Қазақтың арасына от салу саясаты бірде бықсып жанған шала сияқты, енді бірде қоздап жалындайтын құрғақ қурай сияқты, тоқтаусыз жүріп жатыр. Біреулер дос сияқты ақылын айтып, арқамыздан қағып… бірімізге бірімізді жау қылғысы келсе, енді біреулері кемшілігімізді көрсеткен болып, арам пиғылын миымыздың қуысына тықпалайды. Кейде бейшара қазақ олардың зәрін бал деп қабылдайды.
Автор: Дос КӨШІМ
Соңғы жылдары олардың көздері Қазақ елінің батыс аймағына түсе бастады. «Ойбай, батыстықтар әкімнің өз араларынан тағайындалмағандығына ашулы көрінеді»; «Ойбай, Батыс облыстардағы мұнайдың айналасындағы майлы орындарға оңтүстіктің адамдары орнығып алыпты»; «Ойбай, Батыс өзінің байлығымен бүкіл Қазақ мемлекетін асырап отыр, ал өздері аштан өлгелі отыр», т.б әділетсіздіктер сан түрлі тәсілдермен таратыла бастады. Шынын айту керек, бұл сөздердің негізінде шындық жатқандығын ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ осының артындағы тіркесі — «Батыс облыстары осы әділетсіздіктің әсерінен қазақ мемлекетінен бөлініп кетуі ықтимал» деген саяси долбар — қарапайым арандатушылық деп білемін.
Әрине, әкімдердің сол елден, сол жерден тағайындалғаны дұрыс. Бірақ біздің «вертикаль» билік жүйеміз өзінің еркіне келгенді, дұрыс деп тапқанын жасайды. Ал Қазақ халқының, қазақ мемлекетінің бұған қандай қатысы бар? Билікке өкпелеген қазақ ешқашан өз елін өзекке теппеген!
Батыста оңтүстіктің адамдарының көйбейгені де — талассыз шындық. Ал коррупция жайлаған елде бұндай болмайды деп кім айта алады? Бұған да қазақ кінәлі ме?
Батыс облыстарының, олардағы шикізат көзінің арқасында басқа облыстардың дотация алып отырғаны да ешкімге құпия емес. Бірақ сол мұнайдың жанындағы ауылдардағы қарапайым қазақтардың тұрмыс тіршілігі Қызылорда мен Өскемендегі қазақ ауылдарынан аумайтыны тағы да рас! Бұған қазақ кінәлі ме?
Кіші жүздің (жоңғарлардың қазаққа шапқыншылығы кезінде қос қос атпен мыңдаған шақырым жер тоқтаусыз жүріп келіп, Түркістан мен Аңырақайда жан алып жан беріскен ұрыста талай мыңы өзінің өмірлерін берген кіші жүздер) қазақ елінен бөліну мүмкін емес. Бұндай мәселенің қойылуының өзі — саяси арандатушылық деп түсінуміз керек. Астанадағы биліктің ойындары да, Иманғали мен Асланның батыстағы алатын орны да елдің арасын іріте алмайды.
ОТ РЕДАКЦИИ: По мнению Доса Кушима, все разговоры о сепаратизме не более, чем политическая провокация заинтересованных лиц. Руководитель национал-патриотического движения “Ұлт тағдыры” убежден, что казахи никогда не отделятся, несмотря ни на какие политические игры Акорды.
Оригинал статьи: