуы – биліктің «Халық батыры» сыйын тапсыру рәсімін өткізбеуге бекінгенін көрсетеді.
Арнайы қызмет пен биліктің Макс Боқаев пен Талғат Аянға «Халық батырын» тапсырудан неге сонша үріккені белгісіз. Ұйымдастырушыларға жасалған қысым, екі қонақ үйдің бірінен соң бірі залды жалға беруден бас тартуы – қоғамдық сыйлыққа деген қызығушылықты одан әрі күшейтті. Тіпті шетелдік журналистер хабарласып, бұл сыйдың төңірегіндегі дауға әлемдік деңгейдегі ақпарат құралдарының назары ауды. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, «Халық батырын» тыныш, қаланың орталық залында тапсырылғанына гөрі оны тапсыртпауға әрекеттенген биліктің қимылы қызу дау туғызды. Бұл бастаманы мыңдаған адам қолдап, әлеуметтік желілерде қолдау жазбаларын қалдырды.
Десек те, биліктің қыспағына, қудалауы мен шабуылына қарамастан, ұйымдастырушылар «Халық батыры» сыйын қалай да азаматтық белсенділерге табыстамақ. Бірақ, билік Алматының қақ ортасында, 17-желтоқсан күні бұл жиынды өткізуге қалай да мүмкіндік бермейтіні түсінікті. Сонда қайтпек керек? Ұйымдастыру тобы ақылдаса келе, мынадай шешімге келді: «Халық батыры» сыйы қалай да Алматыда тапсырылады. Жоғарыда айтылған себептерге байланысты, тапсырылу күні 17-нен 15 желтоқсанға ауысты. Барлық мекемелердің залдарын жалға беруге бас тартуына байланысты, жиын белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис басқаратын Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының баспасөз залында өтпек. Салтанатты жиынның басталатын уақыты – сағат 11:00.
Биыл Тәуелсіздіктің 25-жылы, Желтоқсан оқиғасының 30-жылы қатар атап өтілмек. Осы екі датаның қарсаңында биліктің отансүйгіш азаматтарды қудалап, оларды түрмеге қамап, тіпті қоғамдық сыйды тапсыртпауға әрекеттенуі – масқара тірлік. Репрессиялық саясатты, қудалауды, тоталитаризмнің мұрасын тәуелсіз, егемен мемлекетке қайта әкелуге болмайды. Арты жақсылыққа апармайды бұл әрекеттің.
Ал Макс Боқаев пен Талғат Аян жерді, елді қорғағаны үшін «Халық батыры» атағына лайық.
Сонымен, патриоттарға қолдау білдіргісі келетін барлық азаматтарды 15 желтоқсан күні сағат 11:00-де, Алматыдағы Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросында күтеміз (Абай мен Өтеген батыр көшесінің қиылысындағы кеңсе, яғни 8‑ықшамаудан, 4а үйі, 4‑қабатта).
Оригинал статьи: Трибуна — Республиканская общественно-политическая газета / tribunakz.com