- Меруерт ханым, көктеммен бірге келген Халықаралық әйелдер мейрамы құтты болсын!
- Рахмет, газеттеріңіз арқылы барша қазақстандық әйелдер қауымын мен де осы мерекемен құттықтаймын!
- Тұрмыс тауқыметін арқалап, дастархан мәзірінен девальвацияның зардабын тартып жүрген қазақ әйелдері осы мерекені қандай көңіл-күймен қарсы алады деп ойлайсыз?
- Қарық болып отырған ешкім жоқ шығар. Әйелдердің ғана емес, әрбір отбасының мерекелік көңіл-күйін базардың бағасы бұзатыны анық. Ақпандағы ақшаның құнсыздануының кесірінен банктерден доллармен несие алғандары «күйіп», теңгемен алғандары «теңселіп» қалған жайы бар.
Күнкөріс қамыты жан-жақтан қысып жатқан жағдайда мерекелік көңіл-күй қаншалықты көтеріле қояр екен?! Десек те, көктем келіп, жылы күннің шуағы молаятыны ғана дәтке қуат болатыны көңілге демеу.
Оның үстіне соңғы кездегі Украина мен Ресейдің арасындағы текетірестің салқыны бізге де тиетінін жасырып қайтеміз? Ресеймен арадағы экономикалық қарым-қатынасқа байланысты Батыс елдері санкция (шектеу) жасайтындары жөнінде мәселе көтерді. Енді Кеден одағына басы байланған Қазақстан мемлекеті де осы санкцияның кесірін тартатыны — айтпасақ түсінікті мәселе.
Бір ғана мысал: біз тұтынатын жоғары октанды жанармай Ресейдің импорты есебінен жабылып отырады. Ал дүйсенбі күні Ресей өз рублін құнсызданудан қорғаймыз деп, Орталық банктің 10 млрд АҚШ долларын бір күннің ішінде нарыққа шығарды. Осыдан кейін жылдық бюджеті 25 миллиард қана болатын Қазақстанның жағдайы қалай боларын бір Құдайдың өзі білсін. Егер рубль одан ары құнсыздана беретін болса, біздің теңгеге төнген қауіп күшейетіні белгілі. Теңгенің кіндігі орыс рубліне байланып қалғаны — басы ашық мәселе.
Себебі соңғы он бес жылдың ішінде үшінші рет қайталанған девальвация халықты үкімет пен теңгеге деген сенімнен айырды. Кедендік одақтың құрамына кіріп, Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) аясында Қазақстан макроэкономикалық саясатты Ресеймен келісіп жүргізу жөнінде бірқатар құжаттарға қол қойғандықтан, Қазақстан дербес валюталық саясат жүргізу мүмкіндігінен айырылды. Ұлттық банк валюталық интервенциялар арқылы теңге бағамын ұзақ уақыт бойы ұстап тұра алмады. Қаңтар айының өзінде ғана Ұлттық банк валюталық интервенцияға 200 миллион доллар жұмсады.
Ұлттық банктің бар ойлап тапқан амалы — бір мезетте шұғыл девальвация жасау. Ал енді неліктен бір доллардың құны 185 теңге болып белгіленді? Ұлттық банктің төрағасы Келімбетов болса, девальвация экономиканың бәсекеге қабілеттілігін сақтап тұру үшін қажет дегенді алға тартады. Бірақ, анығында, экспортшылардың мүддесін қорғау мәселесі сөз болып отыр. Ұтылған — Қазақстан халқы. Үкімет теңгенің құнсыздануына сәйкес, зейнетақы мен жәрдемақыны 19 пайызға өсіруді жоспарлап отырған жоқ, зейнеткерлер мен көп балалы отбасылардың ескерілмеген мүддесін кімнен даулауға болады?
- Азық-түлiк тауарлары, жанар-жағармай бағасы күн санап өсіп жатыр. Халықтың күнкөрісіне қажетті тұтыну тауарларын өндiрмейтiн елiмiз сырттан келетін тауарларға тәуелдi күй кешкен кезеңде, экономикалық дағдарыс тығырығынан шығар жолдың болжамын жасауға бола ма?
- Ірі мемлекеттер — АҚШ, Англия, Франция және Германия әр елдің мұнай үлесін (квотасын) анықтайтын ОПЕК-ке сөздерін өткізе алатынын ескерсек, Ресейдің Украинаға жасаған агрессиясынан кейін, мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы құлдырап кетуін жоққа шығаруға болмайды. Мұны Ресейдің жаңа империялық саясатына қарсы шыққан шара деп қабылдасақ, оның залалы Қазақстанға да тиері сөзсіз.
Біздегі жалпы ішкі өнімнің өсуі мұнайдың бағасына байланысты. Сондықтан экспорттың мүмкіндігі шектелер болса, жылдың аяғына жағдай күрт өзгеруі мүмкін. Егер оптимистік тұрғыдан алсақ, Ресей Украинаға әскери шара қолданбай, танкілерінің басын тартатын болса, болашақта болуы мүмкін экономикалық коллапсқа тосқауыл қоюға мүмкіндік болар еді. Ол мәселе ендігі жерде Путиннің саясатына байланысты.
Оның үстіне біздің еліміз сырттан келетін импортқа тәуелдi. Сондықтан ертеңгi күнi азық-түлiк бағасы тұрақты болады, тауарлар қымбаттамайды, инфляция болмайды деп сенiммен айта алмаймын. Бұл мәселе тiкелей қазақстандық өндiрiстің дамуына да тәуелдi. Неғұрлым өндiрiс ошақтарын көбейтiп, отандық тауарларды өндіру мөлшері көбейсе, ішкі нарықтағы бағаны құрықтау мүмкiндiгiмiз арта түсер едi.
- «Бюджет» демекші, заң негізінде қабылданатын еліміздің басты экономикалық құжаты жыл ішінде бірнеше рет өзгеріске ұшырайтынын көріп жүрміз. Сіз басқарған орталық осы бюджеттің орындалуын дербес қадағалау тұрғысында жұмыстар жүргізе ме?
- Иә, біз бюджет саясатын тұрақты зерттеп отырамыз. Бюджетті жыл ішінде бірнеше рет қарайтын себебі — жыл басында жоспарланған зейнеткерлікке, ел тұрғындарының күнкөріс деңгейі мен студенттерге берілетін стипендияға болжам жасағанда, үкімет болжамның ең төменгі мөлшерін есептеуге тырысады. Сондықтан инфляцияның да деңгейін төмендетіп есептейді. Жыл ішінде қайта-қайта қараған кезде, кіріс мөлшері межелеп қойған болжамнан асып кетсе де, зейнатақыға да, жәрдемақыға да үстеме қоспайды.
- Демек,тәуелсіз сарапшылардың жеке меншік зейнетақы қорларын бір орталыққа бағындырып, үнемделген қаржы ЭКСПО-17 көрмесіне жұмсалады деп, болжам жасауының бір ұшы осыған кеп тірелетін сияқты. Сонда сол халықаралық көрме зейнеткерлердің қаржысына қарап қалса, ондай глобал-жоба бізге қажет пе еді?
- Мен мұндай шараларды қолдамаймын. Ресми мәлімет шынайы өмірмен сәйкес келе бермейтіні мәлім. Халықаралық деңгейде өтетін мұндай шаралар үшін бірнеше мил лиардтаған доллар желге шашылады. Одан да билік халықтың тұрмысын жақсартып, күнкөріс деңгейін өсіруді мақсат еткені дұрыс болар еді. Айдаладағы Астанаға 5 миллион турист көрмені тамашалау үшін келеді дегенге сене қою қиын. Миллионға жетпейтін тұрғыны бар қала бес миллионға қалай қызмет көрсетпек? Сондықтан ЭКСПО-17 — шығыны көп, қайтарымы жоқ жоба.
- Төл теңгенің құнсыздануына байланысты Ұлттық қордан 20 млрд. доллар бөлінеді деп, президенттің өзі айтты. Қазақстанның бір жылдық бюджетіне шамалас осы қаржы қандай бағыттарға жұмсалуы керек деп ойлайсыз?
- Ұлттық қордан бөлінетін қаржының алғашқысы да, соңғысы да бұл емес. Бірақ сол ақша жоспарланған мақсатқа жұмсалғаны жөнінде жария болған есепті көрген емеспіз. Қандай бағыттарға жұмсалуы керек деген мәселе төңірегінде билік ешкімнің ақылына «зәру» емес. Көзделген мақсатқа жұмсалатынына тағы да күдігім бар. Егер бізбен ақылдасып, сарапшы-мамандардың ұсынысына құлақ түрсе, ол қаржы ең алдымен ана мен баланың игілігіне жұмсалса, болашаққа жасалған инвестиция болар еді.
Сонымен бірге білім беру, денсаулық сақтау саласы да қаржылық қолдауды қажет етеді. Елге еңбегі сіңген, от пен судан өткен қариялардың зейнетақысына да девальвациялық компенсация жасалуы тиіс. Күні кеше Астана әкімшілігі 8 наурыз қарсаңында көп балалы аналарға 3 мың теңгеден беретіндері әлеуметтік желіде мазаққа айналды. Кейіннен сол ақпарат өзгертіліп, берілмек ақшаның жалпы сомасы ғана жарияланды. Күлесіз бе, ренжисіз бе?
- Айтпақшы, шеттен әкелінетін экспорттық тауарлардың структурасына қарасақ, Ресейдің үлесі миллиардтаған долларды құрайды екен. «Мұнайлы елміз» деп, мақтанып жүрсек, сіз айтқандай, жоғары октанды жанармайдың да 100 пайызын (!) Ресейден сатып алады екенбіз. Ал егер Украинадағы сияқты, Ресей бір күннің ішінде экспортты жауып тастайтын болса, біздің жағдайымыз не боларын біле аламыз ба?
- Қазақстанның жер аумағы үлкен, көлік қатынасының барлық түрі жанармайды қажет етеді. Сөйте тұра Қазақстан үкіметі көлік отынын өндіру мәселесін күні бүгінге дейін шеше алмай отыр. Қазақстан сияқты мұнайлы өлкеде жиырма жылдың ішінде мұнай өңдеу зауытының саны үштен аспады. Үкімет мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысты қамтамасыз ете алмай отырғаны өкінішті жайт.
- Иә, дұрыс айтасыз, Украинадан кейін Ресейдің империялық араны ашыла түседі. Ал біздің экономикалық саясат Кеден одағымен, Еуразиялық одақпен әріптес болғаны сайып келгенде ел тәуелсіздігіне тікелей қатер төндіруі мүмкін ғой?
- Кедендiк одақ — экономикалық емес, саяси одақ екені жөнінде ол одақ құрылған алғашқы күннен бастап айтып келемін. Ал экономикалық тұрғыда алып қарайтын болсақ, бұл одақ Қазақстанға шығын алып келгеннен басқа пайдасын көре алмадық. Мәселен, аталмыш одаққа кiрудің салдарынан халықаралық сауда тарифтерінің құны екі есе артты. Ол көрсеткіш Ресейдiң тарифтерiмен теңестiрілдi. Кедендік одаққа мүше болмаған кезде экономикамыздағы сауда саясаты еркін, либералды түрде жүргізілген болатын. Себебi бiздегі тарифтердің деңгейі төмен болды. Ал қазiр біз өзіміздің емес, Ресейдiң өндiрiсiн қолдап жатырмыз: тарифтердiң құны аспандап кетті. Басқаларға бәсекелес болатын отандық тауар өндірісі дамыған жоқ. Нәтижесінде қарапайым халықтың қалтасы қағылып, біз Кедендік одаққа кіріп, Путиннiң империялық амбициясының тұтқыны болдық.
- Дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деген Қазақстанның халықаралық рейтингтегі экономикалық көрсеткіштері елдегі әлеуметтік жағдайға сай келе ме? Мәселен, көрсеткіштерді «үрлеп» көрсететін біздің ресми статистикаға сүйенген сол рейтингте көп күдік бар сияқты…
- Халықаралық рейтинг бойынша біз өзімізді өзге елдермен салыстыру мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Негізінен біздің үкімет рейтингтің жоғары деңгейіне жету мақсатын көздегеннен гөрі, мұнайдан түсетін табысқа ғана қарап қалмай, халықтың болашағына деген сенімін арттыруға қызмет еткені жөн болар еді.
- Сіз журналистермен өткізген бір кездесуіңізде Егор Гайдардың «Гибель империи» деген кiтабына байланысты пікір білдірген екенсіз. Сіз сол кітаптың мазмұнына сілтеме жасап, Ресейдiң жаңа империя құрам деген саясаты бос әурешілік екенін баян етіп, «Ресей біртұтас мемлекет ретінде жойылады» деген жорамал айтыпсыз. Сол ойыңызды біздің қазақ оқырмандарға тігісін жазып айтып берсеңіз…
- Кітапты 2010 жылы Мәскеуден Гайдар институтының конференциясынан әкелген едім. Қазақ журналистерімен болған кездесуде Кеден одағына қатысты пікірімді айтып жатқанда, осы кітаптың идеясына тоқтала кеткенім бар. Бұл одақтың негізінде саяси мақсат жатқанын ескерткенмін. Гайдар соңғы екі ғасырда жер бетінен қанша империя жоғалғанын зерттеп, бүгінгі Ресейге арналған қортынды ретінде жазған. Менің ойымша, бұл кітаптың басты қортындысы Путинге арналып жазылған сияқты. Гайдар соңғы екі ғасырдағы империяның ыдырауын, сонымен бірге тікелей Путиннің империяшыл мақсатын әшкерелеп, оның империялық амбициясының соңы Ресейдің күйреуіне әкелетінін жазған. Өзінің империялық үстемдігін Украинаға жүргізбек болған Путиннің саясаты тұйыққа тірелгеніне куә болып отырмыз. Путиннің империялық ұстанымына қарсы әлемдік ықпалды мемлекеттер Ресеймен қарым- қатынас жасаудан бас тартатынын жария етіп жатыр.
Путин алғаш рет үкімет басына келген кезде біздің институттың бір қызметкері Путинді теледидардан көріп: «Бойы бір қарыс, кәдімгі диктатор ғой мынау!» — дегені бар еді.Ол кезде Путин аты-жөні белгісіз біреу еді ғой. Арада бірнеше жыл өткен кезде сол бір қарыстан ғаламдық проблема өрбіді. Бірақ диктаторлардың да күйреуі бір сәттік құбылыс екенін мәңгілік тарих сан рет дәлелдеп берген жоқ па?!
- Меруерт ханым, сұхбатыңызға рахмет, атқарып отырған қызметіңіз ел игілігіне ассын!
«Общественная позиция» (проект «DAT» № 09 (233) от 06 марта 2014 г.