Қоғамдық сана мен азаматтық белсенділік қанша дамыды десек те, көпшілік аса көп мән бере бермейтін әрі өзінің қатысы шамалы деп санайтын бір сала бар. Ол – сыртқы саясат. 20 жыл ішінде мемлекет саясатының аса маңызды осы бағытын қоғамның қатысынсыз, бас билікке бір табан жақын ат төбеліндей топ қана қалыптастырып келді.
Автор: Әміржан ҚОСАНОВ
Келісілмей пішкен тон қандай болатыны о бастан белгілі. Сондықтан да сыртқы саясатқа деген ішкі наразылық күн сайын артып барады.
О бастан Қазақстанның сыртқы саясаты “көпвекторлы” боп анықталды. “Жалпақшешейлік жақсылыққа жеткізбейді”, “Екі қайықтың басын ұстаған суға кетеді” деген сыңайда уәж айтқан бұл доктринаның сыншылары да аз болмады.
Бірақ, шындығын айту керек, кешегі Кеңес Одағының шинелінен енді шыққан, аяққа тұра қоймаған, шекарасы жөнді қорғалмаған, пайдалы қазбаларына алпауыттар сілекейі шұбырып, көз тіккен біздің елге алғашқы кезеңде осы ұстаным алғашқы кезде орынды болды деп айтуға болады.
Бірақ 20 жыл ішінде тым жалпылама осы ұстанымды дамытып, сыртқы аренадағы басты басымдықтарды анықтап алу керек еді.
Жоқ, олай болмады!
Әртүрлі себептермен біз “біржарым векторлық” жолға түсіп барамыз.
Бірі — Қазақстанның Ресей және Белоруссиямен құрып жатқан Еуразиялық Одағы. Әрине, кеше ғана президент “Ол таза экономикалық Одақ, оның ешқандай саяси сипаты жоқ!” деген сөз айтты. Бірақ ол түйінді сөз Астанада, шетел елшілерінің жиынында айтылды. Неліктен осылайша, нық түрде Мәскеуде немесе Минскіде айтылмайды?
Оның үстіне ресейлік шенеуніктер елді дүрліктіруден шаршамайды: не ЕвразОдағының ортақ валютасы туралы әңгімені қоздырып жібереді, не бұл Одақтың ортақ парламенті жайлы жаханға жар салады.
“Аузы күйген үріп ішеді” дейді атам қазақ. Кешегі Кеңес Одағы тоталитарлық жүйесінің теперішін көрген ел енді ондай теңсіз одаққа кіргісі жоқ!
Экономика мен саясат бөлек дүние емес, екеуі бір-бірімен астасып жатыр. Сондықтан осы екі елмен экономикалық одаққа кіріп, олардың сыртқы саяси ұстанымдарының жетегінде кетіп қалу қаупі бар екенін баршамыз да түсінеміз.
Екіншісі, Қытай секілді алпауыттың Қазақстан өмірінің біраз саласына экспансиясы. Шекара мен көші-қон проблемалары, аузынан от шашқан айдахардың мұнай саласын біртіндеп өз қолына ала бастауы — қазіргі өмір шындығы. Әрине, билік шама-шарқынша осының бәрін жоққа шығаруда. Бірақ ол бұлдыр да былдыр сөзге сеніп жатқан ешкім жоқ!
Сондықтан да біз, Қазақстанның бір топ азаматы, осы және басқа да маңызды мәселе бойынша халық өзі таңдау жасасын, референдум өткізейік деген бастама көтеруге мәжбүр болдық. Елдің ішкі де, сыртқы да саясатының ең басты мәселелерін бір топ шенеунік емес, бүкіл қазақстандықтар шешуі тиіс!
Сонымен бірге біз “ұлттық” мүдде деген не екенін айқындап алуымыз қажет. Өкінішке орай, бізде ол мүдде ұжымдық түрде Парламенттің талқылауы не саяси күштердің мәмілеге келуі арқылы анықталмайды. Халықпен санаспай, осы мүдденіі не екенін Ақорданың маңайындағы сол баяғы топ анықтап жатыр. Шынтуайтына келгенде, олар өз басының не ықпалды топтарының мүддесін көздеп отыр ма? Және де сол мүдденің шын мәніндегі ұлттық мүддеге қаншалықты қатысы бар? Осының бәрі түптеп келгенде, мемлекетіміздің бүгіні мен болашағына қандай әсер етеді? Теңсіздікке негізделген “біржарым” басымдылыққа салынып, не ұтамыз, неден ұтыламыз? Міне, осы және басқа сауалдарға қоғам әлі де жауап алған жоқ.
Әзірше билік, мәселен, ЕуразОдақтың бізге тиімділігі мен қарым-қатынастың тең дәрежеде болатынын айтады. Менің мынадай сұрағым бар: егер де Путин мырзаға: “Ресейден халқының саны мен экономикалық әлеуеті жағынан шамамен он есе үлкен көрші мемлекетпен Одаққа кіріңіз, терезелеріңіз тең жағдайда болады”, — десе, біздің билік секілді алақайлап келісе салар ма еді?! Қайдам!
Мойындау керек, “көпвекторлы” сыртқы саясаттың оң жағы да болды. Бірақ осы доктринаны қабылдағалы 20 жыл өтті. Әлем өзгерді, жаһандану процесі дүниежүзілік тенденцияларға өз түзетулерін енгізіп жатыр, жаңа талаптар пайда болуда, еліміз де, Құдайға шүкір, аяққа тұрды.
Сондықтан да осы доктринаны жаңаша, заманға сай мазмұнға толтыру қажет!
Және де оның ең басты принциптері — Қазақстанның түпкілікті ұлттық мүддесін қорғау мен дамыған демократиялық елдермен мейлінше тығыз қарым-қатынас басымдылығы болуы тиіс!