Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед көптің көкейінде жүрген мәселені қозғады. «БАҚ туралы» заң кез келген электронды ақпарат құралындағы қазақтілді контенттің үлесі 50 пайыздан кем болмауға тиіс деп талап етеді. “Дат” жобасының журналисті осыған орай зерттеу жүргізіпті.
Сіздерді қайдам, өз басым басқа елдердің көрермендеріне қызыға қараймын, өйткені олар өз телеарналарынан тек сапа ғана талап ете алады. Ал Қазақстандағы жағдай бөлектеу: біз саусақпен санарлықтай ғана арналарымыздан бағдарламалардың сапасымен қатар, санын да, яғни, олардың қаншасы қай тілде көрсетіліп жатқанын да қадағалауға мәжбүрміз.
Апта басында өткен брифингте Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед көптің көкейінде жүрген мәселені қозғады. «БАҚ туралы» заң кез келген электронды ақпарат құралындағы қазақтілді контенттің үлесі 50 пайыздан кем болмауға тиіс деп талап етеді. Бұл заңның күшін ешкім де жойған жоқ! Ол — меншік түріне қарамастан, барлық БАҚ үшін ортақ. Бұл норманы біздің медиасалада жұмыс істейтіндердің және, қадап айтамын, алда да жұмыс жасағысы келетіндердің бәрі еш бұлтарусыз сақтаулары тиіс», — деді ол.
Министр бұған дейін осы мәселе бойынша арналардың басшыларымен екі рет кездесіп, кеңескен еді. Сонда осы талапты бұзып отырғандар қалыптасқан жағдайды қалайда 1 желтоқсанға дейін түзеуге уәде беріпті.
«Біз оларға әлденеше рет жеңілдік жасадық. Енді барлық заң бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады. Тіпті лицензияны кері қайтарып алуға дейін барамыз!» — деп мәлімдеді министр.
Еліміздегі телеарналарда қалыптасқан ахуал дәл қазір сын көтермейді. Маңдайымызға біткен жалғыз ұлттық арна — «Қазақстанның» өзін таза қазақша сөйлету үшін қанша уақыт, қанша жүйке шығын болды. Басқа арналардың көпшілігіндегі жағдай әлі сол баяғы күйде. «Тіл туралы», сондай-ақ «БАҚ туралы» заңдардың тиісті талаптарына қарсы топтар міндеттелген мемлекеттік тілдегі хабарларды өз эфирінің түнгі бөлігіне ысыра салып, қарап отыр. Жеке меншік арналардың бәрі дерлік қазақша хабарларды түнгі 1 мен таңғы 7‑нің арасына қояды. Тіл жанашырлары түгілі, биліктің өзі бұған қарсы ештеңе жасай алар емес.
Әлде осы жолы жасар ма екен? Әйтеуір министрдің белсенділігі, заң талабын аяқасты етушілерге жасаған ескертуі он бес жылдан бері орнынан қозғалмаған істе осы жолы әлдебір ілгерілеушіліктің боларын меңзейтіндей. Расында да, заңды орындамағандарға бір зекіп қояр уақыт әлдеқашан болған жоқ па еді? Қашанғы бәріне көз жұма қарауға болады?
1997 жылы қабылданған «Тіл туралы» заңның 18-бабында: «Қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншiк нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың көлемi уақыт жағынан басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс», — делінген.
Яғни, заңда қазақша хабарлардың басқа тілдегі бағдарламалардың жалпы көлемінен кем болмауы ғана міндеттелген. Біздің «50 де 50» деп жүргеніміз — мүлде бекер сөз. Кемінде ғана 50 пайыз болуы керек. Демек, артық болуы, 60, 70, 80, 90 пайызға жетуі — тіпті де заңсыздық емес!
Телеарналардың бәрінің дерлік тізгінін орыстілділер ұстап отырғанын ескерсек, көгілдір экрандағы тілдік арасалмақтың оңайлықпен өзгере қоюы неғайбыл. Ол басшылар заң талабын мүлде орындап отырмағанын жасыруға да мүдделі. Яғни, әрқандай әлеуметтік сауалнамаларға, арна жетекшілерінің қалауы ескеріле жүргізілген күмәнді зерттеулерге көп сене беруге де болмайды. Сол себепті де телекомпаниялардың тілдік саясатының құбылуын мен қарапайым ғана әдіспен — әр арнаның бір апталық эфирінің қанша уақытында қазақша, қанша уақытында орысша бағдарламалар берілгенін анықтау арқылы бақылауға бейілмін. Алынған цифрларды арнаның жалпы эфирін 100% дей отырып, пайызға жіктеймін.
Төменде ұсынылып отырған кесте — өткен аптадағы, яғни биылғы жылдың 4—11 қарашасы аралығындағы көрсетілімдерге жасалған сондай журналистік сараптаманың нәтижесі. Байқаған боларсыздар, қазір «Қазақстан», «Еларна» және «Хабардан» басқа бірде-бір арна заң талабын орындап отырған жоқ. Және, мұндай кестені сонау 1999 жылдан бері тұрақты жасап келе жатқан осы жолдар авторына сеніңіз, ешқашан орындап та көрмеген! Демек, алдыңғы жылдармен салыстырғанда, ептеп ілгерілеу болғанымен, жалпы алғанда, қуанатын ештеңе жоқ деген сөз. Оның үстіне коммерциялық арналарда қазақша хабарлардың басым көпшілігі түнгі 12 мен таңғы 8‑дің аралығында беріледі. Бұрын 100% қазақша болған «Ел арнаны» да әбден қостілді ғып бітіріп едік, кейінгі уақытта ғана ондағы ара салмақ жақсара бастады.
БІР АПТАДАҒЫ ТЕЛЕХАБАРЛАРДЫҢ ТІЛДІК ҮЛЕС САЛМАҒЫ (%)
Арнаның аты
2002 жыл
2009 жыл
2013 жыл
Қаз.* Ор.
Қаз. Ор.
Қаз. Ор.
1. «ҚАЗАҚСТАН»
49,1 49,5**
63,5 36,5
100 0
2. «ЕЛАРНА»
100 0
50,8 48,2
71,4 28,6
3. «ХАБАР»
22 77,8***
49 51
54,2 45,8
4. «АСТАНА»****
- -
17,8 83,2
48,8 51,2
5. СТВ («Рахат»)
46,7 53,2
44,8 55,2
43,7 56,3
6. КТК
24,2 75,8
28 72
29 71
7. «7 ТВ»*****
- -
- -
20,6 79,4
8. «31 АРНА»
18,7 81,3
33,4 66,6
20,2 79,8
9. «ТАҢ»
39,6 60,4
43 57
19,5 80,5
10. НТК
25,1 74,9
23,6 76,4
17 83
11. «ЕУРАЗИЯ»
- -
- -
9,3 90,7
Ескертулер:
а) * Қаз. — қазақша, Ор. — орысша.
ә) ** — «Қазақстан» арнасының 2002 жылғы көрсеткішінде қазақшасы мен орысшасының қосындысы (49,1+49,5) 98,6% болып тұр. Қалған 1,4% — сол кездегі корей, ұйғыр және неміс тілдеріндегі хабарлардың жиынтық үлесі.
б) *** — «Хабар» арнасының да 2002 жылғы көрсеткішінде қазақша және орысша бағдарламалардың қосындысы (22+77,8) 99,8%-ға тең боп тұр. Қалған 0,2% — сол кезде эфирге шығып тұрған ағылшынша жаңалықтардың («Хабар-ньюс») үлесі.
в) **** — 2002 жылы «Астана» арнасы республикаға таралмайтын еді.
г) *****- «7 ТВ» және «Еуразия» арналары бұрынғы зерттеулерде болған жоқ.
Кестеден көрініп тұрғанындай (ең соңғы, «2013 жыл» деген бағанға назар салыңыз), дәл қазір заң талабын «Қазақстан» ұлттық арнасынан (100 пайыз) бөлек тек «Ел арна» (71,4 %) және «Хабар» (54,2%) ғана орындап отыр. Басқа арналардың ешқайсысы бұл көрсеткіштерге жете алмай келеді. Мәселен, «Астана» арнасындағы қазақтілді бағдарламалардың үлес салмағы 48,8% болса, «СТВ»-да — 43,7%, «КТК»-да — 29%, «7 ТВ»-да — 20,6%, «31 арнада» — 20,2%, «Таңда» — 19,5%, «НТК»-да — 17%, ал «Еуразия» арнасында небәрі 9,3%-ды құрайды!
Мұның бәрі — тұтас аптадағы жалпы көрсеткіштер. Ал егер көсенің иегіндегі селдір сақалдай селтиген осы сирек қазақшаны әр күнге бөлер болсақ, онда тіпті ботадай боздарымыз анық. Себебі, әр күндік эфирлік уақытқа шаққанда, «КТК»-ның қазақ тіліндегі көрсетілімдері тәулік ішіндегі хабарларының 4/1‑іне, «Таңда» — 5/1‑іне, «31 арнада» — 6/1‑іне, «НТК»-да — 7/1‑іне, ал «Еуразия» арнасында 8/1‑іне тең болмақ!
Бұл не деген масқара?! Бұлардан заң талабын сұрамақ түгілі, министрдің өзі айтқандай, лицензияны бірден кері қайтарып алса да артық болмас еді. Тіпті басқаларына нақты үрей туғызу үшін, біреуін, расында да, «құрбандыққа» шалған жөн бе әлде? Жалпақшешей билігіміз ондай батыл да қатаң қадамға бара алар ма екен?
Сосын, жоғарыда айтқанымыздай, жеке меншік арналардың бәрі дерлік мемлекеттік тілдегі хабарларды таңғы 6 мен 8 аралығына, сосын түнгі 1 мен 4‑тің арасына қояды. Демек, ұйқысы бұзылған байғұстар мен түнгі қарауылдар болмаса, сол аз-кем бағдарламаның өзін көріп жатқан жұрт та шамалы. Ақыры мемлекет осы іске бел шешіп кіріскен екен, заң талабын толығымен орындатқаны жөн. Мемлекеттік тілдегі көрсетілімдердің әр арнаның тәулік кестесіндегі орны реттеліп, негізгі бөлігі ел экран алдына жиналатын көрілімді уақытта берілуін қамтамасыз ету қажет.
Мұны «БАҚ туралы» заңның 3‑бабының 3‑тармағы растайды: «Мемлекеттік тілдегі телевизиялық және радио бағдарламаларының әрқайсысының жергілікті уақыт бойынша нөл сағаттан бастап есептелетін ұзақтығы алты сағат болатын уақыт аралығындағы көлемі басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс».
Демек, таңғы 6 мен күндізгі 12, күндізгі 12 мен кешкі 6, кешкі 6 мен түнгі 12, түнгі 12 мен таңғы 6 аралығындағы әрбір сағатта қазақша хабарлар КЕМ ДЕГЕНДЕ 50 пайыз, яғни 3 сағат болуы талап етіледі. Ал қазір бізде мүлде олай емес. «КТК», «НТК», «7 ТВ», «31 арна», «Таң» секілді арналар азын-аулақ, бірлі-жарым қазақша көрсетілімдерінің өзін (негізінен ойын-сауық, ыржақай дүниелер) таңғы 6‑ға, әлде түнгі 3‑ке қояды.
Мына сұмдықты қараңыз: жүз пайыз қазақша «Қазақстанды» қоспағанда, кестеде көрсетілген қалған 10 телеарна жалпы алғанда аптасына 1482 сағат хабар таратады. Оның 1011 сағаты — орыс тілінде болса, тек 471 сағаты (яғни, 32 пайызы ғана) — қазақша екен!
Көрдіңіз бе, біздің ақпараттық телекеңістігіміздің 68 пайызы орыс тілінде игеріліп, бұрынғы метрополияның идеологиясы емін-еркін жүргізіліп жатыр. Оң-солын танып үлгермеген қаншама жас отандасымыз өзге әлемге, бөтен ділге бұрылып барады. Ақпараттық кеңістік деген созыла беретін резеңке емес шығар, оның да шеті-шегі, сұрауы, жауапкершілігі болуы керек емес пе? Бүгінгі билік өзінің осы саладағы мақсат-міндетін ұғып отыр ма?
Жарайды, шешуші күн — 1 желтоқсанға да көп қалған жоқ қой. Он бес жылдан бері қазақтың төзімін тауысып келе жатқан мәселе он бес күнде шешіле қалса, мейлі-ау!..
Источник: «Общественная позиция» (проект «DAT» № 39 (215) от 14 ноября 2013 г.