Бірақ, ескерте кетейін, бұл жазбам екі бірдей қолдың редакторлық өңдеуінен өткен соң, біраз жазуым табиғилық қасиетінен айырылып қалған сияқты. Бәлкім, солай ету керек болған шығар. Оқып көріңіздер.
Бақытгүл: Ең алдымен мен оқырмандар үшін анықтамалық ақпарат айтайын: осы 15 жылдың ішінде «ДАТ» тауар белгісімен он бір газет шыққан екен. Бұған дейінгі оны соттың әртүрлі желеуімен жабылды. Он біріншісі — «Общественная позиция» — сіздердің қолдарыңызда. Осы уақыт ішінде «ДАТ» газеттері редакциясында 119 адам жұмыс істеді. Медиа-жоба газеттері және олардың редакторлары елуге жуық сотқа тартылды. Ол соттардың бірде-бірі газеттің пайдасына шешілген жоқ. Біздің газеттерге қатысты соттар қабылдаған шағымның (иск) жалпы сомасы 800 миллион теңге болды. Газеттер үш елдің 24 баспаханада басылды. Редакция ұжымы он бес жыл ішінде 30-ға жуық офис ауыстырып, жалдауға мәжбүр болды.
Ал 90-жылдардың соңында қоғамды дүр сілкіндіріп, жарыққа шыға бастаған «ДАТ» газеті қалай пайда болды? Осы сұрақтың жауабын біздің оқырмандар біле жүрер кез келген шығар деп ойлаймын, Ереке?
Ермұрат: «ДАТ»-тың пайда болу тарихы төңірегінде жеке дара үстем пікір айтуға қақым жоқ: газеттің өкіл әкелері біреу емес — бірнешеу. Сондықтан бұл сұраққа енді бес жылдан кейін — газеттің жиырма жылдығында жауап бергеніміз жөн болатын сияқты. Әйгілі шығыстық мәнермен айтсақ, ишак пен шахтың бірін күтейік… Дегенмен, Қазақстанның баспасөз тарихында қазақ тілінде алғашқы тәуелсіз газет шығаруға мұрындық болған экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің рөлін бүгіп қалудың реті жоқ.
Бақытгүл: Ал мұндай газеттің пайда болу алғышартын айтсақ ше?
Ермұрат: Бұл арада 90-жылдардың соңында елде қалыптасқан саяси-экономикалық жағдайды, Әкежан Қажыгелдиннің отставкаға кету себебін ауызға алуға тура келеді. Ел экономикасы нарыққа көшіп, әйгілі жекешелендіру саясаты өткен соң, саяси жүйеде реформа жасау қажеттігі туды. Әлемдік экономика әдетте ашық саясатты, қалыптасқан жалпыға ортақ демократиялық қатынастарды, билік тармақтарының тепе-теңдігі жағдайындағы тұрақтылықты қажет етеді. Біздің елде ол кезде де, күні бүгінге дейін де — мұндай өркениетті саяси модельдің бірде-бір белгісі жоқ. Авторитарлық жеке дара билік елдің саяси-экономикалық өмірін тұмшалап тастады. Елдің дамуы экономикалық заңдылықтар негізінде емес, бір адамның ертеңгісін қай аяғымен тұрарына байланысты болып қалды. Доғал диктатуралық доминант дамуды мұнайдың түсіміне тіреп тастады. Соның салдарынан жиырма жылдың ішінде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 20 пайызға жетер-жетпес бөлігін ғана құрайды. Ұлттық бизнес олигархиялық капиталдың құлына айналды.
Бақытгүл: Расында, 90-жылдары жарқырап шыққан ұлттық бизнес өкілдері қазір қайда? Нұрлан Смағұлов — мегадүкендер салудан, «Райымбек» фирмасы — шырын шығарудан аспай қалды. Нұржан Субханбердин, Еркін Қалиев, Болат Әбілов, Зейнолда Кәкімжанов, Сәкен Сейфуллин, Смат Аязбаев, Қозы-Көрпеш Есенберлин, Ораз Жандосов, Марғұлан Сейсембаев сынды ұлттық кәсіпкерлер мен қаржыгерлер Машкевич пен Ким сияқты келімсек олигархтардың тасасында қалды. Бұлардың арасында Мұхтар Әбілязов сияқты қарсы шыққандар қылмыскер атанды, кейбіреуі сотты болып, тоз-тозы шықты.
Ал Әкежан Қажыгелдин үкімет басында тұрғанда, аталған азаматтардың біразын үлкен мемлекеттік қызметке тартты: Ораз — елдің бас банкирі, Зейнолла — министр болды, Мұхтар — КЕГОК-ты, Еркін — Ұлттық әуе компаниясын басқарды.
Ермұрат: Айтпақшы, 90-жылдары жекешелендірілген кәсіпорындардың 25—30 пайыз мөлшеріндегі үлесі аяғынан тұрған кезде ұлттық бизнеске сатылады деген игі жоралғыны да елдің экономикалық саясатына Әкежан Қажыгелдин енгізген еді. Кейіннен ол отставкаға кеткен соң, келесі үкіметтер ол үлесті кімге сатты — ол жабық тақырып. Бірақ жекешелендірілген ұлттық байлықтан ұлттық бизнес өкілдері үлес ала алмағаны айдай ақиқат.
Міне, ел экономикасы саяси биліктің құлына айналып бара жатқанын түсінген Әкежан Қажыгелдин саяси реформа жүргізу қажеттігін әлденеше айтты. Сол айтулардың соңы отставкаға әкелді. Ал елге саяси өзгеріс қажеттігін талап еткен азамат қоғамның санасына әсер ете алатын басылым ашуға ұйтқы болды. Осылайша «ДАТ» газеті туды.
Бақытгүл: Пәлі, сіз газеттің туу тарихын ишак пен шахты күтпей-ақ айтып тастадыңыз ғой! Ал 1998 жылдың 15 сәуірінде бірінші саны шыққан газет сол жылы 4 қарашадағы сот шешімімен жабылған екен. Айналдырған жеті айдың ішінде газет таралымы 50 мың данаға жеткені — қоғамға балама ақпараттың қажеттігінен болса керек. Ал қыркүйектен бастап, «ДАТ» газеті екі ай бойы аптасына үш рет шығып тұрғанын ескерсек, оның апталық тиражы 150 мың дана болғаны. Егер «ДАТ»-тың қолдан-қолға өтіп оқылғанын ескерер болсақ, газеттің оқырмандар саны жарты миллионнан кем болмаған сияқты.
Ермұрат: Бақытгүл-ау, әрине, өткен шақпен мақтанған жақсы-ақ қой, бірақ біздің бүгінгі өлместің күнін көрген тірлігімізге кімді сендіре аламыз?! Елдегі дағдарыстың жағдайында баспасөз нарығы тұралап қалды. Мәселен, мемлекеттік тапсырыс есебінде бюджеттен қаржыландыру болмаған жағдайда, Қазақстандағы барлық газеттер банкрот болар еді. Халыққа көтензорлықпен жаздыртатын «Егемен» де, «Казправда» да анық бір жыл жан баға алмайды. Оның бер жағындағы «Айқын-Литер», «Алаш айнасы», «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», т.б. «нұрмедиалық» басылымдар анық бір ай күндерін көре алмайды.
Ал осындай жағдайда өз күнімізді өзіміз көрген біздің 15 жылға жеткеніміз — расында да, мерекелік жағдай болса керек. Дегенмен, сен айтқан «жарты миллионға жуық» оқырманнан бізге көмек қолын созған бір адамды көрдің бе? Сол «жарты миллионның» арасында ақшалылар аз ба — басына әлдеқандай әпербақан күн туа қалса, пана тілеп, бізге келетін? Ондайлардың қаншасына араша түстік, қаншасына қорған болуға тырыстық — оның санын бүгін сен де, мен де білмейміз. Әлде біздің «жарты миллионымыз» түгелдей қоғамның кенде қалғандары ма?
Мен бұны неге айтам? Бұны айтатыным — бүгінгі біздің дәулеттілер төңірегіне тоқпейіл көзбен қарайтын сияқты. Оның жиған-тергені — жоғарыдан жарлық келсе, қаржы полициясының бір жұттық тінтуінен аспай қаларын сезбейді. Біздің бойкүйез болған байшікештер сол жұттан пара беріп құтылуды оңай санайды. Оларға азаматтық қоғамның, оның тәуелсіз баспасөзінің мықты болуы — оныншы кезекте тұрған мәселе. Қоғамның бетке басары деген байлардың деградацияға ұшырауы осындай түсініктің төңірегінен басталады. Дәулетті дөкейлер назарбаевтық-полицайлық қытымыр қоғамда өмір сүре тұрып, одан тыс қалғысы келеді.
Мәселен, Владимир Путинге қарсы ресейлік «Новая газета» неге мықты? Себебі ол газетті Путиннен «таяқ жеу» қаупі көбірек мықты бизнесмендер ашық қолдайды. Сол қолдаудың өзі олар үшін қорғану құралы. Егер ертең оларды мемлекеттік машина таптап кетуге әрекет етер болса, «Новая газета» бүкіл Ресейді «сасытып жібереді». Ал ол сасық иіс бірінші кезекте мемлекет басындағылардың мундиріне жұға кетуге бейім. Міне, осыдан барып саяси билік пен «төртінші билік» арасындағы бір-біріне басу болар текетірес туады. Мұның атын «сдерживающий фактор» — «тоқтам пәтуасы» дейді. Осы пәтуадан «бейбіт қатар өмір сүру» заңы пайда болады. Бұл — жазылмаған заң.
Мен біздің бизнес қауымдастық осындай заң қалыптастыруға тіпті де талпыныс танытпай жүргеніне налимын. Біздегі байлар мен кедейлердің ара жігі ашылып барады дегеннің бір дәлелі осы болса керек: кедей байғұста дәрмен жоқ, ал байлар өз проблемасын азаматтық қоғам арқылы емес, билікпен ауыз жаласу арқылы шешуді оңай санайды. Ал нәтижесінде билік екеуін де тұқыртып ұстап, қос сорлыны өз дегеніне көндіруде. Бұдан билік басындағы ат төбеліндей тобыр болмаса, қазақ қоғамы жуық болашақта ештеңе ұтпайды.
Дегенмен, қазақтың әрбір ауылында «Біз не көрмедік!..» дейтін шалдар болған ғой. Сөйтсе, сондай бір Зайсан тауында тұратын шалдың көргені — етектегі Тұғыл деген балықшылар ауылы екен. Сол айтпақшы, біз не көрмедік?
Бақытгүл: Ереке, әдеттегідей әзіл қыласыз-ау, әйтпесе сіздің шалыңыз бен біздің көргеннің арасы жер мен көктей емес пе?! Осы он бес жылдың ішінде бірнеше рет сотты болғаныңызды былай қойғанда, сонау революция жылдарындағыдай астыртын жағдайда жүріп газет шығарған күніміз болды ғой. Қатталған газетімізді Қазақстанның барлық баспаханасы басудан бас тартқанда, Ресейде, Қырғызстанда бастырдық — ол күндерді қалай ұмытасыз?
Ермұрат: Иә, ондай күндер аз болған жоқ… Барнаул, Орынбор, Саратов.., қырғыздың Бішкегі мен Қант қаласында басылған тиражды кеден айналып, шекара «бұзып» тасыған кезіміз болды. Қазір еске алсаң, күлкің келеді, ол кезде жанып тұрған оттың ішінде жүріппіз-ау! Назарбаевтың 60 жылдығына арналған «СолДАТ» газетін Рубцовск қаласында бастырғанымыз есімде. Газеттің 45 мың данасын беске бөліп, жалдап алған ресейлік микроавтобустармен әрбір жарты сағат сайын шекара асыра Семейге жөнелтіп жатырмыз. Ұстаса — бір бөлігі ғана ұсталсын деген ойымыз. Арғын марқұм (А.Мадиянов — «ДАТ» серіктестігінің директоры) әр көлікті күтіп алып, бірінің жүгін теміржол вокзалында, екіншісін — автобекетте, үшіншісін — қонақ үйде түсіріп алып, Алматы мен Астанаға қарай бөлек-бөлек жөнелтіп жіберуде. Қалған бес мыңды Алматыға апару үшін өз машинама тиеп, «Ауыл» кеден бекетіне келсем, бастан-аяқ қаруланған полиция мен «ОПОН» сарбаздары мені күтіп жүр екен.
«Мінгеніңіз — угондағы көлік» — дейді «тупой» түсті капитан. «Кім айтты?» — деймін мен. «Ориентировка алдық…». «Көрсет!».
Көрсетті. Қапшағай ГАИ бекетінен «түсіпті». Багажниктегі газеттің құжатын сұрады. Бердім. «Түсір!» деді. «Неге?». «Келісім-шарт жоқ, түсір!». «Керек болса, өздерің түсіріп алыңдар!». Газетті тәркілеу үшін алдын ала даярлап қойған сылтауларының түрін сезіп тұрмын.
Қаттама толтырмай жүкті түсіріп алды. Мені жібергілері жоқ. Біраздан кейін әлгі «тупойға» еріп, гражданский киінген тағы бір одан өткені еріп келді. Семейдің прокуроры екен. Маған кіжінгісі келеді: «Құжатта көрсетілгені — 45 мың дана, кеденшілердің түсіріп алғаны — 5 мың, қалғаны қайда?».
«Ит біліп пе?! Әлгінде кеденшілер мен полицейлер бөлісіп алып жатқан…» — деймін мен жайбарақат.
«Не үшін? Кімдер?». «Өтімді газет екен, базарға шығарып саттырамыз» дегендерін естіп қалдым…».
Прокурор ішке еніп кетті. Біраздан кейін кеденшісі бар, полицайы бар — төрт-бесеуі жамырап, маған жетіп келді: «Ойбай, көке, құтқар! Прокурор бізді қуырып жатыр: қалғаны қайда деп!».
«Тоқ иттің құйрығындай қоқаңдап, газетті санамай түсіріп алған өздерің, қалғанын қайда жібергендеріңді мен қайдан білейін!?». «Біздің түсіріп алғанымыз осы бес мың ғана ғой…». «Түсіріп алғанда, маған қаттамаға қол қойдырдыңдар ма?». «Жоқ…». «Ендеше, гуляйте, друзья мои!».
Ақыры не керек, сол кеденшілер мен полицайлар менің артымнан Алматыға дейін қуып келіп, «бары-жоғы сол 5 мың дана болатын, қалғаны Рубцовскіде қалған еді» деген түсінік жазып беруді жалына-жалпая сұрады. Жеп жүрген нандарынан айырылмасын деп, сұрағандарын жазып бердім. Ол кезде 40 мың тираж газет мұқым Қазақстанға тарап кеткен еді.
Бақытгүл: Бірақ сол нөмірде шыққан Кәрішал Асан-атаның «Птушник планетарного масштаба» деген мақаласы үшін бір жылға шартты түрде сотталдыңыз. Статьясы да әлі күнге дейін есімде: 318-баптың екінші тармағы — «посягательство на честь и достоинство президента РК».
Бірақ «СолДАТ» газеті 2003 жылға дейін шығып тұрды да, сізді «жалған бизнеспен айналысты» деген желеумен тағы да бір жылға соттады, бес жылға журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды. Расында, қазақстандық соттағы кезекті нонсенс болды: сізді экономикалық қылмыс бабымен соттады, бірақ журналистік қызметтен аластатты. Осының өзінен соттың әу бастағы мақсаты айқын болмай ма: билік тәуелсіз газет пен оның редакторын ауыздықтамақ болды.
Айтпақшы, сот шешімімен газет жабылғаннан кейін, редакция ұжымына нан тауып беру үшін сканворд газеттер шығарғанымыз әлі есімде. «Анау-мынау» және «Аламан» деген сканворд газеттеріміздің таралымы 40 мыңға жетті. Егер сол екі арада Жұмаш аға Көкбөрі бізге «Жұма-таймс» газетін тіркеп бермегенде, қазір біз Қазақстандағы нөмір бірінші сканворд газет шығарып жүрер ме едік? Айтпақшы, біздің бүгінгі «Датворд» — сондағы жиған тәжірибеміздің жемісі.
Айтпақшы, Ереке, газеттің осы мерекелік санын шығаруға дайындық барысында, 15 жылғы тігіндіні ақтарып отырып, мынау бір жарияланымға кез болдым (төменге қараңыз — «Біз өлімге кесілгенбіз»). Шамасы, біздің бел буған тірлігімізге осы жарияланым баға беретін сияқты.
Источник: Общественная позиция
Оригинал статьи: